Халықаралық терминдерді қазақшалау жағынан біздің қоғамның пікірі негізінен екіге жарылады. Бұл реттегі пайымдар сан түрлі. Бірақ «жаңа сөздер қазақтың ұлт ретіндегі өз-өзіне деген сенімсіздігінен туып жатыр» дегенді бірінші рет естіп, жағамызды ұстастық. Сондықтан көзге түскен әлеуметтік желідегі, басқа басқа емес, білдей білікті маманның осындай жазбасын «Алаш айнасы» басылымы талқыдан тыс қалдыра алмады...
Барша қазақтың құлағына түрпідей тиетін мұндай пікір белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың «Фейсбуктегі» жеке парақшасына қалдырылған екен. Авторы – қарағандылық Владимир Шуптар. Орта жастан асқан ел ағасының жеке парақшасында толтырылған түйіндемесінен Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң мамандығын оқыған жеке кәсіпкер екенін білдік. Ұдайы қоғамдық талқыға қатысып, белсенді түрде өз пікірін білдіріп отырады екен. Бұл жолы ол
Досым Сәтбаевтың ортақ талқыға ұсынған қыркүйек айында қабылдануы тиіс еліміздің мәдениет саясатының тұжырымдамасына қатысты ойын айтыпты. Бірақ ол кісінің пікірі көп қазақтың оң жамбасына келмей қап, сөз естіп жатқан жайы бар. Оның пікірінше, қолданысқа енгізіліп жатқан қазақша жаңа сөздер ұлт ретіндегі өз-өзімізге деген сенімсіздіктен туып жатқан көрінеді. Сондай-ақ ол қазақ тілі де сыбайлас жемқорлықтың нысанына айналғанын жазып, жаңа сөздерді бизнес көзіне жатқызыпты. Соңғы ойына қатысты пікірді мамандардың өзінен білуге тырысып көрдік, ал бастапқысы шынымен де біздің де намысымызға тиіп кетті. Бәрінен бұрын, қазақшасы жоқ Шуптардың қазақ тіліндегі атаужасам мәселесіне неге бұлайша бас ауырта қалғаны таң қалдырады. Мүмкін кәсіпкер болған соң, қызық үшін, есептеп көрген де шығар. Оған осы салаға бөлініп жатқан мемлекет қаржысы тым көп көрінген де болуы керек. Ал бұл ретте филологтар не дер екен?.. Тіл мамандары пікіріне жүгінбестен бұрын, бізді алаңдатқан әлеуметтік желідегі пікірді солқалпында өздеріңізге ұсына кетуді жөн көріп отырмыз...
Владимир Шуптар
Жуырда Интернетке қазақ тілінде «Ғаламтор» деген атау бергенін білдім. Әрине, бұл өте маңызды нәрсе! Бүкіл әлем: «Интернет» деп сөйлейді, ал біз олардан да кереметпіз ғой. Сол секілді бүкіл әлемнің аэропорт деп жүргені бізде әлдеқашан аэропорт емес екен (әуе-жай). Дүниенің түкпір-түкпіріндегі кафе де бізде кафе емес боп шықты. Бастапқыда бұлайша жаңа сөздер ойлап табу өзіне деген сенімсіздіктерінен туындап жатыр деп ойлайтынмын, қазір де бұл пайымым қатты өзгерген жоқ, бірақ соңғы кездері жаңа сөздерді ойлап табу – бизнес, мемлекет есебінен, яғни салық төлеушілер есебінен жасалып жатқан бизнес дегенге көбірек сүйенетін боп жүрмін.
(www.facebook.com)
Филология ғылымдарының докторы Жолдас Мәмбетов жаңа сөздерді енгізу ұлт ретінде өз-өзіне сенімсіздіктен туады деу барып тұрған надандық деп салды.
– Мысалы, экономикалық даму деңгейі әлемдегі нөмір бірінші держава - АҚШ-пен теңесіп қалған Қытай сырттан кірген кез келген сөзді, соның ішінде халықаралық терминдерді де өз тілдеріне жаппай ыңғайлап, аударып отырады. Сонда олар мұны өз-өзіне сенімсіздігінен жасап жатыр деп кесіп айтуға бола ма?.. Жоқ, әрине.
Жалпы, халықаралық терминдер Қазақстанға сол қалпында жетеді десек, қатты жаңылысамыз. Олар Ресей өткелі арқылы бізге жетеді, яғни орыстар халықаралық терминдерді өз тіліне әбден ыңғайлап алған соң, оны бізге тықпалайды. Кеңес идеологиясымен сүрленген біз Мәскеуден жол тартқан бұл жаңа сөздерді Меккеден келген қасиетті су құсап қабылдауға дайын тұрамыз. Бұл дұрыс емес, әрине.
Негізінен, халықаралық терминдерді сол күйінде қабылдау орыс тіліне ыңғайсыз, керісінше бізге оңай екен. Осы жағын бізге ұмытпау керек.
Қалай дегенмен де өз басым тіл маманы ретінде терминдердің аударылып немесе тілімізге ыңғайланып берілгенін қалаймын. Сөздің мән-мағынасы өн бойынан көрініп тұру үшін де атаужасам бізге қажет деп санаймын, - дейді маман.
«Алаштың» түйіні
Қазіргі кезде қазақ тілі, басқа да әлемнің көптеген тілі сияқты «неологиялық жарылысты» бастан кешіруде. Жаңа сөздердің үлкен ағымы және оларды сипаттау қажеттілігі лексикологияның арнайы саласы – неологизмдер жайлы ғылымның пайда болуына себеп болды.
Әу,баста Алаш зиялылары да терминдер жайына ерекше мән берген. Бөтен сөзге үрке қарап, тілдің бұлғануына жол бермеуді өз міндеттері санаған. Атаужасам шығармашылығымен айналысқан ғалымдардың қатарына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Қ.Жұбанов, М.Әуезов сияқты зиялыларды жатқыза аламыз. Мысалы, А.Байтұрсынұлы «Тіл тағылымы» мен «Оқу құралы» еңбегі, М.Жұмабаевтың «Жалпы педагогика» оқулықтарындағы жаңа қолданыстағы сөздері, 1917 жылы және 1918 жылдары жарық көрген М.Әуезовтің «Ғылым тілі» мен «Қайсысын қолданамыз» атты мақалаларында терминология, соның ішінде жаңа қолданыстағы сөздер мәселелерінің қозғалуы оған дәлел бола алады. Міне, осы жақсы үрдістің бүгінгі сабақтастығының арқасында қазақ тілі қолданысына ұғынықты, қабылдауға оңай жаңа терминдер еніп жатыр. Оны жоққа шығарып, алысуға еш болмас.