Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арнасай ауылы маңына өзбек шекара қызметінің тұрағы орнатылды. Алғашқыда шекарашылар ауылдан ешбір тұрғынды шығармаған еді. Бірақ кейін ауыл тұрғындарына жергілікті әкімдік берген тізім бойынша аудан орталығына қатынауға мүмкіндік берілді. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, өзбек шекарашыларының қауырт қимылдауына Ташкентте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының кездесуі себеп.
Өзбекстандық шекара қызметінің Шардара-Жетісай тас жолының бойына өткізу-бақылау тұрағын орналастыратыны бір жыл бұрын айтылған еді. Көршілес қос мемлекет аумағы арасындағы делимитациядан кейін Шардара ауданындағы Арнасай ауылы өзбек шекарасы мен Шардара суқоймасының қоршауында қалды. Қазір бұл ауылда 400-ден астам тұрғын бар. Бұған қоса, Шардара суқоймасында өзге елді мекендерден бір топ адам қатынап жұмыс істейді. Өзбектер тарапынан шекара маңында тәртіп қатайғалы бері арнасайлықтардың сыртпен байланысы қиындады. Алғашқыда бір-екі тәулік бойы шекарашылар ешкімді ауылдан аттап басқызбаған. Бірақ кейін жергілікті әкімдік пен өзбек шекарасы заставасы өкілдері арасында келісім жасалыпты. Шардара қаласының басшылары қазіргі мезгілде Арнасай тұрғындары үшін күрделі жағдайдан шығудың бар амалын жасадық деп отыр. Шекарашыларға 416 арнасайлықтың және осы елді мекен аумағында жұмыс істейтін тағы 80 адамның, аудан орталығына қатынайтын «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің және басқа да түрлі көлік иелерінің тізімі берілген.
Бұл тізімге енбеген адам Арнасай ауылына кіре алмайды. Қазір зейнетақысын аудан орталығынан барып алатын қарттарға бас-көз болу үшін тәртіп сақшылары арнайы бөлінді. Бұған қоса Шардара қаласының әкімдігі тұрғындардың суқойма арқылы қатынауы үшін қайықтар да дайындап отыр. Жағалау бойымен Қарасақал ауылына шығу бағыты ойластырылып, ол маңда трактормен сүрлемдер салу да қолға алынған. Өйткені өзбектер шекараны мүлдем жауып тастайды деген қауіп бар.
Бұлтбай МҮТӘЛИЕВ, Шардара қаласының әкімі:
– Арнасай – Шардара қаласының аумағына кіретін ауыл. Мұнда 71 үй, 416 тұрғын бар. Шекара қыспағында қалғаннан кейін біз ауыл тұрғындарына келешекте жағдайдың бұдан да қиындай түсетінін ескерттік. Сөйтіп, былтырдан бері тұрғынжайлардың құжаттарын түгендеп, баспаналардың бағасын шығардық. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті құжаттарды Астанаға жіберді. Құдай қаласа, екі күннен соң тұрғындарға өтемақы төленіп, олардың бәрін Шардара қаласына көшіреміз. Бұл ауылда кезінде суқойма шаруашылығы үшін салынған бес-алты үй ғана болатын. Қалғанын тұрғындардың өзі бейберекет тұрғызған. Кешелі бері Өзбекстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының кездесуіне байланысты шекараны нақтылап, қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. Кейін шекараны ашуы да, ашпауы да мүмкін. Сол себепті қазіргі уақытта біз арнасайлықтардың мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, бұл аймақтан көшкенін қалаймыз.
Зеркүл ҮСІПБАЕВА, Шардара ауданының тұрғыны:
– Аудан орталығына қатынау қиындады. Бірақ шекарашылар арнайы талондар арқылы тексеріп, құжаты дұрыс адамдарды өткізіп жатыр. Жолды мүлдем жауып тастаған жоқ.