Жастардың саяси белсенділігі жоғары емес

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ, Aynaline.kz жастар сайтының Бас редакторы, жас саясаттанушы:

–Жарқын, жас саяси сарапшы ретінде қазақ жастарының саяси сауаттылығын қалай бағалайсың?
–Бағалаудың нәтижесін нақты сан-деректермен білгіңіз келсе, жастармен тікелей жұмыс істейтін еліміздегі негізгі орган – Білім және ғылым министрлігі, жастар ісі жөніндегі комитеттен сұраған жөн шығар. Бірақ мен сол комитеттің жастар арасында сауланамалар, зерттеулер жүргізіп жатқанын ешқашан естімедім, көрмедім. Оның ішінде жастардың саяси сауаттылығын анықтау үшін зерттеулер тіпті жүргізілмеді де. Мысалы көршілес Ресей мен біздегі халықтың саяси мәдениетінің деңгейі, саяси даму үрдісі бір деңгейде. Бірақ ресейлік әріптестеріміздің айтуынша, оларда «жастардың саяси білімінің деңгейі», «жастардың электоральді белсенділігі» деген сияқты дөңгелек үстелдер, конференциялар жиі өткізіліп тұрады. Тіпті автономиялық елдерінде де зерттеулер жүргізу әдетке айналған. Әзірге бізде ондай нақты жұмыстар жоқ, нышаны да байқалмайды.
Негізгі жұмыспен, қоғамдық істерде жастармен кездесіп тұрамын, көптеп араласамын. Барлық салада достарым бар. Жүздесу нәтижесін өзім мониторинг жасап, қағазға түртіп жүремін. Байқағаным, біздегі жастардың саяси белсенділігі жоғары емес. Ішкі эмоцияларын әлеуметтік желілер мен интернет форумдарда шығарып жатады. Ол жердегі жазбалардың өзі конструктивті сыны жоқ, бас-көз демей төпелеуге негізделген ой-пікірлер ғана. Саяси мәдениеттің деңгейі азаматтардың қоғамда болып жатқан оқиғаларға, биліктің әрбір шешіміне, Парламент қабылдаған заңдарына бей-жай қарамаудан басталады. Соның бәрін жастар қадағалап отырады дегенге өз басым сенбеймін. Элитаның кейбір шешімі биліктен дәмелі кейбір топтың мүддесіне қайшы келгенде жекелеген сол топтар қолындағы ресурстары арқылы қоғамдық пікір туғызып жібереді. Осындай кезде жастардың әлеуметтік желіде, түрлі сайттарда шулап, эмоция көрсетіп жатуынан-ақ, өзіндік пікірдің, ұстанымның қандай екенін аңғару қиын емес. Қазақтың менталитетінде мен ұнатпайтын бір дүние бар. Ол – жастардың «үлкендер не айтса да дұрыс» деген түсінігі. Жақында біздің сайтқа сұхбат берген психолог осы мәселені дөп басып айтыпты. Неге біздің жастар түрлі секталар мен деструктивті күштердің қармағына тезі ілігеді? Себебі үлкеннің алдын кес-кестемейтін жас азаматқа келіп, үгіт-насихат жүргізетін әкесіндей немесе шешесіндей жандар. Үлкендердің айтқаны болсын деген түсінік қазіргідей прагматикалық тұрғыда ойлауға итермелеп тұрған заманда дұрыс па, бұрыс па оны оқырманның өзі ой таразысына салсын…
Жастардың саяси сауаттылығын екеуміз отырып саралап көрейікші. Жас азаматтар өз құқығын қандай ұйымдар арқылы қорғап жүр? Меніңше, еліміз бойынша тіркелген мыңға жуық жастар ұйымының барлық жұмысы – мемлекеттің әлеуметтік жобаларға беретін тапсырысын (тендер) алумен, сол жерден нанын табу. Сонымен барлық энергиясы, негізгі парызы бітеді. Жастардың дені баспанасыз. Бірақ Үкімет жүргізіп жатқан «Қолжетімді баспана» бағдарламасын білмейді, білетіндері сенбейді. Үкіметке неге сенбейді білесіз бе? Себебі олар қоғам алдындағы жауапкершілікті әлі сезінген жоқ. Сайлау кезінде электоратта – абсентеизм. Егер сайлауға қатысып, дауыс берсе, адам берген даусын бұлдай алар еді. Сайлауға бармаған адамда талап ету, құқық қорғау деген қарапайым нәрселер автоматты түрде жойылады. Бейқамдық. Қызығушылық жоқ. Сол баспанаға қатысты бағдарлама бойынша, үй алғандар ілеу де біреу. Ала алмаған жастар қайда? Неге балама жобасын ұсынбайды? Жастар ісі жөніндегі комитетке жолдау арқылы өздерінін үнін жеткізуге бола ма, жоқ па? Жастар ұйымдарының жұмысы жоққа тән екенін мына мысалдан-ақ көруге болады ғой. 900 ден аса жастар ұйымы тіркеуде тұрғанымен, жастар шашыраңқы жүреді. Ортақ мақсат, мүдде жоқ. Сол мыңға жуық ұйым жабылып жүріп бір Есен Елеукеннің шаруасын істей алмады. Кезінде әрбір қаланы ауылды пойызбен жүріп аралап, жастардың басын қосқан Есағаның «Жайдарманына» дайын асқа тік қасық боп жатқандар бар. Журналистер әлеуметтік желілерде, шоу-бизнес өкілдері тойда, мұғалімдер тексерістен қорқып бума-бума қағаз құшақтап жүр, ауыл жастарының күндіз мал қарап, кешке карта ойнаудан қолы босамайды. Жас дәрігерлер не істеп жүр қазір? Мүмкін бұл жағдай нарық заманының талабы шығар, бірақ бірлік жоқ жерде ешқандай саясат жүзеге аспайтыны сияқты, шашыраңқы жүргенде қандай жастар саясаты болсын? Саяси сауаттылық деңгейін мен осылай бағалаймын, Жастармен тиісті орган айналыспаса, жеке өз парақшамда жүргізейін деп жақында әлеуметтік желіде жастардың саяси сауаттылығы жайында сауалнама жүргіздім. Жауаптарына қарасам, бәрінің ойы менің жоғарыда айтқан пікіріммен үндес.
–ҚР Президенті жанындағы жастар ісі жөнінде кеңестің мүшесісің. Билік тарапынан жастар саясатына өз деңгейінде жанашырлық көрсетіліп жатыр ма? (Әлеуметтік, техникалық, ғылыми ізденіс) тұрғысынан ешқандай да проблема жоқ па?
–Осы Кеңеске мүше болған бір жылдың ішінде көзі ашық азаматтардың санатына жатқызып жүргендердің өзі «не істейді?» «не бітіресіңдер?» деп сұрай беретін болды. Қазақтың «көзі ашық, көкірегі ояу» деген сөзі компьютерді өзі қосып, интернетке кіре алатын, ақпарат алуға қабілетті деген мағына беретін болды ғой қазір. Сондай азаматтар қатырындағылар неге менен сұрайтынын түсінбеймін. www.zhaskenes.kz деген веб-сайты бар Жастар Кеңесінің миссиясы туралы екі тілде тайға таңба басқандай жазылған. Қысқаша айтар болсам, ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес – мемлекеттің жастар саясатына жастардың тікелей қатысу тетігі. Кеңес жастарға қатысты маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде жастардың үнін тыңдау үшін құрылды. Яғни, Кеңес мүшелері атында тұрғандай таңнан кешке дейін жастардың проблемасын сапырып, Президенттің жанында отырмайды. Кеңестің әр отырысы нақты тақырыпқа арналады. Әртүрлі саладан құралған мүшелердің, еліміздің қоғам мен мемлекеттік органдар өкілдерінің ұсыныстары негізінде қалыптасады. Отырыстың қорытындысы бойынша кеңес мүшелері тәжірибелік ұсыныстар әзірлейді. Жұмыс қорытындысы жөнінде Кеңестің төрағасы тұрақты түрде Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді. Міне, бұл қоғамдық жұмыс. Шешім шығаратын ресми орган емес.
Қай елдің билігі болмасын негізгі жұмыс күші, елдің энергиясы – жастармен санауға мүдделі. Біз жаңа әңгімелеп өткен Жастар кеңесі өз жұмысын 2008 жылдан бастағанымен белсенді қимылдауы былтырдан басталды. 2012 жылы Білім және ғылым министрлігінің жанынан Жастар ісі жөніндегі комитет құрылды. 2013 жылы жергілікті әкімшіліктердің барлығы да былтыр жастар басқармаларының құрамын, жұмысын бекітті. Қазір аудандарда осындай орталықтар құрылып жатыр. Биліктің жастарға көңіл бөлуі дегеніміз – осы. Бұл – бес жылдың айналасында қалыптасатын процесс. Бастысы қозғалыс байқалады. Жемісін алдағы уақытта бере жатар деген үміт бар. Қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатқан басқармалар әзірге сол әлеуметтік жобалардан әрі аса алмай отыр. Жастармен ашық диалог әлі жетіспейді. Егер олар жастардың пікіріне құлақ асып, өтініштерін жүзеге асыруға қауқарсыз болса, саяси селқос жастардың сенімі мүлде жойылады. Ондай жағдайда қанша қаржы шығындап басқармалар мен ресурстық орталықтарды ұстап тұрғаннан не пайда? Бәрін жоққа шығаруға болмас. Мен жолым түскен облыстарда міндетті түрде жастар басқармаларымен байланыс орнатып, жұмыстарымен танысамын. Бұл жағынан алғанда Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының басқармалары өте жоғары деңгейде жұмыс істеп келе жатыр. Олар тәуелсіз ұйым емес. Сондықтан басқармалардың нәтижелі жұмыстары облыс әкімдеріне де тікелей байланысты. Алғаш осы басқармалар құрылатын кезде кейбір әкімдер селқос қарағанын жасыруға болмайды. Жастар жанашыры Мұрат Әбенов «Жаскеңес» отырысында бірқатар әкімдердің жастармен дұрыс жұмыс істемей отырғанын айтып, қатты сынаған болатын.
Әлеуметтік проблема жоқ деп өтірік айта алмаймын. «Жұмыссыз, табыссыз» деп ауыл жастарына күле қарайтын «қалалық» жастардың шекесі шылқып жүргені шамалы. Қалалық деген сөз бұл жерде тырнақшаның ішінде тұр. Неге? Біріншіден, олардың аты ғана қалалық. Тұрақты жұмыс тапқанымен қаншама жас қалаға тіркеуге тұра алмай жүр. Қаншасы сол тіркеуде жоқтығынан қара жұмыста жүр… Екіншіден, баспана мәселесі басы ашық күйде қалып отыр. Тапқан таянғанын пәтерақыға беретін «қалалық» жастың далалық замандасынан айырмашылығы қалды ма? Проблема бұлай қордалана берсе, соңы жақсылыққа апармайды. Иә, мен осы сөздерім үшін көпшілікке ұнамауым да мүмкін. Бірақ «ауруымызды» қашанғы жасырамыз, қашанғы сол ауруды жасырғаннан болатын «өлімімізді» күтіп жүрмекпіз? Жастар арасындағы дін мәселесі де шетін дүниеге айналды. Арабтың ықпалына түскен қаншама жастың миы ашып жүр.
Мәселені біржақты қарауға қарсымын. Екінші жағын да қарап көрейік. Кеш те болса басқармалар, ресурстық орталықтар ашылып жатыр. Даңғарадай ғимараттар беріліп жатыр. Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі бір кездері казино болған ғимаратты жастардың игілігіне алып бергеніне куә боп қайттық. Жастар өзінің шығармашылығын дамытуға, психологтан, заңгерден, Тұрғынүйжинақ банкі мамандарынан тегін кеңес алуға, бос жұмыс орындарын қарауға барлық мүмкіншілік қарастырылған. Сөйте тұра жастар тарапынан да бейқамдық байқалады. Қалада жүргендердің өзі жастар басқармаларының жанынан орталықтар ашылып жатқанынан хабарсыз…
Ғылыммен айналысамын деген адамға ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Еліміздің университеттерінде, «Болашақ» бағдарламасымен Батыстың белді білім ордаларынан білім алып жатқан жастар аз емес. Қолыңыздан ешкім қақпайды. Бұрын игіліктің бәрі ғылымда деген түсінік бар кезде белгілі бір деңгейде ғылым жолында бәсекелестік болған. Қазір құндылықтар жүйесі өзгерді. Мансап – бақыттың көзі, кілті деп қабыланады. Талапты жастар билікке ұмтылады немесе түрлі жолмен тендермен айналысып кетті деуге болады. Айналып келгенде әлден ақша жеп қалуға машықтанып жүр. Нарық заманы екенін түсінемін. Бірақ, бизнес деген мемлекеттің қаржысын жеу емес қой. Жастар саясатында жүйе жоқ. Ол жүйе қалыпатсқанша уақыт керек. Сондықтан мұндай кемшіліктердің болуы – заңдылық.
–Анығында, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламарадың орындалу барысы көңіл көншіте ме? Жағдайы жоқ жастарға ауыр талап пен еңбек жемісін талап етуге қалай қарайсың?
–Екінші сұрағыңызға жоғарыда жауап берген сияқтымын. Сондықтан алғашқы сауалыңыздың төңірегінде әңгімелесейік. Америкалық политолог Габриэль Алмонд ұсынған саяси жүйенің моделін қарастырсақ дәл жауап бере аламын деп ойлаймын. Себебі, ол алғашқылардың бірі болып, саяси жүйені зерттеудің құрылымын жасап шығарды. Кез келген жүйедегідей саяси жүйеде де циркуляция, яғни айналым жүреді. Айналым «кірістен» және «шығыстан» тұрады. Шешім қабылданатын ядро — билікті шеңбер деп алатын болсақ, оған «кіріс» ретінде – халықтың талап-тілегі, мұң-мұқтажы алынады. Ал «шығыс» – сол талаптарды қанағаттандыратын саяси шешімдер. Егер «кіріс» қана болса немесе халыққа қажеті жоқ «шығыс» қана болса жүйе өзінің негізгі функциясын атқаруға қабілетсіз боп қалады. Дәл сол сияқты ғой. Сіз айтып отырған мемлекеттік бағдарламаларға қатысты жастар өзіне қажетті проблеманы зерттеп, Үкіметке ұсынған жоқ. Үкімет өзі шамамен есептеп шешім қабылдап қойды. Егер жастар «Қолжетімді баспанамен» үй ала алмаса, «Жұмыспен қамту» бойынша жұмыс таба алмаса, ол – жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі деп біліңіз. Егер менің субъективті пікірімді білгіңіз келсе, бағдарламалардың көбі көңілімнен шықпайды. Бюрократия деген үлкен комбайн жастардың ерік жігерін бидай құсатып уатып жіберді…
–Аға буынның өзінен кейінгі жас буынға көңілі толмаған. Саяси өмірде де осылай ма?
–Саяси өмір деген – мен үшін кәдімгі өмір. Қоғамдағы күнделікті қарым-қатынасымыздың бәрі – саясат. Аға буынның жастарға көңілі ешқашан толмаған. Сократтың кейінгі буынға көңілім толмайды деп айтқаны бар. Демек, ол ежелден келе жатқан дүние. Ата-бабаларымызды идеал тұтамыз, «оларға жету қайда?!» деп тамсанамыз, ол – дұрыс. Бірақ олар істей алмаған дүниені қазіргі элита жүзеге асырып жатыр ғой. Мәселені осы жағынан да алып қарау керек. Бұрынғы заманда өмір сүргендердің ойы түгілі, түсіне кірмеген дүниелер жасауға қабілетіміз жетіп жатыр. «Ақыр заманның балалары» деген жаттанды дүние ғой, жалпы. Тәуелсіз елді қалыптастырған бүгінгі истеблишментті алмастыратын, қабілетті ұрпақ бар. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін!» деген өлеңі өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Сонысымен классика.
Батыста саяси жауырыншылардың беделі күшті. Жас саясаттанушы ретінде біздегі саяси сарапшылардың «салмақсыздығының» себебі не деп ойлайсың?
Мен бұл туралы арнайы мақала да жазған болатынмын. Келіскендер де болды, келіспегендер де табылды. Пікірім өзгере қойған жоқ. Иә, Батыс қоғамында саяси жауырыншылардың беделі күшті. Себебі олардың саяси болжамдарының 100 пайыз болмаса да, айтқандары орындалып жатады. Батыспен салыстырғанда бізде жағдай басқаша ғой. Оның бірнеше себебі бар. Негізгі бесеуіне тоқталайын.
Біріншіден, біздің елде саяси ғылым дамымаған. Кеңес Одағында саясаттану партияға, халыққа қарсы буржуазиялық ғылым деп танылып, оқытуға тыйым салынды. Тек 90 жылдардың екінші жартысынан бастап қана негізі қалана бастады. Қазақстанда саясаттану мамандарын даярлайтын қазақ бөлімі 2000 жылдан бастап қана ашылды. Содан бері бір мүшел уақыт өтсе де университет қабырғасында жүрген болашақ саясаттанушылар қазақ тіліндегі оқулыққа жарымай келеді. Бәлкім саясаттануды әлі күнге дейін халық пен партияға қарсы ғылым деп түсінетіндер бар шығар. Әйтеуір жібі түзу оқу құралы жазылмай қойды. Осы сала бойынша қазақша білім алып жатқан студенттер әлі күнге дейін ресейлік кітаптарға тәуелді. Кезінде комунистік партияның қатарында болып саяси ғылымға тас атқандар кейіннен «мүйізі қарағайдай» сарапшылар болып шыға келгені рас. Олардың жазған бірді-екілі кітабы да бар. Отандық ғалымдардың еңбегі деп даңқын асқақтатқанымен, ішінен іліп алар ештеңе таппайсыз. Жаңалық жоқ. Орыстың Соловьеві мен Гаджиевінен, Пугачевінен көшіріп алғаны аннотациясында жазылмаса да түсінікті. «Алаш» белсенділері саяси басқаруда Шарль Луи Монтескье, Жан-Жак Руссо сияқты жаңалық енгізбесе де, ұстанымдары мен атқарған істері, әрқайсысының саяси қайраткерліктері бір-бір кітап боларына сенімім кәміл. Алайда, саясаттану мамандығы бойынша дипломы бар қазіргі мамандарға мұндай құнды дүниелерді университет қабырғасында оқу бақыты бұйырмады. Талдау, болжауға қатысты пәндерді кеңестік кезеңде бұл ғылымға үркіп қараған ұстаздар оқытады.
Екіншіден, шынайы пікірталасқа мүмкіндік беретін саяси дебаттар ұйымдастырылмайды. Біздің елде саяси ресурстардың ішіндегі ең қауқарлысы саналатын телевизия саласында мұндай бағдарламалар жоқтың қасы. Теле-радио бағдарламалардың ішіндегі пікірталасқа негізделген хабарлардың барлығы саяси қадамдарға бара бермейді. Бұған, БАҚ басшылығы тәуекелшіл емес деген қорытынды айтуға болатын шығар. Себебі мен Қазақ радиосында айтатынымды айта алып жүрдім. Басшылық маған сенді. Мен де оларды орға жыққан жоқпын. Қарапайым тағайындаулардан бастап үлкен стратегиялық шешімдерді азғантай ғана топ жабық есік жағдайында қабылдайтыны жасырын емес қой. Артық айтқаным болар, бірақ бес Бжезинский мен он Фукуяма келсе де, Қазақстанда саяси болжам жасай алмас еді.
Үшіншіден, саяси ғылымды зерттеуге саналы ғұмырын арнауға бет бұрған ғалымдар аз емес. Оқу орнының немесе зерттеу институттарының есебінен шет мемлекеттерден тәжірибеден де өтеді. Алайда сол ғалымдар кәсіби біліктілігін қоғамның қажеттілігіне жұмсамайды. Университеттер мен институттардың қабырғасынан шықпайды. Шынайы саясатта шаруасы жоқ. Саяси өзгерістерді мемлекеттік телеарналар мен басылымдардағыдай қабылдайды және соған имандай сенеді. Бұлар – болашақ мамандарды даярлайтын педагогтар. Екінші топ бар, елдегі жүргізіліп жатқан саясатты жақсы білетін бірақ ол туралы объективті пікір айта алмайтын. Ондай қадамға бару үшін кафедра меңгерушісі, декан, ректор деген биік-биік кедергілерді бағындыру қажет болады. Ләппайшыл үшінші бір топ биліктің қандай қадамы болса да мақтай береді. Саяси сарапшылардың беделін түсіргендер де осылар…
Төртіншіден, саяси оқиғаларды қалт жібермей қарап жүргенмен, саясаттың теориясынан мүлде бейхабар сарапшылар да жоқ емес. Қандай да бір пікір айтса өзін саясаттанушы деп таныстыруға құлықты бұл топтың болжамдары «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегенге келеді.
Бесіншіден саяси сарапшыларға мол тәжірибе беруі тиіс зерттеу институттары жоқтың қасы. Бар болса да әлсіз. АҚШ-та Кеннеди, Никсон, Рейгандардың атындағы орталықтар бар. Олар сол президент болған тұлғаларды пір етіп көрсетуді мақсат етпейді. Керісінше саясатты зерттеп, түйген қорытындысын үкіметке тиімді ұсыныс ретінде беріп отырады. Шыны керек біздегі мықты саясаттанушылар деп танитын тұлғаларды қалыптастырған Президент жанындағы зерттеулер институты билікке жағымды зерттеулер мен жинақтар шығарудан аса алмайды. Зерттеулерін объективті деп айту қиын. Бізде зерттеу орталықтары мен биліктің арасында тығыз қарым-қатынас жоқ.
Міне, осындай проблемалар болғандықтан да саясаттанушылардың болжамы солғын тартып жатады.
–Техникамен жабдықталған ғасырда, жастарға рухани азық боларлық ағартушылық мектеп бар ма?
–Бар. Өте көп. Бізде таңдау мүмкіндігі өте жоғары. Әркім өзіне қажеттісін алатын заман ғой. Кітапханаға, музейге, театрға, киноға, спорт кешендеріне, демалыс орындары ма, қайсысына барам десеңіз де өз еркіңіз. Және мен тұратын Астана қаласында осының бәрі қолжетімді. Өзім шығармашылығын өте жоғары бағалайтын Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр ұжымының жастарға берері мол. Бірақ, сол баяғы бір кем дүние. Сахнасы мен оқыған ауыл мектебінің АКТ залындай-ақ, көрерменге орын жеткіліксіз. Бұл бір ғана мысал. Бізге, жастарға рухани азық сыйлайтын адамдарға да жағдай жасалуы керек деп есептеймін.
Әлеуметтік желіде белсендісің. Жалпы, ғаламшардың бар жаңалығын бөлісетін осы «көк сандықтың» жастарға берер пайдасы қаншалық? Әлеуметтік желілер елдегі саяси жағдайларға ықпал ете ала ма?
Әлбетте. Бүгінде әлеуметтік желілер ешбір саяси орталықтар бере алмайтын картинаны көз алдыма әкеледі. Саяси зерттеу орталықтар жағдайға, тапсырысқа қарай өзгеріп отырады. Ал, әлеуметтік желі халықтың температурасын дәл көрсетіп береді. Саяси ахуалды зерттеуге құлықты адам болса, әлеуметтік желіге келсін дегім келеді. Бүгінде қоғамдық пікір қалыптастырып, ықпал ететін дәрежеге жетті. Интеллектуал сарапшылар Айдос Сарым, Ерлан Қариндер жаңа технологияны меңгерген жаңашыл эксперттер. Иглігігіне пайдаланып та жүр. Сондықтан да шығар, кеңестік буын сарапшылардан гөрі осы ағаларымның ой-пікірлері нанымды, көңілге қонымды. Бұл кісілерді неге айтып отырмын. Бірде, Айдос Сарым 1937 жылы, нағыз қырғын кезеңде елімізді басқаруға келген Левон Мирзоянның Сталиннен адам өлтіруге «лимит» сұраған құпия хатының көшірмесін facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына салды. Қалың көпшілік қалай қабылдағанын көрсеңіз. Жүздеген бөлісулер, мыңдаған пікірлер жазылды. «Температура» көтерілді. Билік санасты. Қазір Мирзоянға көзқарас жалпыұлттық деңгейде өзгерді. Бұрындары Мырзажан десе, қазір оған берілген көшенің атаулары өзгерді. Осы шешімге әлеуметтік желінің тікелей ықпалы болды деп айта аламын.
«Араб көктемі», «Түрік көктемі» дегендерге тікелей facebook пен twitter-ді кінәлайтындарды түсінбеймін. Елдің жағдайы жақсы болса, ешқандай да әлеуметтік желі саяси жүйеңе тиісе алмайды. Ленин «Правдамен» революция жасады деген де пікір болған ғой. Бірақ одан кейін қаншама газет шықты, күн сайын сайттар ашылып жатыр. Демек, әлеуметтік желі де, Ленинге көмекке келген газет сияқты құрал ғана. Тунис пен Мысырда төңкеріс болса, оған әлеуметтік желілердің емес, асқынған әлеуметтік проблемалар себеп. Құланның қасуына, мылтықтың басуы ғана деп түсініңіздер. Қазір халық өзінің талап-тілегін жеткізу үшін әкімшіліктен рұқсат алып, тағы да алып бюрократиямен бетпе-бет келуге мәжбүр. Сондықтан әлеуметтік желідегі қазақстандықтардың парақшалары халықтың «буын» шығарып, жеңілдейтін жалғыз орны ғана. Ол «будың» шықпай қалуы да қауіпті.
«Алаш айнасы», «Ұлт таймс» газеті мен «Қазақ радиосында» саяси сараптамалар жасадың. Қазақ журналистикасында саяси сипаттағы айтылған дүниелердің көбісі біржақтылы немесе жалпақшешейлікке бой алдырады. Ақиқатын айтуға не кедергі?
–Бұқаралық ақпарат құралдары – саяси ресурс. Яғни, қай саяси күштің салмағы ауыр, сол күштің ұстанымы айқын көрініс береді. Сондықтан, қалыпты жағдай ретінде қабылдаймын. Жеткізудің түрлі жолы бар. Ол журналистер мен сарапшылардың шеберлігіне де байланысты деп ойлаймын.
–Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста