Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтерудің қарапайым механизмдері қандай?

Аз уақыттың ішінде қоғамдық ой-пікірлердің айнасы іспетті ақпарат айдынынан өзінің орнын ала білген газетіміз тағы бір игі бастаманы қолға алып отыр. «Алаш айнасы» алғаш рет «Алаш ассамблеясы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Қызу пікірталасқа негізделетін жиындар өткізу алдағы уақытта дәстүрге айналмақ. Бүгін «ҚР Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына табаны күректей 20 жыл толды. Осыған орай, «Алаш ассамблеясының» алғашқы сессиясының тақырыбын «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің механизмдері» деп атауды жөн санадық.

«Алаш ассамблеясының»  бірінші сессиясының делегаттары:
1. Айдос Сарым – саясаттанушы.
2. Ерлан Саиров – Мәдени саясат және өнертану институтының директоры.
3. Нұрлан Ерімбетов – «Мәдениет майданы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
4. Жәди Шәкен – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасының бас редакторы.
5. Ғарифолла Әнес – «Арыс» баспасының директоры.

Құбаш Сағидоллаұлы, «Алаш айнасы» саясат бөлімінің редакторы –

«Алаш айнасы»:
– Мінеки, бүгін кеңестік кезеңде қазақ ұлты ақсарбас айтып, ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн – 1989 жылы «Тілдер туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толғанымен, заң жүзеге аспауы себепті қазақ тілінің мәселесі күн тәртібінен түспей-ақ қойды. «Алаш ассамблеясының» күн тәртібінде қанаты қиылған, өрісі тарылған, жетімнің күйін кешкен қазақ тілінің мәртебесі. Көк езу болып, қасиетті тіл тақырыбын жауыр етіп жіберген де өзіміз. Биліктегі азаматтар тіл жанашырларының жанайқайын Қожанасырдың тірлігі деп қарайды. Қазақ тіліне келгенде неге комплексіміз ұстап қалады?

Ерлан САИРОВ:
– Қазақтың тілі кейбіреулер айтып жүргендей, ғылымның, техниканың тілі бола алмайды дегендеріне келіспеймін. Меніңше, қазақ тілі – өте функционалды тіл. Тіпті орыс тілімен салыстырғанда тілдік, әдеби қоры аса бай, төрт аяғын тең басқан шұрайлы тіл. Голландияда, Англияда, Германияда мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақ. Мәселен, Германияда мемлекеттік тілді білмесең азаматтық ала алмайсың. Англияда да солай. Мысалы, Кэмбридж университетінде оқитын шетелдік студенттердің ең көбі қытайлар. Сол Англияда екі қытайдың басы қосылса, қытайша емес, тек ағылшынша сөйлеседі.

«Алаш айнасы»:
– Яғни соған мәжбүрлік дейсіз ғой.

Ерлан Саиров:
– Бұл мәжбүрлік емес, заңның талабы және қалыптасқан дәстүр. Қазақстанда қазақ тілі бірден-бір мемлекеттік және ұлтаралық тіл болуы керек. Оны әкімшілік тәсілмен жүзеге асыру мүмкін емес. Оның басқа жолдары бар. Соңғы 20 жылдан бері тіл, тіл деп зар қақсап келеміз. Қазір елдің бәрі тіл туралы әңгімеден қорқатын болды. ХІХ ғасырдың басында бүкіл Ресейдің элитасы, патша сарайы, дворяндарының барлығының тілі француз болған. Кейін тұтыну арқылы орыс тілін қайта жаңғыртты. Сол сияқты қазақ тілінің тұтыну аясын кеңейту қажет.

«Алаш айнасы»:
– ХІ-ХІІ ғасырларда түркі жұртындағы парсылану үрдісіне түркі топырағынан шыққан Қожа Ахмет Яссауи және Сүлеймен Бақырғани сынды ғұламалар аса құнды ғылыми еңбектер, хикметтер жазып қалдырып, түркі тілінің ғылыми тіл екенін дәлелдеу арқылы тойтарыс берді. Сол сияқты Мартин Лютер Інжілді неміс тіліне аудару арқылы ұсақ-ұсақ герцогтықтарға бөлінген пруссиялықтарды біріктірді. Қазіргі уақытта да сол тәжірибені алып қолдана аламыз ба?

Ерлан Саиров:
– ХІХ ғасырда ұмытылып кеткен еврей тілі идиш тілі мен неміс тілінің арасындағы гибрид тіл болған. Ал 40 жылдың ішінде иврит тілін қайта тірілтті. Бұған себеп, біріншіден, саяси жігер, екіншіден, еврей ұлтының ауызбірлігі. Бірақ тіл мәселесін саясиландыруға болмайды. Мысалы, екі қазақ дүкенге барса, бір-бірімен орысша сөйлеседі. Меніңше, дүкендерде, супермаркеттерде қазақты қазақша сөйлеуге шақыратын жоба жасауға болады. Жақында маған «АИФ» газетінің журналисі келді. Орыстілді қазақтың қызы жоба жасапты. Сол жобада үйренуге ең жеңіл сөздерді, мәселен, «ет», «сүт», «нан», «жұмыртқа» деген сөздерді тауарлардың қасына жазып қояды екен. Ел көп тұтынатын тауарлардың қазақшасын көрген жұрт қазақ тілін осылайша үйрене береді. Қазақ тілін өркендетуге мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ, оған қоғам араласуы керек. Тағы бір мысал, Америкада тіл мектептері өте қатты дамыған. Сол сияқты бізде де тіл мектебін ашып, орыстарды ауылға жіберіңізші, бір айдың ішінде қазақшаға судай болып шығады.

«Алаш айнасы»:
– Орыстар қазақ тілін үйренуге құлықты ма өзі?

Ерлан Саиров:
– Әрине, құлықты. Мемлекеттік тілді үйренгісі келетін орыс көп. Жалпы, тілдің мәселесі мемлекеттің араласатын мәселесі емес, қоғамның айналысатын шаруасы.

Ғарифолла Әнес:
– Әлемде қанша мың тіл болса, бәрінің дәрежесі бір. Ата-ананы таңдай алмайтынымыз сияқты мына тіл жақсы, ана тіл жаман деп таңдай алмаймыз. Тілді Құдай береді. Тағы бір мәселе – сол тілде сөйлейтін халықтың қандай қоғамдық құрылыста өмір сүргеніне және санына байланысты. Мысалы, туыстас якут тілін алайық. Якут тілі ешқашан қазақ тілінің дәрежесіне жете алмайды. Өйткені, біріншіден, саха жұртының мемлекеті жоқ, екіншіден, саны аз. Қанша күш-жігер жұмсағанымызбен, 20 жылдан бері қазақ тілін мемлекеттік дәрежесіне жеткізе алмай отырмыз. Оның үлкен себебі бар. Ерлан мырзаның мемлекет араласпауы керек дегеніне келіспеймін. Егер қазақ тілі мемлекеттің құрамдас бөлігі болса, неге мемлекет араласпауы керек? Осы арада қазақ тілі – тұсаулы тіл деп айтар едім. Тілдің тұсалып, ақсаңдап келе жатқанына 20 жыл болды. Қазақ тілін тұсаулап тұрған Конституциямызда жазылған «орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады» деген бір-ақ сөйлем.

«Алаш айнасы»:
– Осы жерде мемлекеттік тіл мен ресми тілдің аражігін ажыратып алсақ.

Ғарифолла Әнес:
– Елде бір-ақ тіл мемлекеттік тіл болуы керек. «Тілдер туралы» Заң осыдан 20 жыл бұрын амалсыздан қабылданған нәрсе еді. Құдайға шүкір, қазақ көбейді. Алайда біз Ресеймен сиам егіздері сияқтымыз. Ажырағымыз келмейді, ажырамасақ тағы болмайды. Дегенмен түбі ажырау керек. Сиам егіздерін ажыратқанда міндетті түрде оның біреуі өледі. Өйткені оларда қабырға ортақ. Оған да бара алмаймыз. Сондықтан бүгінгі үкіметтің саясаты дұрыс. Бірақ бәрібір күндердің күнінде сиам егіздерін (қазақ тілі мен орыс тілін) екіге бөлуге тура келеді. Енді сиам егіздерін бөлейік десек, яғни латын алфавитіне көшейік десек, қазақ отарсыздану керек дейтін кейбір жазушы ағаларымыз латын ғарпіне қарсы шығып отыр. Міне, парадокс қайда жатыр!

«Алаш айнасы»: 
– Яғни сиам егіздерін операциямен бөлудің бір нұсқасы – латын ғарпіне көшу кезек күттірмейтін мәселе дейсіз ғой?

Ғарифолла Әнес:
– Әлбетте, адам қажетсінсе, ақпаратты кез келген тілде үйренеді. Мысалы, зиялы қауымға – екі тіл, ғалымға – үш тіл, дипломатқа – бес тіл керек. Ауылдағы шопанға екі-үш тіл білу міндет емес қой. Шопан ақпаратты тек қазақ тілінде алуы керек. Осы жерде бетімізге таңба болады дейміз бе, мына ащы жайды айтқым келіп отыр. Қазақстан мектептерінде «қазақ орта мектебі», «орыс орта мектебі», «өзбек орта мектебі» деп жазулы тұрады. Дүниежүзінде бірде-бір елде ондай жоқ. Бұл баяғы патша заманындағы «киргизский-туземский школ» дегеннің сарқыншағы. Өз еліміз Қазақстанда тұрып елде қазақ мектебі ашылды, қазақ балабақшасы ашылды деп қуанып жатамыз. Айналайын-ау, өзі елімізде отырып, қазақ, өзбек, ұйғыр, орыс мектебі деп атаудың не қажеті бар? Осы тілдерді меңгеріп шығатын мемлекеттік мектеп болуы керек. Қазақ тілінің екінші бір тұсауы мектеп дер едім. Келесі жылы 1 қыркүйектен бастап біз қазақ мектебіне түбегейлі тілдік реформа жасайтын болсақ, 12 жылдан кейін ғана адам тәрбиелеп шыға аламыз. Осындай батыл қадамдарға барсақ қана Тәуелсіздіктің 30 жылдығында тілдік реформаның жемісін көруіміз мүмкін.

«Алаш айнасы»:
– Бірінші тұсау дегеннен шығады, посткеңестік кеңістікте орыс тілінің ресми мәртебесі сақталып қалған үш мемлекет бар. Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан. Бұдан басқа елдерде мемлекеттік тіл мәселесі біршама шешілді. Айтайын дегенім, АҚШ-та ресми тіл ағылшын, Қанадада ресми тіл ағылшын және француз тілі. Яғни ресми деген сөз мемлекеттік тіл дегенді білдіреді. Біздегі мемлекеттік және ресми тілдің айырмасы бар ма өзі?

Айдос Сарым:
– Ғарекең өте жақсы айтып отыр. Сол уақыт әлі де ұлтаралық қатынастардың ушығып тұрған, Тәуелсіздікті сақтап қала аламыз ба, жоқ па деген күмән торлаған кез еді. Мемлекеттік тіл, ресми тіл дегенге келейік. Шын мәнінде бұл төңіректе әртүрлі пікірлер айтылады. Біздегі орыстілді саясаткерлер біз неге Швейцария болмаймыз? Онда үш тіл бар. Біз неге Канада болмаймыз? Онда екі тіл бар деп бірдеңелерді айтады. Мен айтам, айналайындар, Швейцариядағы бүгінгі күні қалыптасқан демографиялық жағдай кем дегенде 60-70 жылдан асты. Олар азаюы немесе көбеюі мүмкін, бірақ бәрібір баланс сақталады. Ал Қазақстандағы жағдай басқаша. Бүгінгі жағдай ертең 10-30 жылдан кейін сақталады деп ойламаймыз. Біз ұлттық санақтан кейін абсолютті көпшілікке айналдық. Қазақ ұлты үшін тиісті жауапкершілік болуы керек. Тілдер туралы заң қабылданған 1989 жылдан бері ойбай, тиіп кетпесін, бүлдіріп кетпесін деген саясат құрып келдік. Биліктегілер тіл мәселесін көтермеудің ең оңай жолын тапты. Олар қазақ 10 жылдан кейін 75 пайыз, 20 жылдан 85 пайыз болады деп жақсы біліп отыр. Сол кезде бұл өзінен-өзі шешіледі, қозғамай-ақ қойсақ дегенді ұстанып отыр. Бірақ мұның өзі үлкен қателік. Қазақстан 20 жылдан кейін, 50 жылдан кейін қандай болады деген мәселе бойынша ұзақ мерзімді саясатымызды неге зерделемейміз? Мысалы, 1979 жылы Иран революциясы неден шықты? Тура осындай жағдайдан туындады. Тіл ойыншық емес, билік мықтап ойлануы керек. Ертең тегеурінді ұлттық үрдістерді игере алмай қалуы мүмкін. Бүгінгі күні жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлттық буын мен оған қарсы топтың тартысы байқалады. Ұлттық санақ көрсеткендей, жылдан-жылға бір ұлттық платформаға көшіп келеміз. Өткенде ғана тіл мәселесінің төңірегінде Жазушылар одағында зиялы қауым тайлы-таяғымен қатысқан үлкен жиын өтті. Зиялы қауым дағдарысқа қарамастан, тілдік мәселеде үлкен сілкініс туғанын сезіп-біліп отыр. Менің қазақ тілі функционалды тіл емес, мемлекеттік тіл болуға сай емес дейтін оппоненттеріме айтар уәжім бар. Құдайға шүкір, қазақ тілі кемеліне жеткен, өркендеуді талап ететін тіл. Мысалы, ирланд тілі ежелден, англо-сакс заманынан қалыптасқан тіл. Бір айта кетерлігі, сырттағы ирландықтардың саны Ирландиядағы ирланд тілінде сөйлейтіндерден көп. Өкінішке қарай, ирланд тілінің айшықты әдебиеті, оның көрнекті өкілдері жоқ. Тұрмыстық деңгейде қалып қойған. Баск тілі де солай. Оған қарағанда қазақ тілінің әлдеқайда болашағы зор, потенциалы мықты тіл. Алашорда зиялылары қазақ әдебиетінде шоқтығы биік туындылар туғызды. Кейбір ағаларымыз тілімізді креолдық тіл дейді. Бұл да үлкен қателік.Тіл мәселесінде бірнеше қадам жасасақ алға дамимыз. Яғни әдеби қазақ тілін жаңғыртып, тұрмысқа сай тілімізді стандарттау керек. Ерлан мырза жоғарыда айтып өткендей, дүкенде, тұрмыстық қызмет көрсету саласында қазақ тілін үйретуді жолға қою керек.

Ғарифолла Әнес:
– Функционалды тіл деп жатырсыздар ғой. Сіздер лингвист емессіздер ғой. Ешқашан функционалды тіл деген болмайды. Тілдің бай тарихы болу керек. Тіл тұсаулы болғаннан кейін тарих та тұсаулы болады. Қазақ тілі неге көркем, неге керемет? Қытайдағы қазақ пен Алтайдағы қазақтың тілі неге бірдей? Бұл бір кездері озық мәдениеті, шұрайлы тілі мен берік дәстүрі болған Алтын Орда алып империясымен байланысты. Мысалы, құмық тілі бір кездері Кавказда мемлекеттік тіл болыпты. Қыпшақ тілі Бейбарыс сұлтанның кезінде бүкіл араб елдерінде мемлекет деңгейіндегі тіл болған. Мысалы, ватикандықтар татар тілінде, яғни түркі тілінде хат жазған екен. Даңқты тарихымыздағы империялық сана тілімізді өлтірмейді. Тек тілдің тұсауын шешу керек. Егер тұсауын шеше алсақ, тіліміз ғылым, саясат, экономиканы ұршықша иірер едік.

Ерлан Саиров:
– Жақында Кэмбридж университетінде болғанымызда Джеймс Кларк Максвелл деген ағылшынның ғалымы моңғол империясының бүгінгі мирасқоры Қазақстан дегенді айтты. XIX ғасырға дейін дипломатиялық тіл татар тілі болған деседі. Негізі, татар тілі емес, шағатай тілі болды. Біз тарихи жадымызды тұтас ғасыр бойы ұмыттық, кім екенімізді білмедік. Тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғыртпасақ, тіліміз дамымайды. Тек жаңғыртып қана қоймай, Еуропаға мәдени экспансия жасауымыз керек. Біз «Еуропаға керуен» деген жобаны қолға алып жатырмыз. Бұл жобаның басты мақсаты – мәдени құндылықтарымызды кәрі құрлыққа таныстыру. Осыдан бес жыл бұрын Германияның Бонн қаласының орталық алаңында төрт-бес үндістің бірталай адам тамашалаған концертін көрдім. Дискілерін 50 евродан сатты. Үндістердің әуендері қазақтікіне жақын. Егер сол жерде қазақтар домбырамен концерт қойса, мыңдаған адам жиналушы еді. Ресеймен стратегиялық қарым-қатынастарымызды сақтай отыра Еуропаға экспансия жасауға болады. Ойымды Ғарекең дұрыс түсінбей қалды. Мемлекет араласқанмен мәселе шешілмейді. Оған қоғам мүдделі болу керек. Еврейдің тілін мемлекеті жасап берген жоқ, оның дәрежесін еврей қоғамы көтерді.

Ғарифолла Әнес:
– Ерлан, егер қоғам мүшелері орыс мектебін бітіріп жатса, қалай өз тілінің деңгейін көтере алады? Ал мектепті қазақыландыру мемлекеттің шаруасы емес пе?

Ерлан Саиров:
– «Мемлекеттің көрінбейтін қолы деген» теория бар. Соған сәйкес мемлекет тіл жөнінде күшті заң қабылдау керек және мектептер ашып беруі қажет. Одан кейінгі шаруаны дөңгелетіп әкету қоғам алдындағы міндет.

«Алаш айнасы»:
– Нұрлан мырза, жаһанданған заманда мәдени майданның басы-қасында жүрсіз.Сіз не дейсіз?

Нұрлан Ерімбетов:
– Менің ойымша, Еуропаға экспансия жасау дегеніміз – босқа ақшаны рәсуә ету. Одан ешқандай нәтиже шықпайды. Оркестрлеріміздің Лондон, Париж сияқты Еуропаның ірі қалаларындағы концерттерін телеарналардан көрсетіп жатады. Алайда камерадан тек сахнаны көрсетеді. Залды көрсетпейді, өйткені көрермен жоқ! Біздің өнеріміздің оларға керегі жоқ екенін осыдан-ақ көруге болады. Мәселеге басқа тұрғыдан келсек...

Ерлан Саиров:
– Жоқ, сіз қатты қателесесіз. Мен өз көзіммен көріп келген адам ретінде айтып отырмын.

Нұрлан Ерімбетов:
– Ереке, мәселе мынада. Сол қыруар қаржыны ішкі мәдениетімізге құйып, шетелге шынайы патриоттарымызды шығаруымыз қажет. Еуропалықтарға домбыра қызық емес, себебі оларда мүлде басқа заман. Задында, ішкі мәдениетіміз күшті болса, сыртқа шыққан кез келген қазақ өз ұлтының болмысын паш ете алады. Ал біз қанша жерден концерт қойып, өзімізге жарнама жасағанымызбен, бір қазақ сол Еуропада ішіп алып бәрін балағаттап жүрсе, абыройымызды айрандай төкпей ме? Сондықтан біз домбырамен емес, мәдениетті, сауатты адамдарымызбен танылуымыз қажет.

Ерлан Саиров:
– Сіз домбыраны мүлде сыйламайды екенсіз. Адамның бойындағы қазақылық оның домбыраға деген махаббатымен өлшенеді. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді.

Нұрлан Ерімбетов:
– Онда домбыра алдырайық.

Ерлан Саиров:
– Алдырайық.

Нұрлан Ерімбетов:
– Біз «тіл-тіл» деп құр айғайға сала береміз. Қазағым аман тұрғанда қазақ тілі ешқашан өлмейді. Қазіргі Алматы бұдан он жыл бұрынғы Алматы емес. «Мен қазақпын, сен қазақ емессің» деп бөліп-жарып өзара бөлініп тындық. Қазақша сөйлемегенді азғырып, мүйіздей береміз.

Ғарифолла Әнес:
– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Сіз өз балаңызды қай мектепке бердіңіз?

Нұрлан Ерімбетов:
– Мен баламды кезінде орыс мектебіне бердім. Дегенмен қазір ағайындарымның бәрі балаларын қазақ мектептеріне беріп жатыр. Менің айтайын дегенім, қазір әлемде болып жатқан оқиғалардың барлығын ең алдымен орыс тілінде алуға мәжбүрміз. Сонда мәліметтерді қазақшаға аударып бергенше неге күтіп отыруымыз керек? Нақты бір мысал. «АйтPARK» пікірсайыс клубын көп жағдайда орысша сөйлейді деп сынап жатады. Мен ол отырысқа қазақ тілінің майын тамызатын азаматтарды шақырамын. Бірақ олар жаттанды тіл, дін мәселесін сөз еткенде ғана келеді. Қазір халыққа керекті зейнетақы қорлары туралы, олардың механизмдері туралы әңгіме қозғағанда орыстілді мамандар ғана келеді. Кейде қазақ журналистеріне ауылдағы кемпір-шалдарға ақпараттар бермейді деп өкпемді айтып жатамын. «Біз бәрін қырдық-жойдық» деген жалған психологиядан аулақ болсақ. Мысалы, экономикасы қуатты, дамыған, карнавалымен мәшһүр Бразилияның өзі португал тілінде сөйлейді. Мен осындай әңгімелерді өз атымнан емес, мен сияқты азаматтардың атынан айтамын. Біз ат қойып, айдар тағуға шеберміз. «Сатқынсың», «опасызсың» деп өре түрегелеміз.

«Алаш айнасы»:
– Жәди мырза, Шығыс Қазақстан облысының орталығында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері «оралмандар қиналмас үшін оларға орыс тілін үйретейік» депті. Бұл енді заңның аяқ асты болғаны былай тұрсын, алыстан жеткен ағайынның құқығын таптау емес пе?

Жәди Шәкен:
– Бұл ерікті түрде болса, құқық таптау емес. Менің ойымша, орыс тілін міндеттеу дұрыс емес. Тілді оралмандардың өздері таңдауы тиіс. Германияның тәжірибесінде шетелден көшіп келген немістер үшін бейімдеу орталықтарын ашып қойған. Қазақ радиосын тыңдасақ, «Қазақ радиосын тыңдап, қазақша сөйлейік, ағайын!» дейді. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, қазақ жерінде отырып осы сөз айтылуға тиісті ме? «Қазақша сөйле» деген айғайымызбен көпшілікті үркітіп алып жүрген сияқтымыз.

«Алаш айнасы»: 
– Жәди аға, Қытайдағы тіл саясатын жақсы білесіз. Осы тәжірибені негіз ете отырып, нақты ұсынысыңызды бөліссеңіз.

Жәди Шәкен:
– Жақында 16-шы емханада болдым. Ол жерде барлық дәрігерлік анықтамалар қазақ тіліне көшкен екен. Орыс кемпірлер бір-екі күн күңкілдеп қойыпты. Олар арыз-шағым да түсірмеген, тіпті жиналыс та ашпаған. Міне, бізде осындай нақты істер атқарылуы керек. Мен Қытайдың тіл саясатындағы тәжірибесін айта кетейін. Бұдан біраз жыл бұрын Қытай ұлттық-территориялық автономиялық заңын қабылдады. Сол құжатта барлық мекемелерде ісқағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. Екінші, үшінші тіл ретінде ұйғыр және қытай тілі қолданылады делінген. Қызыл партияға қарсы шығып жүрген қазақтар бұған мойынсұнды. Қарсылық көрсетпеді. Арада бір буын алмасқан кезде, яғни 1984 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, тұрғындарға қазақ тілінде де, қытай тілінде де сөйлеуге болады деп көрсетті. Ассимиляцияға түскен қазақтар бұған да бой ұсынды. Ал 2000 жылы Жұңғо билігі қазақ мектептерінде тек қана қазақ тілі мен әдебиеті ғана қазақ тілінде оқытылып, қалған пәндер қытай тілінде жүргізіледі деген шешім қабылдады. Осылайша, Қытайдағы ағайындарымыз қытайланып болды. Сондықтан біздің басшыларға да тілдік саясатта осындай батылдық керек.

Ғарифолла Әнес:
– Жаңа Айдос қазақтар демографиялық тұрғыда тіл мәселесі шешіледі деп айтып өтті ғой. Меніңше, бізде демографиялық жарылыс болса да басымыздан қиқу кетпейді. Өйткені қазірдің өзінде біз орыстілді және қазақтілді болып екіге жарылдық. Сондықтан барлығын мектептен бастауымыз керек. Жәди мырза айтып отырған Қытайдың озбырлық саясатынан кейін бұл елден басы алтын болса да қазақ жазушысы шықпайды. Мысалы, Ресейде 1,5 млн қазақ тұрады. Бірде-бір қазақ мектебі жоқ! Ол жерден бір әртіс, жазушы шықты ма? Жоқ! Демек, барлығы мектептен басталады. Біз мектепті жаппай қазақыландыруды бастасақ, оның нәтижесін 11-12 жылдан кейін көреміз. Бірде-бір министр немесе зиялы азаматтар баласын қазақ мектебіне беріп жатқан жоқ. Өйткені олар қазақ тілінің болашағына сенбейді. Ертең 100 пайыз қазақ болсақ та, қазіргі ахуал сақталып қалады. Елдегі орыс мектептерінде оқып жатқан балалардың 40 пайызынан астамы қазақ балалары. Сол 40 пайыздың балалары да, немерелері де орыс мектебіне барады. Сонда ана Еуропаға барамыз, мәдениетті танытамыз дегеніміз қайда қалады?

«Алаш айнасы»:
– Айдос мырза, қазаққа Қытай тәжірибесін қолдану мүмкін бе?

Айдос Сарым:
– Менің ойымша, біз әлі баяғы мифтік санамен жүрміз. Өзімізді тым жоғары бағалаймыз. Мен қаланың жігіттерінің ана тілінде тіл сындырып жүргенін байқаймын. Демек, елде қазақ тілін білудің бәсекесі артқан. Дегенмен мектепте балалар сыртқа шығып, орысша сөйлейді. Өйткені қазақ тілінде балаларға арналған заманауи компьютерлік ойын, ұялы телефон жоқ. Сарапшылардың арасында тотальді концепция бар. Яғни бұл бойынша бүкіл адам қазақша сөйлеуі керек. Химияның бәрін қазақ тіліне аудару мүмкін бе? Жоқ.

Ерлан Саиров:
– Қытайлар барлық терминді қытайшалап алды. Қазір соны өз тілінде айтады.

Айдос Сарым:
– Дүниедегі бес адамның бірі қытай. Сөз жоқ, олар тұтынады. Оның үстіне, державалық амбициясы бар. Біз өліп кетсек те, әлемнің басында жүре алмаймыз. Халқы аз Швеция, Норвегия әлемді билеп-төстейміз деп жатқан жоқ. Олар ішкі мәселесіне назар аударған. Сондықтан бізге, біріншіден, өз тіліміздің нақты қолданыс аясын түсініп алуымыз керек. Екіншіден, тілдің стандарты болуы керек. TOEFL, КАЗTEST бойынша сатылы түрде стандарттау керек. Мысалы, ағылшын тілін қолдануға 5000 сөз жетіп жатыр екен. Ал Шекспирде 70 000 сөз бар, қазір тәуір философ ағылшын тілінде 200 мыңдай сөз қолданады дейді. Сөйтіп, мемлекеттік қызметте жүрген адамдар осынша сөз білуі тиіс деген талап қою керек.
Тілге келгенде саяси элитаның шорқақтығы көзге ұрып тұр. Заңды түзеткеннен мәселенің бәрі шешіле қоймайды. Қазақ тілі басым Шымкент пен Атырауда мемлекеттік тілді меңгерген орыс пен кәрістердің мансабы тез көтеріледі. Шымкентті мысалы етіп отырғаным, белгілі бір саяси, психологиялық кедергілерден өткен соң халықтың санасы мемлекеттік тілге біржола бет бұра бастайды.

Домбыра айтыс
Қазақтың қара домбырасын алғаш болып қолына алған Ерлан Саиров мырза «Ерке сылқымды» құйқылжытты. Нұрлан Ерімбетов мырза да қарап қалмай домбыраның құлағын келтіріп,«Ереке, сізге арнаймын» деп, «Адай» күйін төгілте ойнап берді.

Бір ауыз сөз:
«Алаш айнасы»: – Құрметті қонақтар! Сіздердің ойларыңыз қазақ тілін үйретуде әкімшілік жолды қолданбау керек дегенге саяды. Ал енді қазақ тіліне өзгелердің сый-құрметін, махаббатын ояту үшін қандай бір нәзік механизм болуы керек?

Ерлан Саиров: – Мен жас кезімде «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жырларын патефонмен тыңдап өстім. Енді сол ертегілерді балаларыма оқытайын десем жоқ, еш жерден таба алмадым. Бүкіл қазақтың зиялы қауымы өз балаларын қазақ мектебіне берсін. Өзімнің үш баламды қазақ мектебіне бердім. Одан үлкен механизм жоқ. Екінші механизм – ешкімге ұрыспай-соқтықпай жүрген жеріңде ағайынды қазақша сөйлеуге шақыру. Үшінші механизм – қызмет көрсету орталықтарын қазақшалау керек. Мысалы, Қытайдың Үрімші қаласына барсаңыз, «бізге қазақша сөйлейтін мамандар қажет» деген хабарландырулар ілініп тұрады. Супермаркетті қазақша сөйлету керек.

Нұрлан Ерімбетов: – Бұл жерде Ерекеңді қолдаймын. Бар кінәні Үкіметке жаба бермей, қоғам да қозғалуы керек. Мысалы, мен машинам сынып қалып таксиге отырсам, соларды неғұрлым қазақша сөйлетуге тырысам. Меніңше, қазақтың барлық патриоттары осылайша өзі үлгі көрсетсе, қоғам да қозғала бастайды.

Ғарифолла Әнес: – Мемлекетшіл адамдарды тәрбиелеуіміз керек. Біз ата тәрбиесін көрдік, шапанынан шықтық. Ал қазір тәрбиелейтін жалғыз құрал – мектеп. Бәрін мектептен бастау керек. Жоғарыда айтқандай, бәлен мектеп, түген мектеп болмауы керек. Жалпы тілге жіктелмейтін мемлекеттік мектеп болуы керек деп ойлаймын.

Жәди Шәкен: – Мектеп демекші, мектептегі оқу құралдары ұлттық рухты көтере алатын дәрежеде емес. Оқулықтарда Әуезов туралы бұл жазушы Горькийден, Бальзактан, Шолоховтан тәлім алды, сондықтан ұлы Әуезов болып шықты деп оқытады. Бунинді оқып Қалихан жазушы болыпты деп айтамыз. Мұны оқыған бала не деп ойлайды? Барлығы өзге жұртта екен ғой деген ой түйеді. Ендеше, оқулықтарды ұлттық рухта жазу керек. Тағы бір айтарым, бүкіл мекемелердегі ісқағаздарды қазақша жазсақ, өзге ұлт өкілдері еш айқай-шусыз қазақ тілін үйрене бастайды. Мемлекеттік қызметкер қазақ тілін білуі керек деген талап болуы тиіс.

Айдос Сарым: – Қазақ тілін жетік білетін мемлекеттік қызметкерлердің, депутаттардың тізімін жасап шықса. Мысалы, далада ауланы сыпырып жүрген адамға орысша я қазақша біл деудің қажеті не?

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста