Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бастаған қазақстандық делегация Финляндияға барды.
Фин мамандары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру саласының қазақстандық топ-менеджерлер тобын тәжірибе алмасу, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық бойынша ортақ жоспарларды әзірлеу мақсатында шақырған болатын. Қазақстандық делегацияның Финляндияға сапарының басты өзегі министр Бақытжан Жұмағұловтың елдің білім және мәдениет министрі Юкка Густафссонмен кездесуі болды. Кездесу барысында атап өтілгендей, қазақстандық және фин білім беру жүйесінің ұқсастығы көп. Юкка Густафссонның айтуынша, фин елі қазіргі таңда қазақстандық білім мен ғылымның барлық деңгейін қамтыған жаңғырту процесін қызығушылықпен бақылауда.
БҒМ басшысы Қазақстанда 2020 жылға дейінгі ҚР Білімі мен ғылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып отырғандығын жеткізді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, отандық білім беру жүйесі мен ғылымын басқарудың жаңа тетіктері енгізілуде. Қазақстан әлемдегі, соның ішінде Финляндияда қолданылатын ең үздік білім беру технологияларын зерттеп, меңгеруде. Елбасы бастамасы бойынша, қазақстандық ғылымды басқару мен қаржыландырудың жаңа үлгісі құрылып, енгізілу үстінде. Сондай-ақ қазақстандық ғылымның жетістіктері туралы отандық делегацияның Финляндия Ғылым академиясының өкілдерімен кездесуі барысында да сөз болды (FINPEDA). Фин ғалымдары әлемнің жетекші басылымдарындағы қазақстандық ғалымдардың ғылыми жарияланымдарының саны артқанын атап өтті.
Қазақстандық делегация Финляндияның мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерін, ірі колледждері мен жоғары оқу орындарын аралады. Қонақтар мектепке дейінгі білім беру орталығында, кулинарлық өнер колледжінде, сән және сұлулық колледжінде, «Патрия» ұшқыштарды дайындау орталығында Финляндияның білім беру саласындағы жетістіктерімен танысты. Финляндиядағы ең ірі оқу орындарының бірі – Хельсинки университетіндегі кездесу барысында зерттеу университеттерін дамыту тұрғысында екіжақты пікір алмасу өтті. Бұл – әлемдегі ең үздік дисциплинааралық зерттеу университеті.
Қазақстан мен Финляндия арасындағы кездесу нәтижесі бойынша білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық бойынша ортақ жоспар құрылатын болады.
Қазақстан Финляндияның білім берудегі тәжірибесін зерделейді
Последние статьи автора