Түркмен газы: байлықтан бас ауруға айналар түрі бар
Президент Құрбанұлы Бердымұхамедовтың жуырда Түркияға жасаған сапары Түркменстан газын Еуропаға сату жайлы келісіммен аяқталды. Президенттің бұл шешімі Орталық Азия аймағын өз бәсіресі санайтын Ресей мен Қытайдың қытығына тиері анық. Түркмен газының Еуропаға сатылуына Иран да мүдделі емес. Осыған орай бұл экономикалық келісім геосаяси түс алып, онсыз да мәз болмай тұрған ресми Ашхабадтың жағдайын шиеленістіретін сыңайы бар.
Украина дағдарысынан соң Ресеймен қарым-қатынасы нашарлаған Еуропа орыс газына балама ретінде Кәрі құрлыққа газ экспорттауы мүмкін басқа мемлекеттерді іздей бастады. Сарапшылардың пікірінше, Америкадан тақта тас (сланц) газын экспорттау Еуропаға тым қымбатқа түспек, ал азамат соғысының отына оранған Ливиядан газ тасымалдау мүмкін болмай тұр.
Табиғи газды Еуропаға Түркия арқылы жеткізуге арналған Трансанатолиялық газ құбырын (TANAP) салу осы жылдың сәуірінде басталмақ. Бұл құбыр арқылы Әзірбайжан мен Түркменстан газы Еуропаға жеткізілмек. Бұл желі арқылы жылына 16 миллиард текше метр газ тасымалданады деп күтілуде. Бұл желінің негізінен Түркия арқылы өтуі Анкараның Брюссельмен жалғасып келе жатқан текетіресінде қуатты көзір болады деген жорамалдар бар. Сол 16 миллиардтың 6 миллиардын Түркия өзіне қалдырып, қалған 10 миллиардын Еуропаға жібермек. Сарапшылар бұл 10 миллиард текше метр газ Еуропаның энергетикалық мәселесін шешпейді деп санайды. Түркмен газы TANAP-ға желісіне құйылуы үшін Каспи теңізінің түбімен құбыр жүргізілуі керек. Сарапшылардың пікірінше, Иран мен Ресейдің бұған келісе қояры екіталай.
Қытай жайлы да ұмытпаған жөн. Қытай Түркменстаннан келетін газдың тұрақты түрде жеткізілуіне мүдделі. Энергетика саласын біртіндеп көмірден газға өткізіп жатқан Қытай елі алдағы уақытта экспорт көлемін жыл санап арттыра бермек. Ресейлік сарапшылар ресми Ашхабадтың газ экспортының Еуропа бағытын күшейтуге ынталы екенін, таразының басы Кәрі құрлыққа қарай ауа бастағанын айтады.
Ал Түркменстанның мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі елде газ ресурсының жеткіліктілігін, Ашхабад жылына 10 миллиардтан 30 миллиард текше метрге дейін Еуропаға газ экспорттау мүмкіндігі бар екендігі жайлы мәлімдеді.
Түркменстан табиғи газ қоры бойынша әлем елдері ішінде 5-і орында тұрады. Осы ұшан-теңіз байлықты қалаған бағытта экспорттап, оның қызығын көру бүгінде қиын шаруаға айналып тұр. Газ бен мұнайға бай елдер қашанда ірі империялардың арасалмағы мен мүдделер теңгерімін ескеріп отыруға мәжбүр. Бұлай болмаса, мұнайлы елдер соғыс пен төңкеріске кезіккіш мұңды елге айналуы әбден мүмкін. Сондықтан геосаясатта мұнай мен газды алғыс пен қарғыстың ортасындағы ресурс деп атайды.
oinet.kz