Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Өткен жылы агенттік мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізді. Заң жобасында мынадай өзгерістер қарастырылған. Біріншіден, Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайтын болады. Екіншіден, өзге өңірге ротацияланған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізіледі. Бұл қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандырады», - деді ол агенттіктің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның атап өтуінше, үшіншіден, мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны атқару үшін уақытша келісімшарт бойынша қызметке алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай қызметкерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңашылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізілуде.
«Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимінің сақталуы реттелетін болады. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізіледі. Бесіншіден, мемлекеттік органдардағы басқарушы және атқарушы лауазымдар саны реттеледі. Қазіргі кезде, кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бөлімшелер бар. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымын қалыптастыру», - деді агенттік басшысы.