Бүгін Президенттің Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде көтерген бастамаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспар қабылданды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің телеграм каналына сілтеме жасап жазды.
«Жоспарда қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғыртуда негізгі діңгек болатын бағыттар, яғни білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша нақты іс-шаралар мен жобалар қарастырылған.
Атап айтқанда, «Балалар кітапханасы» бағдарламасын іске асыру, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту, өскелең ұрпақты рухани тұрғыдан дамыту, отандық әдебиет пен кітап шығару ісін өркендету, Археология институтын жаңғырту, Қазақстан тарихына арналған академиялық көптомдықты жарыққа шығару, балалар мен жасөспірімдер және еріктілер ұйымдарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалар бар. Сондай-ақ, жастар арасында құмар ойындар мен есірткінің таралуының алдын алу, оған қарсы жүйелі күрес жүргізу және тағы басқа бастамалар жөніндегі шаралар қарастырылған.
Жалпы, Президенттің Түркістанда сөйлеген сөзі ұзақ мерзімді перспективаға арналған және идеологиялық жаңа жалпыұлттық күн тәртібін белгілеп берді», - деп жазады Ерлан Қарин.