Кеше Алматы қаласында ел ішіндегі және аймақтағы саяси құбылыстарды қарастыратын Қазақстан саяси шешімдер институты (СШИ) атты жаңа зерттеу орталығы ашылды.
Аталған институт бұқаралық саясаттың инфрақұрылымын дамытуды және қоғамдық саясаттың барлық азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұран етіп көтереді. Институт тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясы барысында сарапшылар өздерінің алғашқы зерттеу жұмысымен таныстырып өтті. «Бісмілләсі» Қырғызстандағы президенттік сайлау мәселесі екен. Институт сарапшыларының сөзіне сенсек, олардың өзге зерттеу орталықтарынан айырмашылығы оқиғаны алдын ала болжап, себептерін баяндап қана қоймай, кез келген жағдайдан шығудың жолдарын қарастыруы болып табылады. Институттың ендігі зерттеу нысанасы Орталық Азияның келесі бір мемлекеті – Өзбекстан болмақ.
Баспасөз конференциясы қонақтарының айтуынша, Қазақстанда да Орталық Азия аймағындағы өзге мемлекеттердегідей билік пен халық екеуі екі бөлек кеңістікте өмір сүріп жатыр. Қара халық елдегі болып жатқан құбылыстардың себептерін жете түсіне бермейді, кейде құлық танытпайды. Ал бизнес, ғылым, мәдениет өкілдері саяси шешімдерді қалыптастыруға қатыспайды. Қысқасы, «саясат» деген ұғым халық үшін тұманды бейне болып отыр. «Сондықтан біздің көздеген мақсатымыз – қоғамдық саясатты халыққа ұғынықты, қолжетімді ету», – дейді СШИ-дің бас директоры Бақытжамал Бектұрғанова.
Кешегі баспасөз конференциясының барысында жаңа институттың сарапшы мамандары өз сөздерін өзге зерттеу орталықтарын сынға алудан бастады. Және өз жұмыстарының барысында қолданатын әдіс-тәсілдердің Батыс елдерінен алынған, еліміз үшін тың екендігіне сендіріп бақты. Қазақстандық зерттеу орталықтарын былай қойғанда, ТМД аумағындағы институттардың өзі азаматтық бақылау мен билікке әсер етудің тиімді механизмдерін пайдаланбай, ескірген тәсілдермен пайымдау жасайды екен. «Біз түйткілді сұрақтар мен маңызды мәселелерді талқылау барысында біржақты болудан, ашып сөйлемейтін әдеттен аулақ боламыз», – дейді келесі бір сөзінде институт директоры. Зерттеу институты өз жұмысының аясына шектеу қоймайды. Мемлекеттік саясаттан бастап, аймақтық, геосаяси деңгейдегі тақырыптарды да нысана етуге дайын. Жұмыс істеу барысында көптеген әдіс-тәсілдерді қолданатын болады. Атап айтқанда, «панелді» пікірсайыстар, брейн-сторминг, дөңгелек үстелдер, конференциялар, брифингтер, пікірталастар, қоғамдық тыңдаулар, рауттар, саяси зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастыру көзделуде.
Бақытжамал БЕКТҰРҒАНОВА, Саяси шешімдер институтының бас директоры:
– Халықтың саясатқа деген көзқарасы салғырт болып отыр. Белгілі бір саяси шешімдерге байланысты пікір білдірушілер жоқтың қасы. Ел тұрғындарының осы мінезі жалғаса берсе, бұл құбылыс азаматтық қоғамның дамуына тежеу болады. Біздің мақсатымыз – билік өкілдерімен қатар, қарапайым халықпен де етене қарым-қатынасқа түсу, оларды үлкен істерге, сын мен пікір айтуға шақыру. Көңіліне жағатын саяси партиялардың саясатын қолдауға үгіттеп, Парламент немесе басқа да саяси институттарда болып жатқан оқиғаларға назар аударту. Біз институт жұмысында қоғам өкілдерінің барлығын ескеретін боламыз.