"Ресей президенті қазақтарды ренжіткісі келмеген" деп кеше ғана орыстың елшісі-күйшісі түсініктеме беріп ақталған еді. Бірақ бұл кешірімнің ыстық-суғы басылмай жатып, ресейлік этносаясаттанушы бүйректен сирақ шығарды. Этносаясаттанушы Владимир Хандрусай РФ президенті Путиннің "Қазақ мемлекеттілігі болмаған" деген ойына ашық пікірін білдіріп, алдағы оншақты жылда Қазақстанның бөлшектеніп кететінін айтты, - деп хабарлайды "Алаш айнасы" басылымы «asiarussia.ru» сайтына сілтеме жасап. Мұны Ресейлік этнополитолог asiarussia.ru сайтына берген сұхбатында айтқан. Ол "1936 жылға дейін Қазақ мемлекеттілігі болды ма?" деген сұраққа да жауап берген.
Владимир Хандрусай "Селигердегі" Х жастар форумында РФ президенті В.Путин айтқан "Ешқашан да мемлекет болмаған территорияда мемлекет құрылды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болған жоқ" деген пікірін қолдайды.
"Путин тарихшылардың ойын дұрыс жеткізді, қазақтарда (КСРО-ға дейін) мемлекеттілік болмаған. Қазақ ұлтшылдары "бізде Ұлы Қазақ хандығы, державасы болған. Олар әлемдегі ірі мемлекеттермен сауда-саттық жасады, бәрі бабаларымыздан қорыққан" деп алдап келеді. Мұны дәлелдеу үшін олар оқулықтар, көркем шығармалар арқылы Қазақ хандығының болғанын жазуда. Бірақ бұл жалған. Бұқар, Қоқан, Хиуа, Жоңғар, Қазан, Қырым, Сібір, Ноғай секілді хандықтар болды, мұны айғақтайтын құжаттар, бұлтартпас деректер бар. Тіпті орыс-казактарының жаулаушы екенін айғақтайтын мәліметтер жетерлік. Ал Қазақ хандығы жайлы бір жолдық жазба жоқ. Оның болғаны жөнінде құжат та жоқ. Бұл – бірінші.
Екіншіден, ұлтшылдардың ұстанымымен жүруге болмайды. Олар бізге Қазақ хандығы туралы ертегі айтып, жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан қазақ болды дегісі келеді. Олардың қалағаны осы. Олар бізге сеніп, тұралап қалсын деген ниетпен принципті түрде бәрін жау санайды. Қазір олар жүздердің Қазақ хандығының құрамында болғанын мәлімдеуде. Жүздер қудалауға түскен әртүрлі мал бағушы, ешқандай жазбамен рәсімделмеген, бір жұрттан екінші одаққа еніп жүрген қарақалпақ, түркімен, өзбек, башқұрт, жоңғар, ойрат, қалмақ, орыс-казактары секілді көрші ұлттардан құралған.
Осы жүз атауы бірыңғай қазақ этносының жұтаған жұрттардың бірлестігінен пайда болғанын білдіреді. Қазір Қазақстанда этностарды ығыстырып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Барлық атауды қазақшаға аударып алды. Енді РФ құрамындағы қалаларды да, Омскіні – Омбы, Саратовты – Сарытау т.б атауларды қазақыламақшы. Шыңғыс ханды қазақ деп мәлімдеп, бүкіл әлемге белгілі халықтың тарихын барымталады. Якуттардың елтаңбасын меншіктеп, Балтық жағалауындағы жазбаларды иемденіп алды.
Қыпшақтардың Қобыландысын ұлттық қаһарманға айналдырды. Көршілердің ортағасырлық Отырар, Тараз қалаларын өздерінікі етіп, өзбектерден Алпамыс эпосын иеленбек.
Қалмақтар мен орыстардың, жалпы барлық көршілерінің осы күнге дейінгі тарихы осындай. Қазақтың ашықтан ашық, жабайы, арсыз ұлтшылдығы ТМД елдеріндегі антиқазақтық реакцияға себепкер болып отыр".
Қазақты осылай қаралаған этносаясаттанушы қазақ ұлтының қалай пайда болғанына да тоқталыпты. Оның сөзіне сенсек, Өзбек ұлысының ханы Әбілқайырдың билігінен бірінші болып, әскери қызмет етпеу үшін бос жатқан сахараға арғындар (моңғолдар) қашып кеткен. Сол моңғолдардан кейін әскери жұмыстан бас тартқан түріктер, ноғайлар, қыпшақтар қосылып, еркін көшіп-қонып жүретін бұратанаға, міскін-қазақ қауымдастығына айналған. Көрші мәдениетті халықтар бұл міскін-бомждарды (ұстап алып өлтіріп, сата беруге болатын қашқын қылмыскерлерді) "қазақтар" деп атапты-мыс. Саясаттанушы осы сөздері арқылы "қазақтар кеңестік биліктің «аялы» алақаны арқылы ғана жеке мемлекеттілікке қол жеткізді" дегенді айтқысы келеді.
Тіпті ол қазақ ұлтына кіретін руларды жеке халық ретінде суреттейді. "Олар найман, алшын, адай, қыпшақ, ноғай және осындай ондаған халықты өтірікпен арбап мәңгүрттендірді. Қазір республиканы федерализациялауды, оларға жекелей билік беруді талап ететіндер бар, олардың кейбірі Қазақстанды РФ құрамына ену мәселесін де көтереді", - дейді ол.
Этносаясаттанушы Владимир Хандрусай Керей мен Жәнібек хандардың қазақ хандығын құрғанына күмән келтіріп, 1757 жылы Абылай ханның 6 мың сарбазбен қытайдың 40 мың әскеріне қарсы тұрғанын жоққа шығарады.
Хандрусай: "Қазақтың жауы – қазақ" деген тіркестен-ақ олардың сан этностан құралғанын көреміз" дей келіп, алашордашыларды да түйреп өтіпті. "ХХ ғасырдың басында оқыған азаматтар қазақ үшін, Қазақстан үшін күрескен жоқ, олар түрік үшін, Түркістан үшін күресті. Бұл нені білдіреді? Өйткені олар өздерінің кім екенін, кім болғанын білген жоқ".
Этносаясаттанушы осылай ойына не келсе, соны айтып отырып, біздің жазбамыздың һәм архитектуралық ескерткіштеріміздің жоқтығын да тілге тиек етеді (ескерткіштерді орыс отарлаушылары қиратқанын біле тұра). Сонымен қатар "Алшын руы – қазақтың жауы", Тарихта қазақ пен алшынның арасын байланыстыратын ештеңе жоқ" дей келіп, рулардың тәуелсіз ел болғысы келетініне тоқталады. "Мысалы, Тәуелсіз Адайстан. Мұны бір этностың рушылдық-трайбализмі емес, этниаралық дүрдараздық деп бағалау қажет. Мұндай жағдайды ажырату арқылы (Қырым секілді) немесе федерализациялау арқылы шешуге болады.
Этносаясаттанушы Қазақ ұлтын негізсіз бөліп қана қоймай, алда не істеуіміз қажет екенін де жіпке тізіпті.
"Қазақтардың алдында екі таңдау бар. Біріншісі – қатаң унитарлы басқару. Мұндай жағдайда бір рудың басы елдегі барлық мәселені шешеді. Тіпті орыс тілді облыстарға, алшындарға, адайларға, наймандарға және т.б.-ға қатысты ұлттық саясатты құратын болады. Ол түптің-түбінде тығырыққа апарып тірейді. Екіншісі, "Мәңгілік ел" жобасымағын құрғанша, Қазақстан Федеративті Республикасын орнатқан жөн". ТМД картасы жақын аралықтағы он жылдықта көз алдымызда өзгереді. Қазақстан алдында бір-ақ жол бар. Дереу арада федерациялау мен демократияландыруды қолға алу қажет. Әйтпесе Украинадағы жағдай қайталанады".
"Алаш айнасының" түйіні
"Ит үреді, керуен көшеді" дей салуға болар еді. Бірақ этносаясаттанушы Владимир Хандрусайдың бір ұлтты қаралап, тарихын жоққа шығаруы тегіннен-тегін жасалып жатпаған сияқты. Бұл – Қырымдағы сценарийді Қазақстанда қайталауды қалайтын кейбір орыс ұлтшылдарының сандырағы. Олар, біріншіден, "Ресейдің бірнеше мемлекетке бөлінуі мүмкін бе?" (Ресейдің бірнеше мемлекетке бөлінуі мүмкін бе?) атты мақаланы оқығаны жөн. Себебі қазір әлемдік сарапшылар 2015 жылға қарай РФ-ның ыдырауы мүмкін екенін айтуда. Екіншіден, біздің Сыртқы істер министрлігі Владимир Хандрусайдың арандатушы сұхбатына байланысты нақты қадамдарға барып, оның халық алдында кешірім сұрауын талап етуге тиіс.