Қос «дінтанудың» қайсысын таңдаймыз?

Жастардың сырт келбетінде сақал, орамал сияқты өзгерістер пайда болып, діни таным өзінің құбылыстық келбетін көрсете бастаған соң, дін мәселесінің қоғамдағы өзектілігі артып жатыр. Бір кездері тек ЖОО орындарының кейбір мамандықтарына ғана пән ретінде енгізілген «Дінтану» сабағының мектептерге де жаппай енгізіле бастауы түрлі пікірталастар тудырумен келеді. Солардың соңғысы «Мектептердегі дінтану пәніне қай оқулықты таңдаймыз?» деген тақырыпта жүріп жатыр. Қазір Қазақстанның жалпы орта білім беру мекемелері Білім және ғылым министрлігімен бекітілген профессор Д.Кенжетайдың «Дінтану» оқулығын пайдалануда. Алайда оған балама ретінде академик сенатор Ғ. Есімнің «Дінтану негіздері» оқулығы да ұсынылуда. Д.Кенжетаев, Н.Асқаров, Ө.Тұяқбаев деген автор­лар­дың оқулығымен жарақтанып қойған мектептер енді қайта­дан оқулық ауыстырып, шығындаламыз ба деп алаңдап отыр.
Мәселеге түсінік беру үшін оқиғаны басынан баяндайтын болсақ, алдымен 2009 жылы Қазақстанның Білім жә­не ғылым министрлігіне философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің жетекшілігімен құ­рас­тырылған «Дінтану негіздері» атты оқу­­лық ұсынылады. Білім және ғылым мини­стрлігі бұл әдебиетті арнайы сарап­тамаға өткізеді. Алайда сараптама нәти­жесі бұл әдебиетті оқулық ретінде пай­далануға жарамайтынын көрсетіп, қай­та толықтыруға жібереді. Осылайша, атал­ған оқулық сан рет толығып отырып, бас-аяғы 11 мәрте сараптамадан өтпей қалады. Ақыр соңында арнайы сараптау комис­сиясымен «оқу құралы» ретінде бе­кі­тілген әдебиетті сенатор Ғарифолла Есім «Білім министрлігімен бекітілген» деген таңбамен мектепке арналған оқу­лық ретінде баспадан шығарып жібереді. Мұның арты шуға айналған соң, аталған оқулықтар пайдалануға жарамай, қайта өңделіп басылып шығады. Ал БАҚ беттерінде Ғ. Есім құрастырған «Дін­тану негіздері» оқулығының мектеп оқушыларының түсінігіне өте ауыр болып келетіні және тым ғылыми әрі монографиялық сарынға ие екені жазылып жатты.
Осы уақытта Білім және ғылым министрлігіне профессор Досай Кенжетайдың жетекшілігімен құрастырылған «Дінтану» оқулығы сараптамаға ұсынылады. Сараптамадан өткен бұл оқулықты Білім министрлігі де бекітеді. Алайда оқулық дауы Министрліктің мөрімен аяқталған жоқ. Сенатор Ғарифолла Есім Д.Кенжетайұлының «Дінтану» оқулығы мектептерге жарамсыз деп есептейді екен. Оның орнына бұған дейін министрлікпен «оқу құралы» ретінде бекітілген, өзінің жетекшілігімен құрастырылған «Дінтану негіздерін» ұсынады. Сонымен қатар халық қалаулысы Ғарифолла Есім министр Бақытжан Жұмағұлов пен Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбайға сенаторлық мінбеден хат жолдайды. Онда Д.Кенжетайұлының кітабын шұғыл түрде қолданыстан алып тастау керектігі жазылып, оқулықтағы бірқатар кемшіліктер келтіріледі. Мәселен, сенаторға «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деген тіркестің оқулықта келтірілуі ұнамаған. Себебі бұл сөздің астарында «Алла елшісімен әулиелерді теңестірушілік» байқа­лады екен. Сенаторды қайдам, бірақ бұл айтылған сын біз үшін орынсыз секілді көрінді. Себебі қазақтың фольклорында жиі қолданылатын «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деген бір ауыз сөздің астарында ешқандай да серік қосушылық жоқ секілді. Бұл нақыл сөз адамзатқа исламды Мұхаммед алып келгенін, ал қазаққа оны Ясауи бабамыз жеткізгенін және сол асыл діннің батыс өңіріне тарауына Пір Бекет сынды данагөйлердің себепкер болғанын жеткізіп тұрғаны айдан анық.
Аталған мәселенің басын ашып алу үшін қос оқулықтың да авторларына хабарласқан едік. Байқағанымыз, Ғ.Есім жаңа министр Бақытжан Жұмағұловтың «Дінтану негіздері» оқулығын қолданысқа енгізіп беретініне сенімді сияқты. Сенатор бұл тақырыпта Бақытжан Тұрсынұлымен арада жеке әңгіме болғанын тілге тиек етті.
Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымының докторы, академик, сенатор:
– Менің кітабыма Саентологтар, Криш­на санасы, Иегова куәгерлері, Ах­ма­дия сынды діни ағымдардың өкіл­дері қарсы шығып жатыр. Сон­дық­тан бірқатар түзетулер енгіздік. Саен­тологтардың Францияда, Қа­ра­ғанды қаласында соттасып жатқанын алып тастап, оларды «дәс­түрлі емес, жаңа діни ағымдар» деп жіктедік. Ал Д.Кенжетайдың кітабынан көптеген қателіктер байқаймын. Мысалы, он­да Пре­зидент пен Шыңғыс хан сая­саты­ның астарынан үндестік ізделеді. «Хиз­бут-Тах­рирды» діни ағым деп көр­сетеді. Тағы бір жерінде былай дейді: «Еліміздегі діни татулықты түркілік түсі­нік­пен бай­ланыстырады. Жоқ, олай емес, меніңше, біздегі татулық түркілік түсі­нік­пен емес, ислам дінімен байланысты.
Әрине, бұл айтылған сын-пікірлер теріс емес. Дегенмен өздерін Ислам мемлекетіміз деп жариялаған, алайда түрлі тұрақсыздықтардың ошағына айналған Қиыр Шығыс мемлекеттері мен Ауғанстан, Иран, Ирак сынды елдердің санасынан дәл қазақтың бойындағыдай толеранттылық байқалмайды. Ендеше ұлттық бейнемізде де бір ерекшелік бар шығар.
Ал профессор Досай Кенжетай өзінің жетекшілігімен жарық көрген оқулықтың Білім министрлігінің бағдарламасына толықтай сай келетіндігін айтады. «Бұл пәннің негізгі мақсаты – оқушыларға дәс­түрлі діндердің ұстанымдарын түсініріп, толеранттылыққа баулу. Сонда оқушылар да теріс діндердің ықпалына ұшырамайды. Біздің оқулықта осы ұстаным ерекше ескерілді. Және біз оны оқушыларға ғылыми қасаң терминдермен емес, қарапайым тілмен жеткізуге тырыстық. Яғни неғұрлым түсініксіз болса, солғұрлым терең философия деген принциптен аулақ болдық», – дегенді айтады.
Қазір қос оқулық та та көптеген сын­пікірлерге ұшырауда. Академик Ғ. Есім жетекшілігімен құрастырылған оқу құ­ралы мектеп оқушылары үшін тым ауыр сөздермен жазылғаны, сондай-ақ елі­міздегі дәстүрлі емес дін өкілдерінің құқығына нұқсан келтіреді деп сынға алынуда. Ал Білім министрлігі ұсынып отырған Д. Кенжетай оқулығын, негізінен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары сынға алады. Мұны Д.Кенжетайұлының оқулығына БАҚ беттерінде жазылған сын-пікірлерден байқауға болады. Бір қызығы, сол айтылған толассыз сындардың ешбірі біздің көкейімізге қона кетпеді. Тырнақ астынан кір іздеу секілді көрінді. Мәселен, «Айқын» газетінде жарық көрген «Оқу­лықтағы олқылық» атты мақаладағы сын­дардың бір-екеуін келтіріп өтейік: «Дін туралы жалпы түсінік». Бұл жерде жалпы деген – артық, ауызекі тілде қолданылатын жалпылама сөз», «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деп сірә атеистік, кеңестік заманда өріс алған тұрмыста айтылып жүрген теңеуді 9-сынып оқушыларына не мақсатпен ұсынған»...
Осындай да сын бола ма? Мұнан ғылыми-әріптестік тұрғыдағы сын емес, күндестіктің исі аңқып тұр. Аталған ма­қалада Д.Кенжетайдың оқулығы сопы­лыққа ерекше орын бөлетіні айтылады. Сонда ХІІ ғасырдан бастау алып, қазақтың бар болмысына сіңіп кеткен сопылықтан безінуге әлде оны жасыруға қандай себеп бар? Қазақтың сан ғасырлық өмірінің тарауларына айналған ілім оқулықтан бір тарауға ие бола алмай ма?
Оқулық авторы, профессор Досай Кенжетайдың өзіне хабарласқанымызда ол Ғ. Есім жетекшілігімен жазылған «Дінтану негіздері» оқу құралына сын айтып жатудан бас тартып, өз оқулығына ғана тоқталды.
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия ғылымының докторы, профессор:
– Менің жетекшілігіммен жарық көрген «Дінтану» оқулығында «ислам­ға басымдық берілген» деген сын айтылып жатыр. Егер Қазақстан тұрғын­дарының шамамен 70 пайызын мұ­сыл­мандар құрайтын болса, оқу­лық­тың кемінде жартысы ислам дініне арналуы тиіс қой. Оның үстіне осы дінтану пәнінің міндеттелу себебіне назар аударайықшы. Әлемде терроризм мен экстремизм басымдық көрсете бастады. Және со­ның басым бөлігі ислам атын жамылу арқылы жасалып жатыр. Ендеше, оқушыларға соның ара-жігін ашып беру керек. Мысалы, мен Қазақстанға ешбір қауіп төндіріп тұрмаған, шал­ғайдағы «мармондар» мәселесін қоз­ғамаймын ғой. Сондықтан бұл оқу­лықта алдымен исламға, оның ішінде қазақтың дәс­түрлі көзқарасына, екіншіден, елі­міз­дегі басымдықты құ­райтын өзге кон­фессия өкілдеріне көп көңіл бөлі­неді. Біз ең алдымен оқу­лықтың тілі жеңіл, оқушыға түсінікті бо­лу керек деген ұстанымды ескердік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста