Елiмiз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жолындағы талаптарға сай саяси өзгерiстердi бастап кеттi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жұма күнi «Саяси партиялар туралы», «БАҚ туралы» және дүйсенбi күнi «Сайлау туралы» заңдарға қол қойып, аталған құжаттар күшiне ендi. Осы орайда, «Сайлау туралы» заңда жазылғандай, «Парламент екi партиядан кем болмауы керек» деген бапқа байланысты «мерзiмiнен бұрын сайлау өте ме» деген сұрақ көпшiлiктiң көкейiнде жүргенi мәлiм. Сарапшылар да бұл турасында кесiмдi пiкiр айта алмай отыр. Сондықтан елдi екi ұдай қылған сауалдың төңiрегiнде өзiмiзше жауап iздеудi жөн көрдiк.
ПАРЛАМЕНТКЕ САЙЛАУ ӨТУI ӘБДЕН МҮМКIН
Себептерi:
Бiрiншiден, келесi жылы Қазақстан Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етедi. Ал қарт құрлықтың iргелi ұйымына төрағалық ету жолында Қазақстанның саяси жүйесiн сын садағына iлгендер көп болды. АҚШ, Ұлыбритания және Чехия сынды мемлекеттер бiздiң елдiң басқарылу тәртiбi «ұйым жарғысына қайшы келедi» деген уәждi көлденең тартты. Алайда Испания астанасында өткен ұйымның кезектi жиынында Қазақ елiнiң сыртқы саясат ведомствосының өкiлдерi аталған талап-тiлектердiң өте орынды екенiн айтып, оларды мiндеттi түрде iске асыратынына серт берiп келген болатын.
Екiншiден, Пиреней түбегiндегi Мадридте берген уәденi орындау үшiн елiмiзде бiрқатар заңдарға өзгерiстер енгiзiлдi. Мәжiлiс пен Сенат мақұлдаған заңдарға Президенттiң қол қойғанын жоғарыда атап өттiк. Саясатта күтпеген оқиғалар болмай тұрмайды. Қоғам саяси «сюрпризге» үйренiп қалған. Мамандар да саяси партиялардың бәйгеге дайындалуына үш ай мерзiмнiң жеткiлiктi екенiн айтуда. Естерiңiзде болса, соңғы Президент сайлауы да 2006 жылы болатыны айтылып, бiр жыл бұрын өткiзiлгенде партиялардың барлығы сақадай сай екендiктерiн дәлелдеген болатын.
Үшiншiден, кемiнде екi партиядан жасақталған Парламент болу керек екенiн Елбасының өзi де мәлiмдедi, Заңда да солай көрсетiлдi. Демек, күзде сайлау өтiп, жетi пайыздық кедергiден қиналмай өткен «Нұр Отан» мен кедергi көрсеткiшiне жете-қабыл дауыс жинаған тағы бiр партиядан тұратын заң шығарушы орган жасақталып жатса, еш таңғалмаңыз.
САЙЛАУ ӨТПЕУI ЫҚТИМАЛ
Себептерi:
Бiрiншiден, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiнi бекiтiлiп қойды. Ендi ешкiм бiзден төрағалықты тартып ала алмайды. Батыс әлемi елiмiзде демократияның өркен жайып келе жатқанын ұдайы айтып келедi. Сөзiмiз жалаң болмас үшiн мынадай мысал келтiрейiк, 2006 жылдың мамыр айында АҚШ-тың сол кездегi вице-президентi Дик Чейни Балтық жағалауымен, жолшыбай Ресейге соғып, елiмiзге аялдағанда «Қазақстан – демократиялық мемлекет» деп мойындаған едi. Осы ретте айта кетейiк, трансұлттық корпорацияларға жетекшiлiк ететiн америкалық шенеунiк сол сапарында Ресейдiң саяси дамуын қатты сынға алған болатын. Сондықтан Қазақстанның демократиялық ел екенi ЕҚЫҰ-ға төрағалықтан бұрын-ақ мойындалған.
Екiншiден, Қазақстанда биыл тұңғыш рет үш жылдық бюджет қабылданды. Мұнайдың әлемдiк бағасына байланысты «екi шоқылып, бiр қаралған» бюджет жобасында сайлау шығыны қарастырылмағанын айта кеткен жөн.
Үшiншiден, қос бүйiрден қысып, соңғы екi-үш күнде қарапайым халықты алаңдатқан қаржы дағдарысының қоғамда абсентеизмдi орнатқаны жасырын емес.
Саяси сөздiк
Абсентеизм – қоғамдағы саяси енжарлық.
ТҮЙIН: Заңды бақсақ, сайлау дүбiрi жақындап келе жатқан сияқты... Әрине, бiз сайлаудың өтуiне немесе өтпеуiне мүдделi емеспiз. Әйгiлi француз ғалымы Шарл Луи Монтескье жiктеген билiктiң үш тармағы саяси өзгерiстер арқылы бiрiн-бiрi бақылайтын деңгейге жетiп, шынайы демократияға қадам басқан Қазақ елiнiң басқару жүйесiнiң қалыптасуына мүдделi болғандықтан ғана осы төңiректе қалам тербедiк.