Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ел тарихына арналған жаңа кітаптар жарық көрді. Астанадағы Мемлекет тарихы институтының бастамасымен шығарылып отырған ғылыми еңбектер Отан тарихын жаңаша қаузап, Қазақстанның бүгінгі саяси-экономикалық жетістіктерін барынша көрсетуді көздейді. Мемлекеттік тапсырыс аясында жарыққа шыққан бұл кітаптар барлық орта және жоғары білім беру мекемелеріне таратылып, оқу құралдары ретінде қолданылады. Бірақ, өкінішке қарай, ол басылымдардың бүгінгі таралымы тым аз.
Ел тарихына арналған алғашқы он кітаптың ішінде «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы», «Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері: Оқиғалар хроникасы», «Қазақстандағы білім мен ғылым: жасампаздық хроникасы», «Тәуелсіз Қазақстан: күннен күнге. Оқиғалар хроникасы. I-IV томдар», сондай-ақ орыс тіліндегі «Новейшая история Казахстана: кризис и распад советской системы. I том», «Новейшая история Казахстана: выход из кризиса. II том» және «Новейшая история Казахстана: устойчивый Казахстан. III том» атты ғылыми еңбектер бар. Осы кітаптарды баспаға әзірлеу кезінде ғалымдар Отан тарихын жаңаша тұрғыда жазып, барлық маңызды деген оқиғаларды боямасыз беруге тырысыпты. Сол себепті ел тарихының хронологиялық сипатына ерекше мән берілген. Жалпы, Мемлекет тарихы институты бір жылдың ішінде Қазақстан тарихына арналған 24 кітапты даярлап шықты. Әзірге оның алғашқы он кітабы ғана таныстырылса, қалған еңбектер биылғы жылдың басты мейрамы – Тәуелсіздіктің 20 жылдығында халыққа жол тартпақ.
Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры:
— Негізі, бұл ғылыми еңбектердің басты ерекшелігі, ол – Қазақстанның тәуелсіз 20 жылдық тарихы арнайы зерттеліп, бірнеше том болып жарыққа шығып отыр. Мәселен, «Тәуелсіз Қазақстан: күннен күнге. Оқиғалар хроникасы. I-IV томдар» кітабында біз ел тарихын төрт кезеңге бөліп, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуын жан-жақты қарастырдық. Мұнда бұрынғы кеңестік жүйенің құлдырап, президенттік институттың қалыптасуы, колхоз-совхоздардың ыдырап, жаңа нарықтық экономикаға көшу үдерісі – бәрі-бәрі хронологиялық сипатта көрсетілген. Бұл кітаптар республикадағы барлық орта және жоғары білім беру мекемелеріне таратылатын болады. Бірақ, өкінішке қарай, ол басылымдардың бүгінгі таралымы тым аз — 2-3 мыңның айналасында. Сондықтан оның санын әлі де көбейту қажет деп ойлаймыз.
Отан тарихына – жаңаша көзқарас
Последние статьи автора