Өткен аптада Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымын экстремистік ағым деп тану және Қазақстан Республикасында оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарды. Енді еліміз үшін әлемнің 150 елінде қанатын кеңге жайған, 70-80 млн-ға жуық мүшесі бар «Таблиғи Жамағат» ағымы экстремистік ұйым болып есептеледі. Бірақ біз осы ағымның немен айналысатынын, өзгелерден қандай айырмашылығы бар екенін білеміз бе? Жоқ. Сол себепті де Үндістанның Кандаһла штатының Саһарнуфур деген жерінде дүниеге келген Мұхаммед Ілияс әл Кандаһлауи (1885-1944) іргетасын қалаған таблиғ жамағатының басты ерекшеліктерін айқындап, ол жолдан бұқараны сақтандыру һәм қоғамдық пікір туғызу мақсатында көзбен көрген жайларды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Машура, Әмірсаф…
Жұма күні болатын. Мешітке келдім. Сағат екі жарымдар шамасында дағауатшылар машура (олар өзара кеңесін машура деп атайды) өткізуі тиіс (жуырда бір жігіт маған уағыз айтып, «Алла жолына» үш күндікке шығуға үгіттеп, қайда кездесетінімізді айтқан-ды). Бір кезде мешіттегі «сүннет киім киген сақалдылар» бір-бірлеп екінші қабатқа көтеріле бастады. Мен де сол жамағаттың бірі болып соңдарынан ілестім. Шамамен 20-ға жуық адам жиналып, машура басталды. Олар «Алла жолында үш күндікте, қырық күндікте, төрт айлықта жүргендерді қайда жіберуге болады?» деген секілді сұрақтарға кеңесе отырып, жауап табысты. Сонан кейін ғана Алла жолына үш күндікке кетіп бара жатқан біздің мәселеміз қаралды. Машураның шешімімен, алты адам Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Маловодное ауылына баратын болдық. Сол алты адам аталмыш кеңестен соң, тағы да машура өткізіп, арамыздан Елдос есімді жігітті әмірсаф (Алла жолына шығатын жамағаттың басшысы) етіп тағайындадық.
Мүзәкәрә…
Біз артынып-тартынып, буынып-түйініп аттанамыз дегенше күн екіндіден ауды. Осылайша Алматыдан 64 шақырым қашықтықтағы Маловодное ауылына бет түзедік. Жолға шығысымызбен Алла жолының амалы басталды. Ол амалдың аты – мүзәкәрә, яғни қайталау амалы. Әмірсаф: «Алла жолына бес дұрыс мақсатта шығамыз», – деп бес мақсатты айтып шықты. Сол айтылған жайды алтауымыз да кезек-кезек қайталауымыз керек. Сонан кейін Алла жолына үш мақсатта шығуға болмайтыны айтылып, қайталанып жатты. Ұққанымыз, дағауатшылар бұл сапарға бірінші сауап алу, екінші берекет тілеу, үшінші үйрету үшін шықпайтын көрінеді.
Келген бетте Құлжа күре жолы қақ жарып өтетін Маловодное ауылының мешітіне ат басын тіредік. Ақшам намазы оқылған соң, машура жасадық. Бұл кезде дағауатшылардың осы ауылдағы Айдын мен Сәрсенбі атты өкілдері келіп қосылған болатын. Талқыға салынған мәселе: «Қайда барамыз? Қайда түнейміз?» Жалпы, дағауатшылар осы ауылға келгенде қонатын бір бос үй бар көрінеді. Ол жерге бір айдан бері ешкім бармапты. Біздің келетінімізді білсе, бәрін реттеп қойғандай екен. Амал не? Машурада келісе келе, біз Сәрсенбінің үйіне баратын болып шештік.
Ертесінде… Қызметші, ибон…
Кеше жатарда машура өткізіліп, бұл күні істелер амалдар пысықталып қойған болатын. Әрқайсымыздың мойнымызға жауапкершілік жүктелген. Екі жігіт – қызметші болып тағайындалды. Олар осы күнгі ас-ауқатты дайындайды, үйді жинастырады, су әкеледі, тағы тағылар... Бір адам – ибон. Оның қызметі жамағатты ғибадатқа шақыру, ояту, амалдарды хабарлау... Сосын, тамақ әдебін айту, талим, бесін, шамбаяндарын орындау, тәһәжүдтің маңызы мен ұйқы әдебін айту секілді қызметтер бөлінді. Ояна салып мешітке барып, таң намазын оқыдық. Сосын Сәрсенбінің үйіне келіп, ғибадатымызды бастап келіп жібердік. Алғашқы ғибадаттың атауы – талим. Кітаптан хадистер оқылды. Тыңдадық. Сосын мүзәкәрә амалы жасалды. Бұл амал бойынша, білетін сүрелерімізді қайталадық. Онан кейін Алла жолындағы мұсылманның алты сипатын қайталадық. Дағауатшылар осы алты сипатты қайталаудан жалықпайтын сияқты. Өйткені олардың бар айтатын уағызы да, жасайтын амалдары да осы сипаттарға шідерленген. Сипаттардың мақсаты мен пайдасы көп айтылады. Сол арқылы осы жолдағы ағайындар о дүниеде жақсылыққа кенелетініне шүбәсіз сенеді.
Гәш амалы, мүтәкәлим, дәлел, кәләм жүніс…
Гәш амалы дегеніміз – елді дінге, мешітке шақырудан тұрады екен. Оның да өзіндік қағидалары бар. Үш немесе екі адам дағауат айтуға көшеге шығады. Бұл үшеуінің бірі – әмірсафтың, яғни басшының қызметін орындайды. Ол көшеден жүріп-тұру қағидасын, кездескен адамға «дағауат айту керек пе, жоқ па?» деген секілді мәселелерді шешеді. Ал екі адам шыққан кезде әмірсафтың қызметінің қажеті шамалы. Бар мәселені өздері шеше береді. Осы үшеудің бірі мүттәкәлим болады. Жалпы, дінге шақыратын, уағыз айтатын – сол. Үшінші адамның қызметі дәлел деп аталады. Оның қызметі едәуір жеңіл. Кездескен адаммен амандасады. Сосын қасындағы жігітті «тыңдап қойсаңыз» деп өтініш жасайды. Онан кейін ол да мүттәкәлимнің уағызын ұйып тыңдауға міндетті. Сөйлеуге, ой қосуға құқы жоқ. Бұл – көшеге шығатындардың қызметі. Мешітте кәләм жүніс қалады. Оның атқарар шаруасы – мешітке дағауат айтушылар әкелген, я өзі келген жандарға дінді түсіндіру. Бір адам мешіттің шыға беріс есігінде қалады. Ол әрі-бері өткен тұрғындарды мешітке шақырады. Аса көп уағыз айтпайды. Келушілерді күтіп алып, ішке кіргізеді. Бұл кезде тағы бір дағауатшы «дұғада» отырады. Ол Алладан осы амалдың қабыл болуын, осы ауылдың, қала берді, бүкіл әлемнің осы жолға келуін тілейді.
Иманзарлы үйлер
Осы сапарда бәріміздің еншімізге қызмет бұйырды. Менің қызметім – дәлел болу. Қасымдағы мүттәкәлим Елдос. Адам аз болғандықтан, әмірсафтықты Елдос өзі тындырады. Гәш амалына 40 минут уақыт бөлінген. Мешіттен дағауат айтатын екі топ шыққан едік. Екі тарапқа аттандық. Елдос әрдайым иман жаңартуды (осы жолдың дұрыстығына сену), мына үйлердің бәрі иманзарлы (иманға зәру) екенін еске салып отырды. Бұған дейін бұл жамағаттағылар үй-үйдің есігін қағып, дағауат айтып келіпті. Біз машурада ешкімнің есігін қағып мазаламайтын болып шешкенбіз. Біраз жүргеннен кейін жолдың қарсы бетінен бір аға кетіп бара жатқанын көрдік. Дереу жолдан өтіп, амандастық. Дағауат айта бастап едік, ағамыз асығыс екендігін айтып, ұзай берді. Онан кейін екі жігіт кездесті. Оның біреуі осы жамағаттың мүшесі екен. Қасындағы жігітті мешітке келуге үгіттедік. Мұнан кейін тағы да екі жігіт кездесті. Біреуінің қолында сыра. Уағызды бастағанда сырасы бар жігіт ұялып қалды. Қолындағы сусынын артына тығып ұстап тұрды. Осы сәтте ар жақтан тағы бір кісі келіп, бізді тыңдады. Қош! Іштей біртүрлі сезімде болады екенсің. Көшедегі дін таратушы миссионерлерді көріп, ыза болушы едім. Мына адамдардың ішінде не жатыр? Біз жайлы не ойлап тұр? Осы дағауат олардың жүрегіндегі Аллаға деген іңкәрлікті оята ала ма? Белгісіз. Белгілісі, 40 минут көзді ашып-жұмғанша өте шықты.
Қайтар жолда «Иә, Алла, біз сахабалар секілді дағауат жасай алмадық. Бізді кешіре гөр» деп іштей өкініш білдіріп, истиғфар (Алладан кешірім сұрау) айту, мешітке келген соң кездескен адамдардың дінге келуі үшін дұға жасау қажет. Ақшам намазынан кейін шамбаян амалы орындалды. Біз гәште кездескен адамдарды ақшам намазынан кейін мешітке келуге шақырған болатынбыз. Бірақ біз шақырған жандардан ешкім де келмеді. Яғни жамағатқа жаңа мүше қосылған жоқ. Десе де, осы ауылда тұратын 4-5 таблиғшылар келген екен. Қарамыз көбейді. Бәріміз «Алдағы айда да Алла жолына үш күндікке шығамыз» деп ниет етістік. Әмірсаф әркімнен қашан, қай уақытта шығуға мүмкіндігі бар екенін сұрап жатыр. Осымен біте салмады, 40 күн, төрт айлыққа да ниет жасатқызды. Мұнан кейінгі болған оқиғалар мен істелген амалдар кешегіге ұқсас. Оны қайталап жатудың реті жоқ білем...
Кәргүзәли-түйін немесе сөз соңы
«Таблиғи жамағатты» халықаралық ұйым дегенімізбен, елімізде ресми тіркелмеген. Ағым мүшелерін қалың бұқара дағауатшылар деп қана таниды. Бүгінге дейін ұйымның арнайы орталығы, ресми тіркелген жері болмағандықтан да, ішкі істер органдары олармен заң аясында жұмыс істей алмай келген еді. Көше кезіп, үй-күйсіз жүретін, мешіттерге түнеп, келімді-кетімді азаматтарға уағыз айтатын таблиғшылар осы орайды жақсы пайдаланып, ел аумағындағы идеологиясын тарата берген-ді. Енді міне, Алла жолына шығып келген соң, жамағаттың ғибадатты түйіндеп жасайтын кәргүзәли амалы секілді кәргүзәли түйінді жазуға мүмкіндік алып отырмыз. Яғни сіз егер де біз айтқан машура, мүзәкәрә, гәш, әмірсаф т.б секілді сөздерді жиі қолданатын ағым мүшелерін кездестіре қалсаңыз, абай болыңыз… Олар таблиғи жамағатшылар болуы әбден мүмкін. Біздің бар айтпағымыз – осы…
Тақырыпқа орай
Қаңбақ ғұмыр
Тепсе, темір үзетін жап-жас жігіттер. Таблиғи жамағаттың торына түскен. Осы жолдың ең игі жол екеніне имандай сенеді. Бізге әйтеуір қонатын жер табылды. Естуімізше, осындай сапарға шыққан кейбірінің барар жері болмай қалады екен. Көрпе-жастығы бар емес пе, соны төсеп, кез келген жерге аунай кетеді. Сөйтіп жүріп уағыз айтады, елді мешітке шақырады. Пайғамбарымыздың сүннеті деп сақал қояды. Сүннет киім киеді. Әрине, не істесе де құқылы. Бірақ сырттан көргендер «мұсылмандықтың көрінісі мынау болса, ондай мұсылмандығына рақмет» демесіне кім кепіл? Дағауатшылар қолдан келсе, айына үш күнге Алла жолына шығып тұруға тиіс екен. Жылына осы үш күндіктердің сыртында 40 күндікке сапар шегеді. Ал енді өмірінде бір рет төрт айға Алла жолына шығу – міндет. Айына үш күн деп есептегеннің өзінде жылына 36 күн, оған жылдық 40 күнді қосыңыз... Үй бетін көрмей, екі жарым ай сапарда жүреді деген сөз. Бұл қатып қалған қағида емес. Айына үш күндіктің, жылына 40 күндіктің бірнешеуіне шығатын ғұламалар (тақуаларын өздерінше осылай атайды) бар. Ал төрт айлықтың бірқаншасын өткергендер де жетіп-артылады. Сол 40 күндік пен төрт айлық сапардың бір парасы шетел асады. Негізгі бағыт – Үндістан. Яғни бұлар ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ ғұмыр кешіп жүр. 40 күнге көрпе арқалап кетіп бара жатқаныңызды ойлаңызшы. Жүрек ауырады. Әрине, соған татитын тереңдік, соған татитын ілім, соған татитын тазалық болса, құба-құп.