Президент реформасындағы жаңа өзгерістер халыққа қажет дүние.
Конституциядағы өзгерістер – Мемлекет басшысының 2019 жылы бастаған бүкіл саяси реформасының заңды жалғасы деуге болады. Президент реформасындағы жаңа өзгерістер халыққа қажет дүние және ол өзгерістерді күтіп отыр. Бұл - тарихи дүние! Ол құқықтық, саяси жағдайдың бәрін өзгертеді. Мұндай пікірді Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымдағы депутаты Марат Бәшімов білдірді, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Президент реформалары әділеттілік, теңдік, Конституция үстемдігі, адам құқықтары деген принциптерден тұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев көп жыл бойы БҰҰ-да жұмыс істеді. Біз БҰҰ-ның шарттарын неге қабылдадық? Онда адам құқықтары басты орында тұруы керек. Адам құқықтары, оның саяси құқықтары, экономикалық-мәдени құқықтары басты орында болғандықтан, Мемлекет басшысы 2019 жылы конституциялық реформаны жоғары дәрежеге қойды.
Әр мемлекеттің өз проблемалары бар. Біз өзімізде проблема барын мойындадық, бұрынғы саяси режимде адам құқықтары тапталып, конституциялық үстемдік болмағанын көрдік. Бұрын жеке басқа табыну болды. Шетелде ондай дүние жоқ. Басқа мемлекеттерде барлығы тең, ешкім «елбасы» бола алмайды. Әділетті, барлығының құқықтары, мүмкіндіктері бірдей. Президент реформасынан кейін біздегі әділетсіздіктер біртіндеп жойыла бастады. Бұл жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның демократиялық бағытын тағы да көрсетіп отыр. Конституциялық реформа қоғам пікірін ескере отырып жүргізілді, - дейді Мәжіліс депутаты.
Ол сондай-ақ Президент реформалары өз жемісін беріп жатқанын да айтып өтті.
Оның нәтижесін көріп отырмыз. Мәжіліске алты партияға дейін келіп отыр. Оның үстіне оппозияциялық партия Мәжіліске тұңғыш рет келді. Бұл – ел тарихында болмаған дүние. Мәжіліске өтуге белгіленген межені де түсірді. Партияны тіркеу рәсімдері жеңілдеді. Бұрын 20 мыңнан астам қол жинау керек болса, қазір 5 мың ғана қол жинайды. Можаритарлық сайлау жүйесі арқылы Мәжіліске жаңа депутаттар келді. Президент реформаларынан демократияның айқын көріністері байқалады. Үшіншіден, адам құқықтары жоғары деңгейде көтерілді. Елімізде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті күшейді. Көрші мемлекеттерде адам құқықтары заңмен қорғалған.
Конституциялық сотты да ерекше айтқым келіп отыр. Бұл саяси институт дауларды шешеді, азаматтардың құқықтық-нормативтік актілерін қарайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Конститциялық сотқа, Бас прокуратураға бірқатар құзыреттілік берілді. Президент зорлық-зомбылықпен, азаптаумен күреске көп көңіл бөлуді тапсырды. Жасыратыны жоқ, елімізде сот шешімімен келіспей, наразылық білдіру жағдайлары жиілеп кетті. Бұл азаматтардың мүдделерін қорғайтын құқықтық тетікті күшейту қажет екенін көрсетті. Осы орайда халық Конституциялық сотқа үлкен үміт артып отыр. Елімізде Конституциялық соттың енгізілуі - әділетті және құқықтық мемлекет құруда жасалған маңызды қадам. Бұл – адам құқықтарын қорғайтын ең үлкен институт. Адам құқықтарын қорғайтын нәрсені халық та қолдап отыр.
Реформадағы тағы бір дүние – жоғары аудиторлық палата. Оны құрудың өзі үлкен жаңалық. Ол бөлінген ақшаның қайда кеткенін тексереді. Жемқорлықпен, көлеңкелі экономикамен күресте бұл органның рөлі зор. Заңсыз шығарылған активтерді, жер мәселесін, заңсыз құрылыстарды тексереді. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейте алады. Енді бұрынғыдай олигополия болмайды. Билік азаматтарды адам құрлы санамайды деген дүние келмеске кетті.
Үлкен өзгерістер болып жатыр. Нәтижесі бір күнде болмайды. Аз уақыт болса да бірталай жұмыс атқарылғанын байқап отырмыз. Өзгерістер адамның сана-сезіміне әсер етеді. Мәдени-құқықтық тәртіпті өзгертеді. Қорыта айтқанда, саяси реформалар қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді,- деп сөзін түйіндеді Марат Бәшімов.