Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Түйешінің қызы (әңгіме)
Сырты сүйекпен өрілген кіп-кішкентай қобдиша. Осыдан жүз жыл бұрын, не сәл кейін жасалған дүние шығар. Іші қыжыммен қапталған қобдишада төрт бүктеулі хат пен дәптер сақтаулы тұр. Бұл менің алғашқы махаббатымның белгісі. Онда маржандай тізілген әріппен кіршіксіз, пәк сезімнің мөлдір сыры жазылған.
Алғашқы махаббат... Ол не өзі? Былай қарасаң, бәрі де түсінікті. Махаббаттың аты − махаббат. Бұл ұғымның еш жаңалығы жоқ. Алайда, осы сөз ойыма оралса өзімнің қонайын деген бақ құсымды өзімнің қапылыста үркітіп алғаным есіме түседі. Сол бір қателігім үшін жазғырамын. Адамның тіршілігінде өмір бойы ұмытылмайтын бір аяулы сәт болады ғой. Сондай мезеттің бірі− жаңағы қобдишада сақталуы... Осы күнге дейін сонау бір күнәсіз пәк дәуренді есіме алсам-ақ жүрегім үзіліп кетердей сазып қоя береді. Қапылыста дедім бе... Иә, солай. Солай емес-ау, бірақ...
... Ауылдың әдеті емес пе, адамның кәсібіне, ісіне қарап ат қойып, айдар тағып алатын. Ол кезде түйеші Бүркітбайдың жалғыз-ақ атынан басқа қос өркешті хайуанды көрмейтінбіз. Бүркітбай түйені арбаға жегіп алып, кес-кестете тайраңдатып, интернаттың суын таситын. Бәріміз арбаға жабыла отырып, уласып-шуласып, құдыққа баратынбыз. Ол маңғаздана қарап, күйсеп қойып, анда-санда жынын шашып, шабына қарайтын. Бүркітбай бұрын түйеші болған. Енді, тек жалғыз атанның шудасын тараудан басқа кәсібі жоқ. Кейін түйеші Бүркітбай дүние салды. Ақ атанның не күйге ұшырағаны беймағұлым. Әйтеуір, көзден ғайып болды. Сонда да біз Қаршығаны «Түйешінің қызы» дейтінбіз. Шешесі кәдімгідей қуанып қалатын. Қаршыға – ақсары, жұқа өңді, көңілді, бар мінезі өзіне жарасатын, сүйкімді қыз еді. Екеуіміз он жыл бойы жұбымызды жазбай бір партада отырдық. Үй-ішімен де араласып, өз баласындай бауыр бастым. Әке-шешесінің көзінше әзілдесіп, еркелей беретінбіз.
Кенжесі әрі өзге ұл-қыздары жеке үй болып отауын бөліп әкеткен соң қасындағы қалған жалғыз қызы болғандықтан ба, Қаршыға еркелеп өсті. Оның айтқанын әке-шешесі екі етпейтін. Бірде, жаңа жыл елкасына қысты күні сонау бөлімшеден уелосипедпен осында келдім. Кластастармен келіскен уәдеміз солай. Уелосипедтың дөңгелегі қарға илектеніп, зықымды шығарып кешқұрым орталыққа әзер жеттім. Қай үйді маңайлап есігін қағамын. Шет жақтағы интернаттың бір бөлмесіне уақытша орналасқан трактор жөндеушілердің арасына қона кеттім. Олар көк түтінге көміліп, қарта ойнап, таң атқанша керілдесіп жатты. Мен төс қалтамдағы қос бет қағазды біреу ұрлап алатындай қысылып жаттым. Онда менің жүрегімнің лүпілі, уыз махаббатымның тілеуі жазылған. Ертең ауыл шетіндегі «Шоқтеректің» түбінде кездесіп, Қаршыға оны Фатимаға табыс етпек. Сол бір кездесуді ойлаған сәтте жүрегім лүпілдеп қоя берді... Талығып бәріп ұйықтасам керек, біреу жұлқылап әзер оятты. Көзімді уқалап қарасам түйеші Бүркітбай ата.
− Қалқам-ау, мұның не, көк түтінге көміліп жатсың. Сені аясашы мыналар. Тұр қалқам, үйге барайық,- деп мені мәпелей оятып, өзі ыбырсыған темекінің тұқылы мен күлін, бос шөлмектер шашылған бөлмені жиыстырды.
Ол кісі асхананың суын тасиды әрі интернаттың күзетшісі. Өзіне қатысты болмаса да, әйтеуір, интернаттың шашылған дүниесін жинастырып, айналасын сыпырыстырып, әр балаға қамқор боп, бәйек қағып жүргені.
Қаршыға екеуіміз Бүркітбай атаның үйінен шығысымен бірден Шоқтерекке беттедік. Қарсымыздан Фатима да көрінді. Үш күн бойы алабұртып, түн ұйқымды бөліп, сан көшірген ғашықтық хикаямды таңертең Қаршығаға бердім. Бұрын тай-құлындай тебіскен, тәмпіш танау Фатима маған ертегідегі тоғыз қабат шымылдықтың ар жағындағы үрдің қызындай көрінді. Әйтеуір, сенетін бар медетім − Қаршыға. Фатиманың ойында еш нәрсе жоқ сияқты. Бізді қағыта қалжыңдап, асықтай иірілді. Әр қылығы сүйкімді, жүрегімді шымшиды. Кәкпір бет Құсан мен Қаршыға қар лақтырысып ойнап асыр салады. Мен үнсізбін. Фатима ары-бері қағытып еді, кірерге тесік таба алмай қиналдым. Іле мені тастап, ана екеуінің ойынына араласты да кетті. Сілесі қатып, әбден шаршаған соң үшеуі қайтып келді. Қаршыға Фатиманың қолына хатты беріп, Құсанға бірдеңе деп сыбырлап, екеуі кетіп қалды. Бетім жалын шарпығандай дуылдайды. Дүние шыр айналып, тынысым тарылды... Мен аңсаған, қиялдаған таңғажайып махаббат... Бар ғұмырымның бақыты, тағдыры қазір шешілмек. Фатима оқып шықты да, төртке айырып жыртып, қардың бетіне лақтырып тастады да:
− Ұятсыз! - деп бұрқ ете қалып орнынан тұрды.
Сол беті ешкімге қарамастан ауылға беттеді.
Намыс қысып, көзімнен ыстық жас ыршып кетті. Мынау дүние қызықсыз, сұрықсыз, мәнсіз көрінді. Енді, әркімнің мазағына қаламын, оған қалай төзіп шыдарсың. Әлде басқа мектепке ауыссам ба екен... Жанарымды көтерсем Қаршыға ақ теректі құшақтап, маған қарапты да қалыпты. Оның да жаны күйеді ғой, жылап тұр ма. Менің өзіне қарап тұрғанымды аңғарды да, қарды уыстап бетін жуды да жүгіріп келіп жердегі жыртылған хатты жинап, қалтасына салып алды. Алшаң-алшаң басқан Құсан:
− Ой, осы кертік мұрын, торсаңдаған қыздың несін ұнатасың? Кетсінші әрі бұлданбай... Егер мұғалімге айтсыншы осыдан, - деді кіжіңдеп.
Олар қанша жұбатқанмен де көкірегіме түйдектелген ыстық жалын астан-кестең төңкеріліп, бетім дуылдап, тұла бойымды діріл биледі. Талай түнгі қиялымның күлі көкке ұшып, құлазыдым да қалдым. Кешкі балмаскарадқа қарамастан жаңа жауған қарды омбылап, уелосипедімді сүйретіп, бөлімшеге тарттым. Интернаттың алдында мені шығарып салған Қаршыға мен Құсанға тіл де қатпадым.
Өшімді жолдың сорабынан алатындай егесе омбылап, дөңгелекке жентектелген қарды ызалана теуіп, алға ұмтылдым. Бойымды түсініксіз күш билеп, булықтырып барады. Қайқаңнан терлеп-тепшіп әзер көтерілдім. Еңіске қарай уелосипедке мініп ем, он қадам жүрмей дөңгелекке қар сіресіп қалды. Біресе, тайғанақтап барып құлап түсемін. Ауылдан үш-төрт шақырым шыққанда әбден сілем қатып, балтырым қалтырап, жүруге шамам келмеді. Аяғым көтерілмейді. Сәл тыныстап ем, тер қатып, су киім етімді қари бастады. Уелосипедті жолдың шетіне лақтырып тастадым да жаяу аяңдадым. Кешкі аяз етімді темірдей қариды. Қас қарайған сайын үрей де билеп, ілгері басқан аяғым кейін кеткендей сезіледі. Қысты күні қасқыр ен даланы жортып, жылқының үйірін, жемтігін іздейді. Жалғыз адамды қамаласа... Бағанағы қыстығырылған қорлық та, өкініш те ұмытылып, қалайда енді жақын жердегі қыстауға тез жетуді ойладым. Аяғымнан әл кетіп, тәлтіректей бастадым. Кенет арт жағымнан қысқы түннің өзегін тіле шыққан адамның дауысы естілді. Тұяқтың дүбірі шықпаса да шананың табанының сықыры анық шалынды. Тықыр таянып, қарайған көлеңке жақындай түсті. Өркеші екі жаққа теңселген түйе тайраңдай жортақтап, қасымнан өтіңкіреп барып тоқтады. Ақ атан, түйеші Бүркітбай, Қаршығаның әкесі:
− Ей, бұл қайсысың? Бері кел, - тісім-тісіме қарысып, жағым ашылмайды.
Қылтам қалтырап, қуанғанымнан орнымнан қозғала алмадым. Жүгіріп келіп мені қаумалай көтеріп, шанаға отырғызды. Тонмен орап, бетімді қармен ысты. Уелосипедтің қауқиған дөңгелегін байқап қалдым.
Мені әбден қымтаған соң өзі нығырлана отырып, түйенің делбесін қақты.
− Көс, жануар, көс... Қи, баламысың деген... Шайтан арбаның өзін сүйретпесең, ол сені мына қалың қарда қалай сүйретеді. Менің де сендердің ауылдарыңда жұмысым боп, һы, ие... Ертерек білсем, . . Һы, ие... Көс, жануар... Шіркін, малдың майпазы ғой, қарашы...
Түйенің майпаңдаған ырғағымен шана оңға-солға кезек ырғалып, зулап келеді. Бейне өрден төмен құлдилата шаңғымен зулағандайсың. Түйеші шал мені осылай үскіріктен аман алып қалды. Бөлімшедегі жұмысын бітірді ме, білмедім. Біздікіне бір түнеп, ертеңінде қайтқан. Содан бастап Қаршығаны «Түйешінің қызы» дейтінмін еркелетіп. Фатимаға ынтық көңілім қыстың шолақ қылауындай оқыс алабұрта лүпілдеп, тез басылды. Кейін бәрі ұмытылып, ол сәтті күліп еске алатын болдық.
Міне, университеттің кезекті курсын бітіріп, жазғы каникулда ауылға барғанда, бірден тура сол үйге тарттым. Себебі біздің бөлімше әлі алыс. Құрбы-құрдастарымды сағынып та қалып ем. Аулаға кіре бергенімде Қаршыға жүгіріп шығып, құшақтай алды. Өңі бал-бұл жайнайды. Қаттырақ қысып бетінен сүйдім. Ала бұрта қызарып кетті. Осы әдеткі мінезіне балап, өзіме тартып тамағынан иіскедім. Жүзіне күлкі үйрілген Қаршыға лезде өзгеріп, ақырын ғана кеудеме басын төсеп сәл тұрды да, нәзік саусағымен кері итерді. Несіне қысылады, тәйірі. Қаннен қаперсіз самбырлай сөйлеп, мойнына аспалы сумкамды іле салдым.
− Міне, «Түйешінің қызы», көтер, қане... Ынжын шайы. Апам қайда?
Ол қолын кеудемнен алмаған күйі көйлегімнің омырау түймесін шұқылап тұрды да байыппен:
− Біз сені күттік... Мен күттім, әсіресе, - деді де ойнақы мінезіне оралып, жанары жарқылдап шыға келді, - не, сенбейсің бе. Міне былай, - бетімнен шөп еткізді де үйге жүгіре жөнелді. Кішкентай жұқа ернінің ыстық табы бетіме мөрдей басылды.
− Ой, қу қыз-ай, ерніңның бояуын жақтың ғой.
Маған назар да салмады, әндеткен күйі ішке кірді. Есікті аша бере-ақ сыңғырлаған күлкіні естідім. Айнаның алды үйірілген қыз. Бірі шашын тарап, бірі көйлегін сипалап жасануда... Бәрі маған тұра ұмтылды. Бірге оқыған қыздар емес пе, маза берсеші. Қайдан ғана жинала қалған. Әйтеуір, Үриә шешенің арқасында әзер құтылдым. Ол кісі айналып-толғанып болғанша Қаршыға зыр жүгіріп жүріп, столды ортаға тартып, дастарқанды жайып та үлгерді. Мені кекетіп, тексеріп, әбден мазамды алды, зықымды шығарған қыздар балға үйрілген арадай дуылдайды. Бұрын да дайындықтары бар тәрізді, ақ көбікті шампан да бой түзеді. Қаршыға қолымнан ұстаған күйі төрден бір-ақ шығарды.
− Жә, қойыңдар, қыздар, соншама үймелеп. Отыр... Бүгін үлкен жаңалық бар. Тура сәтінде келдің. Ой, қуанғаным-ай...
− Көрініп тұр, тегін жүрмегенің...
− Соны айтам, құлпыруын қарашы өзінің...
− Жарас, бағың бар жігітсің-ау, сірә. Бізді де ұмытпасаңшы.
− Ей, неге үндемейсің? Қаланың сылқымдары сығымдап, сілікпеңді шығарған-ау...
Төргі бөлмеден малына қалыңдықтың киімін киіп Фатима шықты. Аһыласып-уһілесіп, қыздар көбелектей көлбеңдеп, соның қасында ұзақ жүрді. Қаршығаның өзінде ерекше толқығандық белгі бар. Тең құрбысының ұзатылуы оған да әсер еткен бе, білмеймін. Әйтеуір, әдеттегісіндей ұшып-қонып, сықылықтап күлмеуін мен соған жорыдым. Көңілін сергіткім келіп:
− Ал, «Түйешінің қызы», сені де осылай Жібекпен көмкеріп, ұзатып саламыз. Содан біз барғанда, қане, қалай шай құйып бересің, - деп кесемді бейне бір осы үйдің қожайыны сияқты дөңгелете шиырып жібердім.
Жүзін қызыл нұр жуып өтті.
− Е, бақытты болыңдар. Екеуіңнің қызығыңды көрсек, арман не? - деп деп Үриә шешей шайды демдей берді. Қыздар күлімдеп жымың-жымың қақты.
− Қойыңдаршы қыздар. Апа, біз Жарас екеуіміз доспыз, - Қаршыға қабағын төмен салып, жасып қалды, жанарына мұң ұялағандай.
− Ұйбай-ау, қас деп отырмын ба. Жарайды, осы менің отырысым не, ескі сынадай қағылып... Ал, өздерің құйып ішіңдер, - деп Үриә шешей орнынан көтерілді.
Сол сәттен бастап мен бұрынғыдай еркінсіп сөйлеген сайын Қаршыға кірпігін төмен салып, әр сөзіме қысыла жауап қайырды. Сөйтсем ол ұзатылған Фатимамен бірге көрші ауылға қыз жолдас болып барады екен.
Той үстінде Қаршыға менің иығыма басын сүйеп отырып жеңіл күрсініп қойды. Қанша айтқанмен құрбы қызы емес пе, оңай ма оған да. Енді Фатима мүлдем басқа өмір бастайды. Сәл көз жазса құрақ ұшып іздейтін дәурен мәңгілік қайтып оралмайды. Әнді де селсоқ тыңдайды. Бірге өскен құрбы-достың ортасын сағынып көріскендіктен де судағы балықтай еркін жүзіп, таңның сыз бергенін де байқамаппын. Қаршығаны іздеп төргі бөлмеге кірсем бұрышта жападан жалғыз теріс қарап, жылап отыр. Іштей аяп кеттім. Бұрын өзім аңғармаған әлде бір сезім жүрегімді керней шымырлап кетті. Қаршыға көзінің жасын сүртіп:
− Жүр, сергіп келейікші, -деді. Таң.
Қолтықтасып ауылдың шетіндегі «Кемелдің Шоқтерегіне» барып, ұзақ әңгімелестік. Басымызды түйістіріп алып, бала кезіміздегі қызықтарымыз: құрбы-достарымыздың тәтті қылықтары, олардың мектептегі махаббаттары, менің сегізінші класта қызға жазған хатымды Қаршығаның қалай апарып бергені... Еш нәрсе де ұмыт қалмады. Бірақ мен де, Қаршыға да тосырқап, ішімізге әлде нені жасырып отырмыз. Егер, бұрынғы кез болса:
− «Түйешінің қызы-ау» бетімнен сүйші, - дегенімде қылмың қағып, даусын құбылта:
− Қане, келе ғой... - деп шөп еткізіп сүйіп алар еді.
Ал қазір сол еркіндіктен неге айырылып қалдым. Бір сұрақ көмейге тастай тығылып, түйіліп тұр. Апырмау, маған не көрінді? Оп-оңай сөзіміз үйлесуші еді ғой. Неге кібіртіктеймін? Қаршыға маған сүзіле қарап, иығыма сүйеніп:
− Айтшы, Жарас, сүйген қызың бар ма? Тек, жасырма, шыныңды айтшы, - деді байыппен - сенен өтінем алдай көрмеші...
Жүрегім лүп ете қалды. Не деймін. Әлде әзілге сүйеп:
− Болады ғой, құдайға шүкіршілік. Анда-мұнда- барлық жоғары оқу орындарының атын айттым, - тіпті, өздері сөз салады.
− А, солай ма, - ойланып жанарын төмен салды. - солай де. Сен қалжыңдап тұрсың. Соның ішінде өзің сүйген, шын сүйгенің бар ма? Мен сенен бұрынды-соңды сұрағаным жоқ қой. Шын бақытыңның сол екеніне сенесің бе? - деді.
Жауаптан тез құтылғым кеп: «Ол − сенсің, сен емессің бе» - дегім келді де, тосылып қалдым. Таңырқай бетіме қарады.
− Ия. Бар ондай қыз. - Ол бір сәт таң нұрымен алаулай қызарып кетті.
− Жүр, үйге қайтайық. Шешем күтіп қалар. Жолға жиналуым керек әлі.
Дәл осындай мұңайып, жабырқаған Қаршығаның мінезін тұңғыш көруім. Маған да ауыр тиді. Сергіткім келеді.
− Мен білсем − сен ғашықсың. Өзің айтшы, кімге, а?
− Иә, ғашықпын. Кімге боушы еді, жігітке... Мына сен сияқты.
− Тура мен сияқты ма?
− Тура сенен аумайды.
− Көзі де ме?
− Көзі де.
− Мұрны да ма?
− Мұрны да.
− Иә, шашы, бойы, жүріс-тұрысы, сөзі, күлкісі, дауысы... Бәрі де.
− Айтшы өзің, мен білмейтін сенің қандай сырың бар осы?
− Қайтесің бәрін сұрап. Бар болғаны да.
− Па, шіркін-ай, айт, кәне, әйтпесе... Бетіңнен сүйіп алам.
− Әлі бала сияқтысың, Жарас. Түсінбейсің бе онсыз да. Бәрін кейін... Мен кеткен соң білесің. Әйтеуір, сені көрдім... Сөйлестім. Кешір, достығымыз адал. Бірақ, сенен өмір бойы жасырған бір сырым бар еді. Оған сенің кінәң да, жазығың да жоқ. Бәрін кейін білесің... Мен ол жақта ұзақ аялдап қаламын ба деп қорқам.
− Тіпті ұзақ па?
− Иә, тіпті ұзақ.
− Ой, каникул бітіп қалады ғой. Сен оныңды қой... Әйтпесе, апаға айтам, мына қызың сізден ұрланып күйеуге кеткелі жүр деп, жібертпей қоямын...
Ол тоқтап, менің бетімді қос алақанымен сипай қысып, бір түрлі ересек қалыппен, қоштасқан, қимаған адамдай мұңайып, өзіне тартты... Ып-ыстық ерні ерніме тиіп, жып-жылы демі бетімді шалды. Қыса түстім, сол сәт үзілмесе екен деп тіледім... Көрші үйден малын өріске шығарған әйелдің дауысы естілді. Қаршыға бойын жиып алып, таң шапағына ерігендей албырап, нәзік саусағымен ернімді басты. Сәлден соң:
− Сен Фатиманы шығарып салуға келмеші. Өтінем. Бақытты бол сүйгеніңмен. Қош... Қош бол, Жарас, -деп өкшесін көтере сүйіп алды да, бетін басып үйге жүгіре басып кіріп кетті.
Абдырап ұзақ тұрып, терезенің алдындағы өзіміз күнде шүйіркелесе әңгімелесетін дөңбекке отырдым. Іштен солқылдап жылаған Қаршығаның дауысы, Үриә шешейдің жұбатқан жұмсақ үнін естідім. Жүрегім тіксініп, бір өзгерістің боларын сезді. Шынымен... Табалдырықтан аттауға батылым жетпеді.
Арада апта өткенде Фатиманың ұзатылып кеткен жұртына Қаршығаның да келін боп түскені туралы хабар жетті. Сендім де, сенбедім де... Бөлімшеге келген жүк машинасымен орталыққа жеттім. Шын екен. Өкінгенмен не пайда. Оның өзі қалаған, көңілі жарасқан жігіті емес пе. Кетердегі мінезі мені, біздің арамыздағы достығымызды қимағандықтан шығар... Тек, сол қимастық сезім ғана болды ғой. Дал ұрып, еңсем түсіп келе жатқанда Үриә шешей қарсы жолығып, қанатын жая ұмтылды.
− Жарас... Не болды. Әлгі қу қыз кетіп қалды. Сені жерге қаратты-ау. Екеуіңнен бақыт тілеп ем... Қайтейін... Әйтеуір, өз еркі екен. Жүр, жаным. Саған аманаты бар. Хат жазып кеткен. Әй, қу жүрегім сезіп еді... «Жарас... Жарас» деп көз жасын тыя алмай кетті. Қайтсын, қия ма... Ойыншық пен қуыршақты бірге ойнадыңдар, бірге өстіңдер. Жүр үйге... Мені жалғызсыратпа, - деп көшеден үйге жетеледі.
Асығып-үсігіп, шайды қойып, дастарқанды жиып жүріп, қызыл торғынға оралған кішкентай қобдишаны маған берді. Ішінде үш-төрт былғары тысты дәптер, бетінде бүктелген ақ парақ қағаз жатыр. Қолым дірілдеп, қатпарын әзер аштым...
«Мен сені сүйем, өмір бойы сүйіп өтем, Жарас! Достығыңды адал сақтап, аялай білгеніңе рақмет. Бірақ жүрекке әмір жүре ме... Мен сені сүйе жүріп, сол аяулы сезімді ұзарта түскен достығыма сүйінем. Менің сенен жасырған сырым осы еді. Соңғы рет өзіңді көріп, әлі де үміттеніп ем, кейде сен де мен сияқты әдептен аттай алмай, шын сырыңды жасырғандай көрінетінсің. Қателесіппін. Сұрағаныма айып етпе. Неткен аңқаусың, неткен адалсың. Сүйген адамыңның бар екенін білген соң, тым құрыса сездірейін деп, өзіңді нұсқасам: «Мүмкін мен шығармын» деп қарап тұрсың. Аңғал досым-ау, мен сені сүйетін ем ғой. Өмір бойы сүйіп өтемін... Менің бұл ғашықтығымды айып ете көрме. Жасырып қала алмаймын. Осы жолы сенен көз жазсам, қайтып көрмейтінімді біліп, сондай асыға күтіп ем. Сенің бір ауыз сөзің бәрін де шешетін еді. Менің бақытымды да, болашағымды да... Егер, айтпасам, өмір бойы өкінетінімді, маза бермейтінін біліп, әдейі жазып отырмын... Мен сені сүйдім, сүйіп өтем. Ешкім де сезімді жүрегімнен жұлып ала алмайды. Тек таза, адал махаббаттың болғанын сен білуге тиіссің. Сол сезімді өмір бойы аялап, әйтеуір, қайда жүрсең де, мені сүйген, тілеуімді тілейтін бір қыз, иә, «Түйешінің қызы» бар деп жүрерсің... Мынау менің күнделігім, сен туралы күнделігім... Өзім болмасам да, сен туралы барлық сезімім төгілген дәптер сенімен бірге жасасын. Пәк махаббатымның белгісін білдірсін. Ең алғаш сенің сегізінші класта осы Фатимаға жазған хатыңды өзіме қалдырып, оған көшірмесін беріп ем. Сондағы сөздің барлығы, тек маған арналған сияқты еді. Қызғандым. Қызғана отырып, сенің алдыңда достығымды өмір бойы адал сақтауға, өз махаббатымды білдірмеуге ант бергем. Сол кезде-ақ сені шын сүйгенімді, алғашқы әрі мөлдір махаббатым сен екенін білгем... Қайтейін. Есіңде ме... Фатима хатыңды жыртып тастап, кетіп қалғаны. Сен басың салбырап, ұнжұрғаң түсіп, сондай аянышты күйге түскенің... Мен сенің бүкіл қиялыңның көкке ұшқанын жақсы түсіндім. Өйткені менің де көңілім астан-кестеңі шығып: «Шіркін, осы хат маған жазылса ғой... Маған...» - деп қыстығырылып, Фатиманың жауабына сенен бетер қиналып теректі құшақтап жылап тұрғам. Сен сондай аянышты едің. Кенет хаттың көшірме екені ойыма түсіп, жүгіріп барып қалтама салдым. Сен оған назар да аудармадың.
Ол күні сен ешкімді де, еш нәрсені де көзіңе ілмедің. Бар асыл ойың, сезімің булығып, мені елемедің де. Сен тіл қатсаң сені құшақтай алып, өзім-ақ сырымды ашатын ем... Уелосипедіңнің дөңгелегінің шабағына қар илектенгеніне қарамастан ауылдан алыстап бара жаттың. Сенің жете алмайтыныңды, үсікке шалынатыныңды интернаттың қабырғасына иығымды сүйеп, соңыңнан қарап тұрғанда есіме түсіп, үйге тұра жүгірдім... Ақ атанды қорадан шығарып, шанаға жектім. Бұрқылдаған атанды сипап «Жылдам жете көр, ол менің досым... Тез...» - деймін. Сені өзім құтқарып, бөлімшеге жеткізбекпін ғой. Әке-шешем ойыма келмепті... Олар әзер дегенде мені көндіріп, әкемнің өзі кетті. «Менің жібергенімді айтпасаң ғана!» Шартым осы болатын. Өркеші теңселіп, ақ атан шананы зулата жөнелгенде: «Тездет... Ол мүмкін адасып кеткен шығар» - деп дегбірім таусылып, таң атқанша ұйықтай алмадым. Түсімде сен қасқырмен алысып жүрсің. Мен көмекке келіппін... Ақ атан біреуін тартып тастапты. Әкем, бишікпен сабайды... Қойшы ертеңіне әкем келгенде көңілім орнына түсіп бетінен сүйіп алдым. Ақ атанмен де өзімше сөйлестім. Үйге кіргенде:
− Осы екеуі бір-бірін, әкем-ау, осындай жақсы көреді. Талай бірге өскен ұл-қызды көріп ек. Ержеткесін бойын аулақ тартушы еді. Ал, мыналар, егіз адам сияқты. О, тәуба, қызығын көрсете гөр. Адалдықтарыңнан айналса нетті. Жарас та жанын үзіп береді Қаршығаға... Біздің қыз соны шын ұнатады-ау, осы, байқайсың ба? − деген сөзін естідім шешемнің.
Әкем:
− Жә, бала емес пе, - деп тыйып тастады.
Бетім дуылдап, ұрлығым ашылғандай, қатты қысылдым. Шешем қалай біліп қойды... Енді, байқап, ойымды сездірмеуге уәде бердім. Сол уәдемді әлі бұза алмай жүрмін. Шіркін, сен білсең ғой... Соны аңғартпас үшін сені көргенде өзімді еркін ұстауға тырысамын... Кейде өзге қыздардан қызғанып, жаныңа барып еркелеймін... О, Жарас-ай... Сенің Мәжит пен Рымкештің қайғылы оқиғасына күйінгенің де, ол ересек кезіміз ғой, сені бұрынғыдан да, қатты, шын жүрегіммен, ақылыммен сүйдім. Оқуға түскенде керемет қуандым әрі өкіндім. Ауыл мен үшін құлазып қалғандай... Сен мені түсінесің бе? Қашан? Каникулға келген сайын бір жылы лебізіңді күтем... Қанша жыл? Көз жасы тасты да ерітеді дейді. Қашан ерисің, қашан? Қашан?... Қашан?... Егер, түбінде сол сөзді еститінім анық болса, өмір бойы күтер ем... Ақырғы демім біткенше... Онда да: «Түйешінің қызы-ау» деп бастаймысың...»
Көз алдым тұманданып, кірпігіме жас іркілді. Қалың дәптердің тысын сипалай бердім. Іші-бауырым егіліп, жан дүниемнің ең асыл бөлшегінен, қимас бейнеден, күні кеше ғана еркін ойнап-күлген, бейуаз, мүбәрак сезімнің ғайыпқа айналып, мәңгілік қош айтысқанын білдім. Қаршығаның көбелектей ұшып-қонып жүргені, сыңғырлаған күлкісі, оймақтай ернінің ыстық табы, жылы демі елестегенде жастықты құшақтап жылап жібердім. Кеудемді кернеген өксік тамағыма қыстырыла тығылып, даусым шығып кетті. Қасыма келіп маңдайымнан сипаған Үриә шешейден де қысылмадым. «Апа» - деп құшақтай алып, тізесіне басымды қойып, егіле жыладым... Ол кісі көзіне жас алып, жұбатқан сайын көңілімнің көбесі сөгіле берді.
− «Түйешінің қызы-ау», мен де сені сүйетін едім ғой, - деймін қыстырылып, - «Түйешінің қызы-ау», сүйетін ем ғой, сені де». Іштей булыға өз деміме тұншықтым. Махаббат деген осы ма. Қалай аңғармадым. Жоғалтқанда, айрылғанда ғана сезіле ме. Көңілімнің кіреукесі сөгілді ғой... Бақ құсымды өз қолымнан ұшырдым. Неге сезінбедім. Мен оны өмір бойы жанымда, жүрегімде сақтадым. Бірақ сүйіспеншілік пе, махаббат па, ажыратпаппын. Ол менің бөлінбейтін бөлшегім, ең асыл сезімім екен ғой. Алғашқы мүбәрак махаббатым... «Түйешінің қызы», соның бәріне қалай шыдап жүргенсің. Осы уақытқа дейін сен азап шексең, енді қалған өмірімде мен сені ойлап, мәңгі өкінішке оранамын. Өзімді, тек өзімді, сенің жан құпияңды түсінбеген өзімді кінәлаймын. «Түйешінің қызы», қош... қош... »
Сол түні жастықты бауырыма басып, ұзақ таңға өксігімді баса алмай жатқан менің де жасым он сегізде-ақ еді. Он сегізде. Көрші бөлмедегі Үриә шешей де таң атқанша күрсініп шықты.
Қазір көше де серуендеп, қар лақтырысып жүрген немесе еш алаңсыз сыңғырлай күліп, қолтықтасып бара жатқан уыздай жас бозбала мен бойжеткенді көрсем, сол бір ақсары, көңілді, сүйкімді қызды елестетемін. Жүрегім сазып, белгісіз ыстық жалын өзегімді дызылдатып, шым-шымдап шымшиды. Ондай сәтте кішкене қобдишаны ашып, хаттарды оқи бастаймын. Жан-дүнием дәл сондағыдай егіліп қоя береді. Сол сәтте ақсары қыздың да, өзімнің де бақытымды байқаусызда үркітіп алғандай сезінемін.