Еліміздің Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев "Вести Украина" порталына сұхбат беріп, Қазақстанның көзқарасы туралы айтты.
Украин басылымы Киев пен Мәскеу арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты елшіге үш сұрақ қойған.
Қалетаев сұхбатта Қазақстанның Украина төңірегіндегі жағдайға үлкен алаңдаушылықпен қарайтынын айтқан.
Қақтығысқа қатыспасақ та, болып жатқан жағдай — біздің халқымыз үшін ауыр қасірет. Дәл қазір Украина аумағында болып жатқан әскери қақтығыс қатты алаңдатады. Бұл — бір немесе екі халықтың емес, көптеген халықтың тағдырына әсер ететін трагедия, — деді Дархан Қалетаев
Украин журналисі "Қазақстан екі ел арасындағы қақтығыста қай тараптың жағына шығады?" деп сұраған.
Қазақстан Украина жағдайында БҰҰ-да қабылданған халықаралық қағидаттарды, атап айтқанда аумақтық тұтастық пен егемендікті мойындауды негізге алады. Қазақстанның қазіргі әскери-саяси жанжалға тартылу ықтималдығына қатысты айтылып жатқан мәселелерге немесе қауіптерге келсек, біріншіден, қағидаға сай ұстанымымыз бойынша ешкімге қару-жарақ жеткізбейміз. Екіншіден, біздің әскер қорғаныс қағидаттарын ұстанады және әскери қақтығысқа қатыспайды. Сонымен бірге, Қазақстан өзінің егемендік құқығын негізге ала отырып, ҰҚШҰ-ның (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы — ред) әскери-саяси одағына қатысады. ҰҚШҰ мандаты нақты белгіленген. Қазақстан ҰҚШҰ мандатынан тыс қандай да бір міндеттемелермен байланысты емес. ҰҚШҰ-ға қатысуға одақ елдерінен тыс әскери операциялар кірмейді, — деп жауап берген елші.
Өз сөзінде Дархан Қалетаев Қазақстанның Украинадағы елшілігінің жұмысына да тоқталған.
Қазақстанның Украинадағы Елшілігі әлі күнге дейін өз азаматтарын эвакуациялауды ұйымдастыру бойынша өз миссиясын орындап жатыр. Біз басқа елдердің азаматтарына, соның ішінде осы қиын кезеңде бізге жүгінген украиналықтарға көмек көрсетуден бас тартпаймыз, — деді Дархан Қалетаев.