Түркілерге ортақ тарихты ұйғыр ғалымдары «тонап» жатыр. Бішкектегі «Демократия» құқық қорғау ұйымының төрағасы Тұрсын Ислам Ниязұлының «Қытай әлемге қауіп төндірді» (Китай угрожает миру) атты кітабын оқып шығып, осындай ойға қалдық. Автор түркі халықтарының беткеұстар Махмұд Қашқари, Әмір Темір, Әлішер Науаи сынды тұлғаларын ұйғыр ұлтының өкілі етіп иемденіп алған. Тіпті «Оғыз хан тұңғыш ұйғыр империясын құрды» деп жазады. Оның деректеріне сенсек, Күлтегін, Бумын қаған, Тұмар ханшайым, Еділ патша – барлығы да ұйғыр болыпты-мыс. Бұл түркілер тарихын бұрмалау емес пе? «Алаш айнасы» осы сұраққа жауап іздеп көрген еді.
Тұрсын Ислам Ниязұлының «Қытай әлемге қауіп төндірді» атты бұл кітабы 2010 жылы Стамбул қаласындағы «Мудараба» баспасында жарық көріпті. Бірақ мұның өзі күмәнді. Себебі аталмыш кітапты белгілі журналист Серікбол Хасан еліміздегі баспаханалардың бірінен тауып алғанын айтады. Бір қызығы, мың таралыммен жарық көрген кітаптың сыртқы мұқабасы, ББК, ISBN-і жоқ. Кітап Стамбул қаласында жарық көргеннің өзінде ресми тіркелмегені көрініп тұр. Кітап Ұйғырстанның тәуелсіздігі мен бостандығы жолында күрескен азаматтарға арналыпты. Бұл еңбектің авторы Тұрсын Ислам Ниязұлы 1936 жылы Құлжа қаласында туып, 1955 жылы Қырғызстанға көшіп келген екен. 1989 жылы «Иттипак» ұйғыр қоғамын құруға атсалысқан. Қазір «Демократия» құқық қорғау ұйымының төрағасы һәм Бүкіләлемдік Ұйғыр конгрессінің кеңесшісі қызметтерін атқарады-мыс. Енді осы азаматтың деректеріне назар салыңыз.
Махмұт Қашқари – ХІ ғасырдағы Ұлы ұйғыр ойшылы.
(Дұрысы: Махмұд Қашқари (толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед) (1029–1101) – түркі тілдерінің тұңғыш сөздігін құрастырушы, энциклопедист-ғалым, атақты «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегінің авторы).
Әлішер Науаи – ХV ғасырдағы Ұлы ұйғыр ақыны.
(Дұрысы: Науаи Әлішер (Низамеддин Мір Әлішер) 1441 жылы дүниеге келген. Түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл, мемлекет қайраткері).
Әмір Темір Ұйғыр тайпасының Барлас ұрпағынан тарайды.
(Дұрысы: Әмір Темір (1336–1405 ж.ж.) Темуридтер империясының негізін қалаған, Барлас руынан шыққан. Барлас руы – түркі тілдес тайпалардың бірі).
Жалпы түркілерге ортақ тұлғаларды осылай иемденуге бола ма?
Оғыз хан құрған тұңғыш Ұйғыр империясының туы.
(Тарихта «Оғыз хан Ұйғыр империясын құрды» деген дерек жоқ).
Ғұн-ұйғыр мемлекетінің әскери туы.
(Ғұн-қазақ, ғұн-қырғыз деп бөлуге ешкімнің хақысы жоқ).
Осы кітапта тағы бір қызық жайт бар. Ешқандай түсініктемесіз біраз тұлғалардың суреті жарияланған. Мәселен, Бумын қаған, Күлтегін, Еділ патша, Тұмар ханшайым (Томирис), Оғыз хан т.б. Барлығының да кескін-келбеті ұйғыр ұлтының өкіліне ұқсатылған. Бұл санаға жасалып жатқан шабуыл емес пе?
Нәбижан Мұхаметханұлы, тарихшы:
– Жалпы, оларда бүкіл түркілерге ортақ құндылықты «тек ұйғырлардікі» деп қарайтын үрдіс бұрыннан бар. Ұйғыр ұлтының кейбір тарихшылары бір-бірінен көшіріп, осындай бұрмаланған тарих арқылы жастарды сепаратистік пиғылға итермелегісі келеді. Мысалы, Қасым Масими, Тұрғын Алмас секілді ғалымдардың осы пиғылдағы кітаптары туралы бірнеше мақала жазып, тарихи шындықтың бетін ашқан болатынмын. Меніңше, мұндай кітаптың Қазақстан аумағында оқылымда болуы қауіпті. Себебі мұндай кітаптар сепаратистік үгіт-насихат құралы болып саналады. Сол үшін де ұлтараздығын туғызатын, сепаратизмге шақыратын әдебиеттерге шектеу қою қажет.
«Алаш айнасының» түйіні
Тұрсын Ислам Ниязұлы кітабының сілтемелерінде Қазақстандық ғалымдардың да еңбектері жүр. Мәселен, Алмас Тұрғынның «Уйгуры» (2008 жылы Алматыда жарық көрген), Сәбит Әбдірахманның «Уйгурнама» (2005 жылы Алматыда жарық көрген), Қасым Масимидің «История уйгурской державы» (2000 жылы Алматыда жарық көрген) атты кітаптары. Қазақстанда басылып шыққан бұл кітаптарда не жазылған? Оларда да осындай бұрмалаушылық бар ма? Ендігі сауал осы...