Енді азғантай уақыттан соң ескі жылмен қоштасып, рақметімізбен қоса мұң-назымызды айтып, алдағы үмітімізді жалғар деген ниетпен шырша құрып, Аяз ата мен Ақша қар сыйлығын алуға, жаңа жылды қарсы алуға қамданатын қазіргі пенденің жылдағы әдеті ғой… Әрбір халықтың , әрбір қоғамның өз мерекесі бар. О баста адамзат баласының өзін қоршаған ортамен қарым-қатынасы негізінде туындаған наным-сенімінен бастау алған ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, діні, тағы да басқа ерекшеліктері негізінде маусымдық мейрам, жанұялық той, діни мереке секілді той-думан болып қалыптасқан.
Адам баласы шыр етіп дү-ниеге келгеннен бастап, фәниден өткенге дейінгі өмірі сан ғасырлық наным-сенімі, қоғамдық даму барысындағы ізденістері жинақталған таным аясында болады. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, ұлттардың салт-дәстүріндегі ерекшелігі сол халықтың ұлттық бейнесін танытады. Қазақ халқының маусымдық мерекелеріне көктем тойы — Жаңа жыл, ұлыс күні — Наурыз мерекесі, жаз тойы — Қымызмұрындық, күз тойы — Мизам (Сабантой және шопандар тойы), және қыс тойы — Соғымды атауға болады. Қазақ халқы үшін Кеңес заманының қоғамдық танымынан қалған тойдың бірі — қыстың екінші айы қаңтарда қарсы алатын Жаңа жыл мерекесі. Салыстырып ойлансаң, жыл мезгілінің адам ғұмырына ұқсайтын көктемі — ойнап-күлген алаңсыз жастығына, жазы-күзі — бірте-бірте ақыл тоқтатып, толысып, ұрпағының қызығын көретін сәтіне, қысы — қартайып, бұрынғыдай кез келген той-думаннан ләззат алатын мүмкіндіктің тым азайып, таусылатынына келетіндей. Жыл мезгілін әдетте 4 топқа бөледі, әрбір мезгілдің өзіндік ерекшелігіне сәйкес басы-аяғы бар. Мысалы, қыс айы желтоқсаннан, көктем наурыздан басталады. Осындай салыстырумен саралағанда қаңтарда келетін мереке мен орыс елінде осы Жаңа жыл-дың басты кейіпкері Аяз атаның туған күнін ресми түрде 18 қарашада тойлайтынын ескерсең, адамның зейнеткерлікке шығатын мезгіліне келетіндей. Бұл жағдайды орыс жерінің үлкендігіне байланысты алғашқы қыстың аязы келетін кли-маттық ортада пайда болған Аяз ата кейіпкерімен сәйкестендіріп дәлелдеуге де болатын шығар. Қазақ жерінде де әр мезгілде көктем келіп, мал төлдейді. Көктемде көк қылтиып, мал төлдей бастағанда көшпенділердің жаңа жыл мерекесін тойлайтыны көне Қытай жазбаларындағы деректерде жазылыпты. Ағылшындар ХVІІІ ғасырдың бас кезіне дейін жаңа жыл мерекесін 26 наурызда тойласа, христиан дінін қабылдағанға дейін ежелгі Русь елі 1 наурызда жаңа жылын қарсы алған. Русь елі мейрам күндері Құт құдайының құрметіне арналған шырақтарды шие ағашының бұтақтарына іліп, түрлі аурулар мен пәледен сақтайды деген сенім бойынша дастарқан басына жиналғандар алдына 3 бас сарымсақ, үстелдің қақ ортасына бетін шөппен жапқан 12 тал пияз қояды екен. Осы Русьтің отарында болған біздер сыйлық алып жүрген қызыл шапанды, ақ қапшықты ақсақалдың жасы 2000 жылдан асыңқырап кеткенін және оның шынайы ықылас-пейілі тіптен мейірімді емес екенін біле бермейміз. Аяз ата жайындағы тікелей деректер славян халқының мифтік аңыздарында көрсетілмегенмен, оның пайда болуы жайындағы әртүрлі болжамдар бар. Солардың бірі сықырлаған түнгі аяз бен өлілер әлемінің қатыгез, қатал Аяз, Мұз есімді рухтары жайында кельт заманынан қалған аңыздар желісінде айтылған. Сібірдің ең ұлы қариясы — ажал мен жоқшылықтың символы, жаңа жыл түнінде арқасындағы қапшығына жыл бойы алмаған қанды құрбандығын жинау үшін әрбір үйді аралайды деген сенімді орнықтырған. Христиан дінін қабылдағанға дейінгі халық сенімінде о дүниелік болған туыстарының рухы ұрпағының өмірін қорғап, егіндерінің бітік шығуына көмектеседі деген ұғыммен ұштасып, үй қожайыны үйіне келген қатыгез қарияның қапшығына сыйлық толтырып, баба рухтарының ризашылығын алуға ниеттенген. Мереке қарсаңында деревня жастары беттерін көрсетпейтін пердемен жауып, тұлыптарын сыртына айналдыра киіп, әрбір үй қожайындарынан сыйлық алатын дәстүр болған. Көңілді топтың арасында әрқашанда жоқшылық пен ажалдың рух-келбетін сомдаған, ең қатал, түсі суық, қорқынышты киінген біреу міндетті түрде бірге жүрген. Ол адамға салт бойынша сөйлеуге тыйым салынып, оның есімін «Ата» деп атаған. Бұл қысқаша Аяз ата тегі, ал енді қазіргі Аяз атаның қасында жүріп, бүлдіршіндерге сыйлығын тарататын Ақша қар қызының шығу төркіні де қазақ халқы қызығатындай емес. «Ақша қар қызы — көктемде еріп кететін қар мен мұздың рух өлімін бейнелейтін, жыл мезгілінің ауысымына арналған кейіпкер», — деп дәлелдейді орыс фольклорист маманы Алексей Афанасьев. Бір сөзбен айтқанда, Ақша қар ханшайымымыз — о дүниелік ажал елесі. Бір ескеретін нәрсе — Аяз ата мен Ақша қардың «бірігіп тойлайтыны» тек қана орыс елінде және екеуі ХХ ғасырдың бас кезінде ғана «табысқан». Екеуінің бірігіп күнелтуі қазірде де басқа христиан мемлекеттерінде кездеспейді. Мұның шығу тарихы Кеңес заманында пайда болған «сценарий бойынша» қыс мерекесін тойлаудағы қоғамдық көркемдік бейне сомдаудан шыққан болуы ғажап емес. Шырша ағашын айналып өлең айту үрдісі Кеңес өкіметінің Иса пайғамбарға құлшылық етуді насихаттаған «тон ішіндегі» саясаты болатын. Алғашқы мемлекеттік ресми Жаңа жыл мерекесі шырша ағашымен Кеңес өкіметінде 1935 жылдың 31 желтоқсанында келсе, 1937 жылдың қаңтар айында шырша айналып ән айтып жүрген балаларға Аяз ата мен Ақша қар келіп табысыпты. Кеңес өкіметі қазақтың мұсылман дінін ұстауына қарсы болғанымен, христиан дінінің таралуына бар мүмкіндікті жасап бақты. Алматы қаласында оқып жүргеннен білетінім, әрбір 3-4 ай сайын Никольск шіркеуінен христиан дінін насихаттайтын, Киевте басылған кітаптарды мен жатқан пәтердің иесіне әншейін беріп кететін.
Енді әңгіме желісін өзіміздің Жаңа жылымыз — Наурыз мерекесіне қарай икемдейік. Өте көнеден келе жатқан, бүгінде жер шарындағы көптеген халықтардың ортақ тойына айналған Наурыз — Жаңа жыл мерекесінің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын… Ежелгі сенім бойынша жақсылық пен жамандықтың жан алып, жан берісіп өмір үшін күресетін, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, өлінің әрі тартып, тірінің бері тартатын, екі жартыдан бір бүтін шығатын, бірінсіз-бірі болмайтын, үнемі бірі екіншісін алмастырып отыратын тіршіліктің құрылым бөлшектерінің үйлесімді бірлігінен, біртұтас тіршіліктің пайда болатын көктем мезгілінде Жаңа жыл мерекесі тойлануы сан ғасырлық талғампаздықтың жемісі екені ақиқат. Жұлдызшылардың тәжірибесінде Жаңа жылдың күні 4 түрлі болып шығады екен және соған сәйкес алдағы жылдың халыққа тиімді-тиімсіз болжамдарын жасаған. Ежелгі ата-бабаларымыздың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылдағы күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі 2 сағат арасы «күн сәті» деп аталып, егер кімде-кім Ұлыс күнінің «күн сәтіне» күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған «Наурыздың құты» дариды деген дәстүрлі ұғымға сай «Жаңа Күнді қарсы алу» салты қалыптасқан. Көшпенді ата-бабаларымыздың келіндері күлімдеп көрінген күнге иіліп сәлем салып, құт дарысын деп ниетпен төңірегіне ақ сүт шашқан. Ұлыстың ұлы күнін қазақ атамыз көрісуден бастаған. Қазақ ғұрпында күніне бір сәлем, жылына бір көрісу керек, мұнан артығын бабаларымыз айып көрген. Дәстүр бойынша, ер адамдар қос қолдап көріссе, әйелдер алдымен құшақтасып барып көріскен. Осындай кездесу сәттерінде бір-біріне «Жасың құтты болсын, өмір жасың ұзақ болсын, Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын, Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін» дегендей ақ пейілді тілектерін айтқан. Қос қолдап амандасу, төс соғыстыру, өмір тірегім — төсім, тіршілік көзім — екі қолым аман болсын деген ишараны меңзеген. Ұлтымыздың төл мерекесі — Наурыз — Жаңа жыл мейрамының бастамасы Қыдыр атаның ақ батасымен бастау алып, «наурыз көже» пісіріліп, малдың ет-сүт өнімдерімен тойдың дәмін келтіре, тұлпарларын жарыстырып, палуандарын күрестіріп, жамбы атып, мергендерін сынаумен қатар, әнші, күйші, жыршы, сайқымазақ әзілкештерінің өнерлері мен сәнін тамашаласа, тамақсау мешкейлерінің тәбетіне таң қалысқан. Қазақ атамыз Наурыз мейрамында той-думаннан бөлек ұрпағын неше түрлі ала-құйын заманнан аман алып шығу үшін ғажайып ақ тілектер айтқан.
Той соңы Қыдыр атаның халқына арнап Жаратушы Хақтан сұраған тілегіне жамағаты бірге қол жайып, бата жасағанымен аяқталған.
Наурыз мерекесін халқымыз бұрынырақта 3 күннен 9 күнге дейін тойлаған, кейін Кеңес саясатына «ескішілдікті насихаттаған» салтына сай жақпай қалып, 1920-1926 жылдардан кейін «социалистік сахнадан» қуылып, 1988 жылы халқымен қайта жүздескеніне бәріміз де куәміз.
Міне, осындай керемет тәрбиелік маңызы бар халқымыздың Жаңа жылы, Ұлыс күні — Наурыз мерекесінің, әрине, біздер білмейтін, жоғарыда айтылған шаралардан да бөлек, ұлттық салт-дәстүрлермен сіңіскен тәрбие-тағылымдары бар екені анық. Шамамыз келгенше оларды қайта жаңғыртып, ұлтымыздың құндылығын қадірлей білгеніміз абзал. Наурыз мерекесі жаңа тіршіліктің көктемде басталатын өмірі жайында сыр шертеді және оның христиан Аяз атасы мен Ақша қарынан басты құнды айырмашылықтарының бірі — өмір туралы жырлауында! Қазақ жерінде басқа ұлттардың да бірігіп өмір сүретінін және қазақпен достық қарым-қатынаста екенін ескере отырып, қаңтардағы Жаңа жыл мейрамы мүлдем тойланбасын демейміз, даңғазаланып бара жатқан қазіргі замандасқа болашақ ұрпақтың тәрбиесіне көңілді бөліңкірейтін кез туғанын айтқым келеді. Шырша ағашына бірнеше миллиондап ақша шашудың ешқандай да керегі жоқ, қазақ баласы алдымен өзін-өзі сыйламаса, өзгелердің қазақты сыйламайтыны ақиқат. Қазақ елінде де ата-бабадан қалған, әлем халқы үлгі алар тағылымдар жетіп артылады, «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген, мұсылманға қазіргі қос Жаңа жылдың қайсысы лайықты? Қазақ баласының болашағы үшін қазіргі еліміз тіреліп отырған экономикалық дағдарыстың түп тамыры идеологиялық кризисте жатқанын мектептегі баладан бастап, биліктегі ағаларға дейін ұғынатындай ұлт болғың келсе, ойланшы, қазақ перзенті!
Әзірбай Бекиев
www.kazakhstanzaman.kz/11562/қазаққа-қос-жаңа-жылдың-қайсысы-жақын