"Жеті атаға дейін үйленбеу, жөн-жосықсыз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау" туралы хан жарғысын жаңғыртсақ қайтеді?

АҚШ-тың Ұлттық географиялық қоғамы 200-ге тарта мемлекетті нысанаға алып, әр елдің тұрғындарының суреттерін сарапқа салып, қазақстандықтарды ғаламшардың ең әдемi халқы деп таныған.

Сарапшылар Астана мен Алматыдан түсірілген 100-ге жуық фотосуретті назарға алған екен. Сонымен қатар ғаламтор арқылы бұл сауалнамаға қатысқан әлемнің 3000-ға жуық тұрғынының басым бөлігі қазақтарды ең сұлу ұлт деп тапты. Зерттеу тобының төрағасы Даллес Скули: «Бұл – сирек кездесетін тәжірибе. Өйткені фотосуреттерді танымал желі Facebook-тегі қарапайым халық бағалады. Сондықтан да біз халықтың борандай ұйытқыған бағасының астында қалдық. Олардың бағалары да әртүрлі болып отырды.
Бір суретті біреулері «тартымды», «жағымды» десе, енді біреулері тіпті «қатардағы», «жағымсыз» деп бағалап жатады» деп жауап беріпті. Зерттеу бойынша 4,67 коэффициентті дауыс жинаған қазақтар көш бастап, 4,63 коэффициентпен бразилиялықтар екінші орынға жайғасқан. Одан кейінгі орындарды 4,11 коэффициентпен кубалықтар, 4,02 коэффициентпен итальялықтар, 4,02 коэффициентпен испандықтар бөліскен.
Отандастарымыздың көркі Жаңа Гвинея тұрғындары мен Еуроодақ елдерін қатты тамсандырса керек. Азияның оңтүстік шығысындағы елдер де жерлестеріміздің әдемілігін мойындап, интернетке өз үндерін қосқан.
Қазақтың жеті ата ауыспай қыз алып, қыз беруге тыйым салған дала заңына бүкіл әлем таңдана, таңғала қарады. Шамасы келгендері қазақтың қызының құлағына сырға салып, әлемдегі ең «самородный» таза қан арқылы тұқымының көшін түзетіп алғысы келді.
Мысалы, АҚШ-тағы таралымы әжептәуір орыс тілінде шығатын «Новый мир» газетінде Брук Смит деген АҚШ азаматы 2012 жылғы қыркүйек айындағы нөмірінде жалғыз ұлының 1996 жылы қазақ қызына үйленгенін былай деп суреттейді. «Мен қазақ деген ұлт жайлы бұрын естімеппін. Келінімнің өтінішімен Қазақстанға барып қайттық. Маған қазақтар шетінен бір-біріне қатты ұқсайтын сұлу ұлт болып көрінді. Қазір екі немерем бар. Немерелерімнің біреуінің атын қазақтардың құрметіне Камилла деп қойдық».
Одан әрі Брук Смит немерелерінің америкалық ұлтқа ұқсамайтынын және мұндай «құдалықтар жалғаса берсе, алдағы жылдарда АҚШ-тың жаңа тұрпатты азаматтары пайда болатынын айтып, оқырманын қуанышымен бөлісуге асыққан.
Мұхиттың арғы жағындағы азаматшаның біздің қазақтарға деген ала-бөтен ықыласының астары бар. Себебі қазақтың сыр-сымбаты кеше де, бүгін де әлемде талай мен дегендердің көзінің жауын алды. Күні кеше ғана өзіміздің Сәбина Алтынбекова 1,5 млрд қытайды таңғалдырса, сол Қытайда тағы бір қандасымыз қалың елді мойындатты. Күнбике есімді қазақ қызы жуырда өткен бүкілқытайлық қыз сыны байқауының бас жүлдесін иеленді. Бұл дәстүрлі байқау Қытайды мекен ететін 56 ұлт өкілі арасында өткізіледі. Демек, 56 ұлттың ішінде қазақтың сұлуы топ жарып шықты.
Қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің пайымдауынша, қазақ ұлтының сұлулығының толған айдай толықси түсуіне тәуелсіз қазақ елінің азаматы атандық деген көңіл күй, заманауи косметика әсер етті. Дегенмен қазаққа ғана тән сұлулыққа ел ішінде де, сырттан да төніп тұрған қауіп бұрынғыға қарағанда еселеніп кетті. Соңғы 20 жылда алыс-жақын шетелдерге 20 мың баламыздың сатылып кеткені де, қазақ қыздарының шетелдіктермен бас қосып жатқаны да біздің қанымызға әсер етпейді. Себебі олардың қазақтығы өздерімен бітетін топ, олардан туған толқын ешқашан қазақ болып саналмайды. Ең басты – қауіп өз ішімізде. Бірінші қауіп – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар. Олардың аты-жөні қазақша болғанмен, оның затын, руын түгендеп жатқан ешкім жоқ.
– «Жеті атасын білмеген жетесіз». Жеті атасын білмеу – баланың кінәсі болса, әкенің күнәсі. Ал жеті атамды білдім деп, жеті кісінің есімін тізбелеп бергеннен не қайыр? Жеті атаны білу дегеніміз – жеті атадан бері келе жатқан өнеге мен өсиетті, ата кәсіп пен аталы сөзді, олардың өмір сүруін, өмір сүрген дәуірін, яғни кемі (әр атаны 25 жылдан есептегенде) 175 жылғы ұлттың тарихын білу деген таным емес пе? Қазір балалар үйінде демалып жатқан жетімдердің 70 пайызы – қазақ балалары. Біз олардың тегін білмейміз, руын білмейміз. Күні ертең олар отбасын құрар кезде өзінің бауырымен бас құрап қалмайтындығына ешкім кепілдік бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, қызмет бабымен отызды орталап, қырықты желкелеп барып, өзі үшін бала табуға шешім қабылдап жатқан қазақ қыздары баласына әкесінің емес, өзінің тегін береді. Бұл да – үлкен індеттің басы. Бала әкесі көргенсіз болса да, өз тегін алуы керек. Мұны ер-азамат қана емес, баланың анасы, тіпті қыздың әке-шешесі өз жауапкершілігіне алуы тиіс. Бұл – дала заңы, бұл – баба заңы, – дейді Жарасбай Сүлейменов.
Шынын айту керек, біздің қазақ қоғамында бұл бағытта қандай зерттеу жүргізіп жатқанынан біз бейхабармыз. Десе де, әлемнің кейбір елдерінде оған ерекше мән беріп қарап келеді. Мысалы, сырт кейпі ғана емес, тұрмыс салты бізге ұқсастау келетін жапон ұлтында қаны бір немере туыс немесе бөле, нағашы жиендердің бір-бірімен үйленуін қолдамайды. Өткен жылы Түркия ұлттың қанын тазалау мақсатында мемлекеттік бағдарлама қабылдап, ел ішінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Себебі ол елдің қалталы азаматтарының балалары арасында соңғы жүзжылдықта байлығымыз өзгеге кетпесін деген ниетпен туыстас адамдардың бір-біріне үйленуі кең етек ала бастаған. Бізге мұны сол елде тұратын түрік бауырымыз Ахмет Ташағыл айтты.
Ал ХV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандар дербес қазақ мемлекетін құрған кезде шежіреге одан сайын мән беріп, оған бекзат өнер деп қана қарамай, ішкі астарына үңіліп, салауаттылыққа бастайтынын түсінуге тырысты. Елдің негізгі тірегі ұлт болса, оның ұрпағының сау болуы, елдің дамуы үшін өте маңызды екенін жақсы түсінді. Мемлекетті нығайтудың бірден-бір жолы қоғамның әрбір мүшесінің денінің саулығында екенін басшылыққа алып, билер кеңесімен мақұлданып, бүгінгіше айтқанда, арнайы тұжырымдама дайындалды. Ел ішіндегі әпсана, аңыздар қазақтың генетикалық коды жеті атадан басталатынын, бұл тұжырымды ең алғаш қазақтың әйгілі шипагер ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Әз-Жәнібек ханға ұрпақ тазалығы мен денінің саулығы үшін «Жеті атаға дейін үйленбеу, жөн-жосықсыз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау» туралы ұсыныс айтып, хан жарғысының шығуына ықпал еткен көрінеді. Демек, ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген.
Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50-55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені аңғартатынын айтады. Мысалы, көне заман өркениетінің ошағы әйгілі Мысыр елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей перғауын бақилық болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жасар қызы Клеопатра мен 13 жасар ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы, бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру) сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Валентин Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз алыса бергендігімен байланыстырады.
Әрине, біз бұл тұрғыда ешқандай шаруа атқарып жүрген жоқпыз деуіміз бекершілік болар. Қазақтың антропология саласына өлшеусіз еңбек сіңірген Оразақ Смағұлов ағамыздың мерзімдік басылым беттерінде жарияланған мақалаларынан халқымыз туралы бірлі-жарым деректерді оқып қаламыз. Бiрақ біздің де өзгенің алдында кеуде керіп көрсететін мақтанышымыз көп-ақ. Ұлтымыз үшін ұпай түгелдейтін қаншама жақсы жағдайлар бар. Соның бірі – қан тазалығы. Әрине, қазір жаһандану заманында экономика тәрізді адамның қаны да бір-бірімен интеграцияланып кетті. Жақында орыс басылымдары А.Пушкиннен тараған ұрпақтың санын біраз жерге апарып тастады. Әлемдік басылымдар «Шыңғыс ханмен генетикалық коды бір адамдардың саны миллионнан асып кетті» деген ақпаратты біраз жылдан бері айтып келеді. Егер оларға сенсек, әлемде әрбір жүзінші адам – Шыңғыс ханның ұрпағы. Қазір ғылымның дамығаны сонша, жер басып жүрген адам емес, ана жатырында жатқан шаранаға да ДНК сараптамасы арқылы оның кімге тиесілі екенін анықтап береді.
Қазақтың генетикалық кодын анықтауға талпынып жүрген жас ғалым Жаңабек Жақсығалиев 1989 жылы ұлттың генетикалық кодын анықтаумен айналысатын кәріс ғалымдары дүниежүзіндегі ең таза қан – қазақтарда. Олар жеті ата ауыспай бір-бірімен қыз алыспайды деген тұжырымға келген» деген ойды алға тартады. Ал белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жаратылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің» баламасы өзге ұлтта да ұшырасатынын айтады.
– Шыңғыс ханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. «Қазақтар – Шығыстың француздары» деген сөзді Асқар Сүлейменов «Жоқ, қателесесіз, «Француздар – Еуропаның қазақтары» деп түзеткен екен. Бүгін Парижді қойып, жапондар – Алтайдан ауып барған біздің қандасымыз деп жүрміз. Бұл деректі жапон ғалымдарының өзі мойындайды. Тағы бір түйінді мәселе – қазақ ұғымында адам бойындағы физиологиялық және мінез-құлқы ерекшеліктері ата-әке жағынан беріледі деген сенім қалыптасқан. Ал шеше жағынан туған бөлелердің отау құрғанына аса мән берілмейді. Ресейде құрылған Тектология академиясында әке-шешенің қанынан берілетін генетикасы бердей рөл атқаратындығын алға тартуда, –дейді Тұрсын Жұртбай.
Қазақтың қаны және жеті ата арасындағы байланыс туралы біраз ғылыми еңбек жариялап үлгірген жас ғалым Нұрбол Баймаханов ХХI ғасырда қазақтың қанын өзге ұлттармен бөліп-жарып қарау күлкілі екенін, бұл генетикалық тұрғыда қанның жанаруына, ұлттың сыр-сымбатының барынша ашыла түсуіне себепші болғанын айтады.
– Қазақтардың генетикалық портретінің 55-60 пайызы шығысазиялық популяцияға жатады. Бұл Сібір мен Моңғолия. Ал 15-20 пайызы еуропалық, 15-17 пайызы Таяу Шығыс пен Орталық Азия популяциясына жатады. Бұл қазақтың соңғы үш ғасырдағы бейнесі. Бірақ соған қарамастан, бүкіл әлемнің назары қазақтың қанына ауып отыр. Біздің генетикалық кодымыз жеті ата ауыспай қыз алып, қыз бермеуді аманаттап кеткен бабаларымыздың заңымен байланысты ма деп қаламын.
Себебі бабаларымыздың тіршілігі даламен, ашық аспан арқылы – ғарышпен және малмен тығыз байланыста болған. Бұл – әлі қазіргі ғылым үшін түрен түспеген тақырып. Бірақ біздің бабаларымыз ерте замандарда-ақ жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді. Сондықтан қан тазалығын сақтаймыз десек, ата-баба дәстүріне адал болайық, – дейді Нұрбол Баймаханов.
Демек, қазақтың генетикалық қоды әлемде ешбір ұлтқа ұқсамайды. Бұл әлемдегі сұлулық, әдемілік атауы қазақтың қанынан күш алып тұр.
Гүлбаршын Айтжанбайқызы

(Мақала атауы өзгертіліп берілді, түпнұсқадағы тақырыбы - ҚАЗАҚТЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОДЫ ЕШБІР ҰЛТҚА ҰҚСАМАЙДЫ)

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста