«Пайдасыз ақыл байлаусыз тақыл» деп ақын Абай айтпақшы, жинаған білімді ортақ игілікке бағыттау үшін де тәрбие керек. Әлемдегі ұлы ұстаздардың барлығы дерлік білім беруден бұрын тәрбие беруге ұмтылған екен. Тыныс-тіршілігіміздің барлығы дерлік еуропалық стандарттардың соңына түсіп, батыстық өнімдерді қабылдап жатқандықтан, білім беру саласындағы шығыстық методологияның басты ұстанымдары жоғалып жатыр. Көптеген Шығыс елдері үшін адамды жетілдіру жолындағы бірінші мәселе – ол тәрбие.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында білім беру саласы мен ұлттық тәрбие мәселесі еліміздің дамуы үшін жасалатын шаралардың негізгі критерийлерінің бірі екенін айтып өтті. Сол білім беру саласының ішінде тәрбие беру компоненті де ерекше көрсетілді. Елбасы: «Білім беру саласы жастарға білім ғана емес, әлеуметтік бейімделуге де көмек беруі керек... Патриотизм, моральдық құндылықтар, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық – бұл құндылықтар оқу орындарының барлығында олардың қандай меншік түріне жататынына қарамастан берілуі керек. Сол құндылықтардың бірі, еліміздің негізгі ұстанымдарының бірі – біздің көпұлттылығымыз бен көптілділігіміз», – дегенді айтып, бұл саланың арнайы мамандары болуы керектігін, арнайы оқулықтар жазылуы керектігін атап өткен еді.
Қазақстандық орта білім беру ошақтарында тәрбие сағаты деген пәннің бар екені белгілі. Дегенмен бұл пәнге қатысты барлық мектепке арналып министрліктен бекітілген ортақ жоспар жоқ. Әдетте бұл пәнді сынып жетекшілері өткізеді. Сондықтан онда жалпыадамзаттық құндылықтар мен тәрбие мәселесі емес, сыныптың күн тәртібіндегі ұсақ-түйек мәселелер ғана сөз болады. Ал отансүйгіштік пен тәрбие мәселесі қазақ әдебиеті пәнінің ғана еншісінде қалып қояды. Алайда ол өз алдына бөлек жоспары бар пән болғандықтан, құндылықтар мәселесіне тереңдей бермейтіні анық. Яғни Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырғандай, патриотизмге тәрбиелейтін бір пәннің керектігі анық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты Жеңіс Төлен жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру үшін оқу орындарында тәрбиеге кешенді тұрғыда келіп, арнайы бағдарлама болуы қажет деп есептейді. Оның айтуынша, қазақстандық білім беру ошақтарындағы тәрбие беру ісі төмендегідей критерийлер бойынша құралуы керек:
– жастарды білімді әрі білікті маман ретінде қалыптастыру;
– жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру;
– Отан, ата-ана алдындағы азаматтық борышын терең түсіндіру;
– халық мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білушілікке баулу;
– халықтар, ұлттар достығын қадірлеуге үйрету.
Білім беру саласында батыстық технологияларға басымдық беріп жатқан болсақ, тәрбие беру ісінде шығыстық елдерден тәжірибе алуға болады. Мәселен, бір ғана Оңтүстік Кореяны алайық. Аталған елдің білім беру ордалары құдды бір тәрбиелі адам жасап шығатын машина іспетті. Оңтүстік Корея мемлекеті қылмыстық көрсеткіштер бойынша әлемдегі ең қауіпсіз ел ретінде танылады. Білім беру технологиясында батыстық үлгілерді ала отырып, тәрбие беру ісінде өзіндік ерекшеліктерін енгізген Кореяның тұрғындары ерекше сыпайы, тәрбиелі, білімді және патриот. Ұлттық мінезіне сіңіп, менталитетіне айналған осы қасиеттің білім ордаларындағы тәрбиеден басталғаны сөзсіз. Мұндайда тәрбиесі биік халықты заңға бағынуға шақыру үшін Қытай билігі секілді қатаңдықтың да қажеті шамалы болады.
Ендеше, еліміздегі орта білім беру, арнайы білім беру, жоғары білім беру ошақтарына тәрбие беру пәніне арналған арнайы оқулық керек. Алайда ол ешбір елдің оқулықтарының аудармасы бола алмайды. Мұндай оқулық қазақстандық ортаның ерекшеліктерін, тарихы мен бүгінгі жағдайын ескере отырып жазылуы керек. Екінші кезекте сол оқулықтағы айтылған ойларды жастарға дарыта алатын арнайы мұғалімдер дайындалуы керек немесе осы істі мойнына жүктеген мұғалімдердің өздері осы салада қосымша біліктілік жинауы керек. Үшіншіден, жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелейтін арнайы пән енгізу қажет. Әрине, осы айтылғандарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігіне арнайы бағдарлама да қажет болуы мүмкін.
Нұржамал Алдабек, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Қай жылғы Жолдауында болса да, Елбасы білім беру саласын назардан тыс қалдырмайды. Тәуелсіздіктен бері қазақстандық білім беру саласында талай реформа жүзеге асты. Соның арқасында қазір еліміздің бұл бағыты ешкімнен кем емес. Әл-Фараби бабамыз «тәрбиесіз берілген білім – дұшпандық» дейді ғой. Осы уақытқа дейін білім беру саласында біршама деңгейге көтерілген болсақ, соның игілігін көру үшін тәрбие керек. Жастардың бойында патриоттық сезім күшейсе, сол білімнің барлығы елімізге жеміс болып төгіледі. Мысалы, Қазақстан өзінің жастарын әлемдегі ең жақсы оқу орындарына таңдап жіберіп жатыр. Алайда олардың бойында ұлтқа деген махаббат болмаса, ол білімнің жемісін кім көреді? Жастардың бойында ұлтжандылық қасиет аз деген пікір қазір көп айтылады. Енді сол пікір Жолдауда да айтылды. Ендеше, осы тақырыпта қазақстандық білім беру ошақтарына арналған жоспарлы бір пән енгізілсе, құба-құп. Әрине, кейбір оқу орындарында ондай пәндер бар, бірақ соларды жүйелеу керек, жоспарын ортақ етіп бекіту керек.
Патриотизмге пән беріле ме?
Последние статьи автора