Ресейдің жеңіске жетуіне Батыс елдері жол бермейді. Олар Украинаға соғыс ашқан Ресей жеңіске жетсе, оның салдары әлем үшін өте ауыр болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Украинаның жеңілісі жаһандық зардаптарға, соның ішінде өз мүдделерін қорғайтын Батыс альянстарының беріктігіне әсер етеді. Осылай деген АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Эврил Хайнс бір жылға жуықтаған соғыста қай елдің жеңіске жетуі керек екені туралы айтты.
«Егер Украина жеңіске жете алмаса, әлем үшін салдары ауыр болады. Шынымды айтсам, Украинадағы қақтығыстың жаһандық салдары бар екені анық», – деді ол Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде.
Бұған дейін НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинадағы қақтығыстағы жеңісі НАТО-ның жеңілісі болады деп мәлімдеген еді. Бірақ ол Брюссельде альянс елдерінің қорғаныс министрлерінің отырысында бұған жол берілмейтінін айтқан.
«Украинаның жеңіске жетуі маңызды. Егер Путин жеңіске жетсе, бұл Украина үшін үлкен жеңіліс қана емес, бәріміз үшін де жеңіліс болады, өйткені бұл әлемді қауіпті етеді және бізді Ресей агрессиясына осал етеді», — деген еді Столтенберг.
Сондай-ақ бұған дейін Америка президенті Джо Байден Украинадағы соғыс Ресейдің табысқа жетуіне жол бермеу керек екенін мәлімдеген болатын.