Кеше Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы мәселесіне қатысты заң жобасын қарауға кірісті. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram каналында аталған Заң жобасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Аталмыш Заң Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасы аясында әзірленіп жатыр. Заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асатын болады.
«Бұл – Президент жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар бағдарламасының негізгі бастамаларының бірі. Аталған бастама туралы Президент былтырғы жылдың 1 қыркүйек күні жариялаған Жолдауында айтқан болатын. Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жас қазақстандықтардың кәмелет жасына толған кезінде өзінің баспана жағдайын жақсартуына немесе білім алуына мүмкіндік береді. Осылайша, Президенттің әлеуметтік маңызды бастамасы заң тұрғысынан рәсімделіп, Ұлттық қордың қаржысы халықтың мүддесі үшін жұмыс істей бастайды», - деп жазды Ерлан Қарин.