Қызылорда облысының жұртшылығы қазіргі географиялық сағаттық белдеудегі уақыт өлшемінің қолайсыздығын тартып отырған жайы бар. Осы мәселені алға тартқан 1500 адам қолдарын қойып, сенаторларға хат жазған екен. Бүгін Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы әлгі 1500 қызылордалықтың хатын Үкіметке қарай итеріп салды.
Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутат Бақтиярұлы 2015 жылдың наурызынан бері Қазақстанда «жазғы» және «қысқы» уақытқа көшу тоқтатылып, бұған дейін, тіпті бұрыннан Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарымен бір сағаттық белдеуде болып келген Қостанай және Қызылорда облыстарының уақыт өлшемін дағдылы уақытынан 1 сағат ілгері жылжыту туралы шешім қабылданғанын еске салады. «Бұрыннан қалыптасып қалған және де үйреншікті әрі дағдылы уақытты халықаралық уақыт белдеуіне сәйкестендіру мақсатында өзгертіле салынған бұл уақыт өлшемінің жергілікті халыққа қолайсыз болатындығына сол кезде министрлік те, жергілікті атқарушы органдар да жете мән бермеген сияқты. Қостанай облысы Астанаға жақын болғандықтан уақыттың бір сағат ілгері ауысқаны бұл өңірдің халқы үшін көп әсер етпейтін де болар. Ал,уақыттың бір сағат ілгері ауысқандығы Астана мен Алматыдан 1200 шақырым қашықтықта жатқан, шығысынан батысына дейін 850 шақырым болатын жер көлемі бар, еліміздің батыс өңіріне жақын, экологиялық апат аймағында орналасқан Қызылорда халқы үшін өте тиімсіз әрі қолайсыз», - деген сенатор қаарпайым қызылордалықтардың уақыт айырмашылығына қатысты мұңына ешбір орган мән бермегенін айтып налиды.
Депутаттың айтуынша, 2005 жылдың 15 наурызына дейін табиғи жергілікті уақытпен, яғни Астана уақытынан бір сағат кейін жүретін Қызылорда облысында таң бір сағат кейін атып, күн бір сағат кейін бататын. «Демек бұл таза географиялық белдеуге сәйкес табиғи уақыт. Осы табиғи, дағдылы, үйреніскен биологиялық уақытты бұзу облыс халқының тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ырғағын бұзды. Бұл әсіресе күз, қыс, көктем мезгілдерінде қатты сезіледі. Таңертен балабақшаға, мектепке баратын балалардың ұйқысынан табиғи уақыттан бір сағат ерте тұруы, тас қараңғыда мектепке баруы балалардың денсаулығына, қала берді сабақ үлгеріміне кері әсер ететінін мұғалімдер де, дәрігерлер де үнемі айтып келеді. Сонымен қатар соңғы тоғыз жылдың ішінде мектеп жасындағы балалардың арасында ауыршаңдық көбейіп кеткен. Оның үстіне уақытты бір сағат ілгері көшіру электр энергиясын артық шығындауға соқтырып отыр», - дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Сосын сенатор уақыт стандартының әртүрлі болуы Қазақстан сияқты аумағы үлкен мемлекетке тән нәрсе екенін, тіпті көрші Ресей мемлекетінің барлық өңірлері Мәскеу уақытымен жүре бермейтінін айтады. «Ресейде он бір түрлі географиялық уақыт белдеуі бар. Географиялық табиғи уақытты бұрынғы қалпына келтіру ешқандай қаржылай шығынды да қажет етпейді. Сондықтан да, кезінде мамандардың, жергілікті тұрғындардың пікірін білмей, ескермей асығыстау қабылданған шешімді қайтадан жан-жақты зерттеп, облыс тұрғындарының, мамандардың пікірін негізге ала отырып, оң шешім қабылдаса деп Үкімет басшысынан сұраймыз», - дейді депутат Бақтиярұлы.