ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Respublica партиясының депутаты Руслан Берденов қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған букмекерлік кеңселер қызметі мәселесін көтерді. Осы орайда мәжілісмен лудоманиямен күресудің жолдары ұсынылған өзінің депутаттық сауалын жолдады.
«Жылдам баюға азғыру - ең алдымен, аз қамтылған адамдар мен жастарды тартады. Осы проблема қайғылы жағдайға айналып барады, жастардың тағдырын тәрк етуде. Кейбір отбасылар жақындарының қарызын өтеу үшін мүлкін сатуға, несие алуға мәжбүр. Өңірлердегі халықпен кездесу кезінде біз ойынқұмарлар үшін жылап жүрген ер-азаматтарды, яғни олардың әкелері, ағалары мен ұлдарын көрдік. Олар бізге ойынға тәуелді боп қалған жақындары жұмысындағы жиһаз, техника, тіпті қабырғадағы түсқағаздан басқа, үйдегі дүние-мүліктің түгін қалдырмай сатып жібергенін айтып берді», - деді мәжілісмен.
Спикер Бас прокуратура берген мәліметке сүйеніп, 2022 жылы елімізде қылмыстық құқық бұзушылықтың 21 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойынмен байланысты екенін атап өтті. Дәл осы жылы 3 676 суицид фактісі жасалса, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға тәуелді адам жасаған.
Депутаттың сөзінше, Қазақстандағы барлық букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіру туралы шешім нәтиже берген жоқ, өйткені олар интернет арқылы жұмысын оңай жалғастыруда.
«Онлайн-казиноға келетін болсақ, онымен күресудің негізгі әдісі – әлеуметтік желілерді, интернет-ресурстарды бақылау, заңсыз материалдары бар сайттарға кіруді бұғаттау. Алайда, осы шара іс жүзінде ештеңені шешпейді, өйткені онлайн-казино жаңа домен бойынша ашылуы мүмкін және бұғаттауды VPN жүйесінің көмегімен айналып өтуге болады», - деді депутат.
Ал Үкімет қабылдап жатқан шаралар құмар ойынға қатысқан адамдарға ғана қолданылып отыр. Одан тек 1600-ге жуық адам өзін құмар ойыннан шектеп отыр немесе бұл лудомандардың тек 0,5 пайызын құрайды.
«Бұл ретте, Үкімет осы ұйымдардың жарнамалық қызметін бақыламайды, өйткені «букмекерлер барлық спортқа, спорттық іс-шараларға демеушілік жасайды, сондай-ақ салық төлейді» деп сілтейді. Сонымен, мынадай салыстыруды келтіргім келеді. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес 2022 жылы ойын бизнесін ұйымдастырушылардың салық аударымдары 109 млрд теңгені құрады. Бұл ретте бір адамға шаққанда лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсалатын шығындар 140 млрд теңгені құрайды. Ал дені сау ұлт пен букмекерлік кеңселердің қызметі арасындағы таңдау айқын болуы керек», - деді мәжілісмен.
Сондықтан Respublica партиясының өкілі мәселені шешудің мынадай тетіктерін ұсынды:
1) заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда (ТВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтар және т.б.) осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салуды белгілеу;
2) интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай Халық Республикасының тәжірибесін зерделеу;
3) Банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу.