Әлем назарын өзіне аударған Мағриб аумағының қиыр шығысында орналасқан Ливиядағы жағдайға жеті айдың жүзі болыпты. Мысыр мен Тунисте болған төңкерістерден кейін ішкі тұрақсыздықпен бетпе-бет келген Ливиядағы оқиғалардың салдары көрші елдермен салыстырғанда өзгешелеу болып шықты. Себебі Жамихирияның негізін қалаушы Муаммар Каддафи Тунис тізгінін 23 жыл ұстаған Бен Әли мен Мысырды 30 жыл билеп-төстеген Хосни Мүбарак сияқты биліктен оңайлықпен кетпейтінін о баста мәлімдеген еді. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп ұрандатқан Каддафидің ақпан айында бастаған әрекеттері жаппай толқуға әкеліп, соңы азамат соғысына ұласты. Әлемдік қауымдастықтың үлкен қолдауына ие болған Ливия Республикасының өтпелі кезеңдегі ұлттық кеңесі жеңіске жетті десе де болады.
Қақтығыстың үш себебі
Ливиядағы азаматтық соғыстың себебін әркім өзінше болжайды. Нақты, дәлелді тұжырым жоқ. Оған себеп те жоқ емес. Мысалы, Мысыр мен Тунистен қарағанда Ливияның әлеуметтік жағдайы әлдеқайда жоғары болған. Сөзімізді дәлелдей кетсек, Бүкіләлемдік валюта қорының есебі бойынша Ливия экономикасының өсімі 5,4 пайыз болды. Қақтығыстарға дейін ІЖӨ 14,878 АҚШ долларын құрады. Бұл мемлекет әлем бойынша адам өлімінің көрсеткіші ең төмен елдердің бірі болды. Ливияда ер адамдардың орта жасы – 80 жас. Тұрғын халықтың 87 пайызы жоғары білімді. Осылай бола тұра, тұрақтылыққа не түрткі болған деген сауалдар жиі қойылады. Біздіңше, ең бірінші, Ливиядағы қарулы қақтығыстың өршуіне елдегі жаппай жұмыссыздық ықпал етуі мүмкін. Себебі 2009 жылдың деректеріне қарағанда, халықтың 20,7 пайызы жұмыссыз деп танылған. Бұл – әлем бойынша жұмыссыздықтың ең үлкен көрсеткіші. Екіншіден, Муаммар Каддафи Сирия басшысындай дер кезінде оппозициямен келіссөздер жүргізбеді. Үшіншіден, Мысыр мен Тунистегі төңкерісті жүзеге асырған әлеуметтік желі факторын да естен шығармағанымыз жөн.
Ливияның тұрақтылығына бүкіл әлем мүдделі
Бұл елдегі қарулы қақтығысты реттеу үшін әлемдік державалар, ірі халықаралық ұйымдар да, жекелеген саясаткерлер де атсалысты. Бірақ бір елді қырық жыл басқарған әмірші айтқанынан қайтпады. Әлем бойынша мұнай өндіруден сегізінші орын алатын Ливиядағы жағдайдың тұрақтануына әу бастан мүдделілер көп болды. Себебі бұл мемлекет қара алтынының 9/10-ы Еуропа елдеріне жөнелтеді. Атап айтар болсақ, жамихирия мұнайының Италияға 32, Германияға 13,4, Францияға 10, өзге Еуропа елдеріне 13 пайызы жіберілсе, Қытайдың үлес салмағы – 10, АҚШ – 6, Малайзия, Үндістан, Сингапур сияқты үш мемлекетке 4 және Бразилияға 3 пайыз қара алтын экспортталады. Ливияның мұнайына мүдделі болмаса да, Ресейді де естен шығармау қажет. Себебі өткен жылы Ресей мен Ливия 1,3 млрд евро көлемінде қару саудасы бойынша ірі келісім жасады.
Каддафиді де қолдайтындар бар
Муаммар Каддафиге Зимбабве мен Сирия қару-жарақ жіберіп материалдық көмек көрсетсе, Венесуэла Президенті Уго Чавес пен Никарагуа басшысы Даниэль Ортега «АҚШ бастаған озбыр саясатты жасаушылардың көкейін тескен Ливия демократиясы емес, мұнайы» деп моральдық тұрғыда қолдаған болатын. Тіпті әлемдік ақпарат құралдарында Беларусь елі де Ливияға қару-жарақ жөнелтті деген мәліметтер жарияланды. Қарулы қақтығыс болғаннан кейін адам шығыны да аз болған жоқ. Шілде айында британиялық The Daily Telegraph басылымы азаматтық соғыста жалпы саны 20 мыңнан астам адам қаза болғанын жазған еді.
Ресми түрде бейтарап қалған үш елдің бірі – Қазақстан
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде Ливияға қарсы күш қолдану резолюциясына қол қоюдан бас тартқан Қытай елі алғашқылардың бірі болып бейтарап саясат ұстанды. «Бостандық аралы» атанған Куба да осы жолды дұрыс деп тапты. Сыртқы істер министрлігінің өкілдері «Ливияның егемендігі, территориялық бүтіндігіне мүдделіміз» деп мәлімдеп, Қазақ елі де бейтарап қалған-ды. Жалпы, әлемдік оқиғалар кезінде дипломатиялық сауаттылық аса қажет. Бұл тұрғыда әліптің артын баққан Қазақстан арық сөйлеп, семіз шықты. Дүйсенбі күні ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай Ливияның Қазақстандағы өкілі Ахмед Әд-Дибті қабылдағаны мәлім болды. Айта кетейік, Ливия Республикасының уақытша үкіметін 80 мемлекет мойындады. Ресми Астана Ислам ынтымақтастық ұйымы СІМ Кеңесінің қазіргі төрағасы ретінде ұйым ресурсын Ливиядағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге бағыттайтын болады.
Каддафидің қарсыластары ел астанасы Триполиді және басқа да маңызды шаһарларды өзіне қаратқаннан кейін әлем елдері бірінен соң бірі уақытша үкіметтің легитимділігін мойындап, дипломатиялық қатынастарға мүмкіндік ашып жатыр. Каддафидің қарсыластары құрған өтпелі кезеңдегі ұлттық кеңес халықаралық қауымдастық тарапынан қолдауға ие болып, Жамихирия әміршісінің әскерін тықсыра бастады. НАТО, БҰҰ сияқты ірі халықаралық ұйымдардың қолғабыс етуімен бірте-бірте Ливияның маңызды қалаларын қолға алды. 80 ел мойындаған ұлттық кеңесті билікке келді деп айтуға толық негіз бар. Алайда уақытша үкіметке посткаддафилік кезеңнің оңай соқпасы анық.
Азаматтық соғыстың гуманитарлық салдары қандай?
Соғыстың аты – соғыс. От тұтанып, адам шығыны болған жерде міндетті түрде әлеуметтік, саяси, мәдени, бір сөзбен айтқанда, гуманитарлық дағдарыс орнайтыны екібастан белгілі. Екі тараптың әскерилері мен бейбіт тұрғындарды қосқанда, 20 мыңнан астам адам көз жұмды. БҰҰ-ның Жоғарғы комиссария басқармасының деректеріне қарағанда, босқындардың саны 180 мыңнан асқан. 77 мың ливиялық Мысырға қашса, 80 мыңға жуығы Тунис асқан. Із-түзсіз жоғалғандардың саны 6000 адам деген дерек бар.