Қазақстан жаһанданған әлемнің ажырамас бір бөлігі ретінде мемлекеттілік пен халықтың тұрмысына мейлінше әсер ететін сан алуан қауіп-қатерлер және энвайроменталдық (қоршаған орта) қадау-қадау күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отырғандықтан,
Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ
Адамзат баласы үшін бүгінгі таңда жеке-дара шеше алмайтын, бүкіл әлем болып тізе қосып, жұмыла әрекет етуді талап ететін жаһандық мәселелер кесе-көлденеңдеп тұр. Сенат депутаты Анатолий Башмаковтың айтуынша, жаппай қырып-жоятын қарулармен қарулану, аймақтық және мемлекеттер арасындағы жанжалдардың өршуі, әлемдік экономикалық, азық-түлік, энергетикалық дағдарыс, адамдардың мекен ететін ортасының нашарлауы, аштық, эпидемиялардың таралуы сияқты ауқымды мәселелер күрделеніп барады. Сарапшылар осындай қатпар-қатпар қауіп-қатерлерді еңсеру үшін Қазақстан кешенді іс-шараларға баруы тиіс дегенді айтты. Мәселен, энергетикалық қауіпсіздікке қатысты арқаны кеңге салып жүрміз. Күндердің күнінде бюджетімізді қомпитып отырған мұнай, газ, көмір, темір секілді минералды ресурстар сарқылып, біз ғана емес, күллі адам баласы тығырыққа тірелсе, не істемекпіз? Сарқылмайтын күн, жел қуаты бары мәлім. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі күні-түні ұли соққан аңызақ желдердің күшін неге энергияға айналдырмасқа?! Дамыған елдерде экологиялық таза жел энергиясының үлесі 15-20 пайызға дейін жетіп отыр. Осыны үлгі етуіміз қажет.
Мәжіліс депутаты, саясаттанушы К.Бұрханов жері кең, суы мол, байлығы аста-төк Қазақстан халқының азық-түліктің 50 пайызын сырттан әкеліп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Елбасымыз биылғы Жолдауында 2014 жылға — азық-түліктің 80 пайызын, 2020 жылға қарай 100 пайызын өзіміз қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуіміз керек деген болатын. Тынышсыз көрші елдермен шекараны тарс жауып алғаннан кейін көкөністердің қымбаттап кетуі азық-түлік қауіпсіздігінің осалдығын аңғартты. Қазаққа осында үлкен мемлекетті ұстап, дұшпанға қасқайып тұру үшін жер қайысып тұрар сан да, сапа да керек. 70 миллиондық Иран халқын 120 миллионға жеткізуді мақсат тұтқан М.Ахмадинежад бала туу санын арттыруды ынталандыру үшін әр отбасына бала туған кезде 780 еуродан төлеуге уәде беріп отыр. Шекара жайы да күрделеніп барады. Конференцияға қатысушылар Қазақстанның қырық қатпар қауіп-қатерлерді еңсеруі үшін өздерінің ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.
Болат Сұлтанов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:
– Қырғызстандағы жағдай өте күрделі. Көрші елде охлократия, яғни тобырдың билігі орнап тұр. Қазақстанның шекарасын ашуға шақыратындар да — шекарадан заңсыз бизнеспен ақшаны күреп тауып жүрген топтар. Қазақстан мен Қырғыз халқының мүддесіне сай шекарадағы алыпсатар, көлеңкелі бизнестің қысымына илікпеуіміз керек. Әзірге елдің қолында жүрген қару-жарақ жинап алынбайынша, қашқын қылмыскерлер елден шығарылмайынша, шекара ашу туралы мәселе болмауы тиіс. Қырғыз еліндегі Ауғанстаннан келетін есірткіге ауызданып алған топтық-кландық топтар, наркобарондар елде күшті орталықтанған биліктің орнығуына мүдделі емес, керісінше өздері тұрған жерде бөлек автономия құрып, билеп-төстеуге әрекеттеніп жатыр. Өйткені Қырғызстан авторитаризмнен демократиялық даңғылға өту жолында аймақтық-кландық түйткілдерді еңсере алмай келеді. Сондықтан мен Қырғыз елінде күшті, вертикалды билік режимінің орнағанын қалар едім.
Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты:
– Аймақтағы қақтығыстар, болып жатқан үрдістер біздің елге тікелей әсер етеді. Мысалы, бұрындары Шыңжаңда ұйғырлар мен биліктің арасында қақтығыстар болатын, ал былтырғы Шыңжаң оқиғасы ұйғырлар мен қытайлардың арасындағы жанжал, яғни ұлтаралық кикілжің туындап отырғанын анық көрсетті. Ал мұның салдары әлдеқайда ауыр. Сонымен бірге демографиялық түйткілдерге назар аударуымыз қажет. Мәселен, көрші Өзбекстанда демографиялық өсім қарқыны жоғары, ал бізде өте баяу, он жылда 1 миллионға, оның өзінде оралмандардың, сырттан қайта көшіп келгендердің арқасында көбейіппіз. Ана мен балаға әлеуметтік қолдауды арттырып, сәбилі анаға кемінде бір айлық жалақы көлемінде жәрдемақы тағайындау керек. Ресейде Путиннің табысты әлеуметтік саясатының арқасында халық санының азаюы тоқтап, қайта демографиялық өсім байқалып отыр. Мінеки, бізге осындай қам-қарекет жасамай болмайды.
Мұхаммед-Хусейн Алсабеков, Қазақстан Ислам институтының ректоры:
– Бір отбасында әке-шешесі мұсылман, ал баласы кришна болса, Алла сақтасын, не болады? Береке-бірлік кетеді, отбасының шырқы бұзылады. Сондықтан діни ахуалға жіті назар аудару керек. Ислам жолын насихаттап, түсіндіретін 50 мың данамен шығатын «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» журналы шығып жатыр. Тек құзырлы органдар сырттан келетін діни ағымдарды тексеріп, олардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойса деймін. Ислам атын жамылған ахмадия, уахаббия, құраншылар ағымы қазіргі кезде соншалықты белсенді күш емес, бірақ болашақта күшеюі мүмкін. Құдайға шүкір, қазіргі жағдайымыз жаман емес. Дегенмен олардың белсенді әрекеттеріне жол бермеу керек.
Шәріпбек Әмірбек, саясаттанушы:
– Өркениеттер қақтығысының діни астары бар. Яғни діннің қоғамға оралуы, күшеюі құбылысын саяси ғылымда десекьюритизация дейді. Бұрын қоғамда реттеуші нормалардың барлығы идеологиялық сипатта болатын. КСРО күйрегеннен кейін идеологиялық жанжалдар бәсеңдеп, енді оның орнына діни-өркениеттік жанжалдар пайда болды. Америкалық ғалым С.Хантингтон ғаламдық қақтығыстарды төрт кезеңге бөлген еді. Бірінші кезеңде — орта ғасырлардағы корольдер арасындағы соғыстар, екінші кезеңде — халықтар соғысы, үшінші кезеңде идеологиялық текетірестер (капитализм мен социализм арасындағы) болса, төртінші кезеңде діни астары қалың өркениеттік қақтығыстар алға шықты. Қазақстан мен Кавказ өркениеттер шекарасында тұрғандықтан, аймақта діни ұйымдардың күшеюі, діннің қоғамға ықпалының артуы алдағы уақытта өркениеттік қақтығыстарға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз діндердің ерекшелігін, болмысын сақтай отырып, діндердің бір-бірімен қақтығыссыз байланысуын қамтамасыз ететін іс-шаралар қабылдауымыз қажет.
Сондай-ақ конференция аясында «Астана кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» қоғамдық қорының қаржыландыруымен жарық көрген «Президент Н.Назарбаев және қазіргі заманғы Қазақстан» деп аталатын 3 томдық жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.