Жуырда бірқатар ресейлік және отандық саясаткерлер жиналып, Алматыдағы Саяси шешімдер институтында дөңгелек үстел өткізген болатын. Олар Орталық Азия мен посткеңестік кеңістіктің интеграциясын жан-жақты сөз етті. Ресейлік сарапшылардың сөз алысынан қашанда болса кеңестік дәуірге деген ностальгияны анық байқауға болады. Бұл отырыста да тап сол сарын анық көрініс берді. Отырыс қонақтары «посткеңестік елдер дәл өткен ғасырдағыдай жүйемен болмаса да, соған біршама ұқсас ортақ құрылымның астына бірігуі керек» деген ұранды астарлап та, тікілей де айтып жеткізді. Келмеске кеткен дәуірдің қайта оралмасына шүбәсіз болсақ та, «қалжың астарында шындық жатады» дегендей, ресейлік сарапшылардың айтарын оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз.
Владимир ПЛАСТУН, ресейлік саясаттанушы:
– Ауғанстан мәселесі шешілмей, Орталық Азияда қауіпсіздік орнамайды – бұл аксиома. Қауіпсіздігі қамтылмаған аймақтың қандай да бір тығыз интеграциясы, ашық-жарқын қарым-қатынасы жөнінде сөз айтудың өзі қателік болар еді. Сондықтан мен Ауғанстанның алаңдатарлық жағдайына назар аударғым келеді. Бұл аймаққа халықаралық қауіпсіздік күштерінің септестігі мен америкалықтардың аяқ басқанына 10 жыл толды. Жағдай өзгерген жоқ қой. Америкалықтар алғашында Усама бен Ладенді іздейміз деп кірген еді. Алайда менде Усама бен Ладеннің Нью-Йоркте тұратыны жайлы, тіпті қай көшеде қоныстанғанына дейін ақпарат бар. Қысқасы, батыс саясаты Ауғанстанның тұрақтануына мүдделі емес. Ендеше, оның Орталық Азияға да әсері толассыз жалғаса береді деген сөз. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Ауғанстанды қалпына келтіру үшін Қазақстан тарапы әлдеқайда көп еңбек сіңіріп жатыр. Өткен жылы да, биыл да мектеп құрылыстарына қаражат бөліп берді, жыл сайын астық жеткізіп беретіні – өз алдына бөлек әңгіме. Айналып келгенде, Ауғанстанның тұрақтылығына тек посткеңестік кеңістік, оның ішінде Орталық Азия аса мүдделі. Яғни аймақта интеграция орнатуға басты қажеттілік болып табылатын қауіпсіздік мәселесін шешу үшін Ауғанстанның айналасында орналасқан елдер бірлесіп шара жасауы керек.
Андраник ДЕРЕНИКЬЯН, ресейлік саясаттанушы:
– Орталық Азия мен Ресейдің интеграциясына қандай кедергілер бар дейтін болсақ, мен қос факторды атар едім. Ол – аймақтағы мемлекеттердің ішкі себептері мен аймақтық деңгейдегі проблемалар. Шамамен 2005-2006 жылдарға дейін Орталық Азия мемлекеттерінің басқарушы элитасы тығыз интеграция керектігін іштей мойындағысы келген жоқ. Сондықтан Қазақстан басшысы, кейіннен Ресей тарапынан жасалған ұсыныстар қолдаусыз қалып қойды. Алайда қазір уақыт пісіп жеткен болу керек, аймақтағы елдердің қай-қайсысы да еларалық қарым-қатынастарды күшейтуге кет әрі емес. Мысалы, Кедендік одақтық құрамына енуге Қырғызстан мен Тәжікстан әкімшілігі қызығушылық білдіруде. Болашақта Украина да қосылуы ғажап емес. Бірақ оған сыртқы күштердің тарапынан кедергі көп болатыны анық. Мұны бізге саясаттанушы Збигнев Бжезинский осыдан ондаған жыл бұрын-ақ ескертті ғой. Посткеңестік кеңістіктегі интеграцияның дамуы АҚШ секілді жетекші мемлекетке бәсеке тудыруы мүмкін. Меніңше, бұл – қарапайым логика. Сондай-ақ англосаксондық әлемнің Орталық Азияға қатысты саясатының екінші бір сценарийі бар. Осыдан бірер жылдар бұрын Еуропаның салмақты басылымдарында 2017 жылға дейін-ақ Қытайды қуатынан айыруға (барлық жағынан) болатыны айтылып жүрді. Олардың есебінше, Қытайды шайқалтуға түрткі болатын аймақ Қазақстан болуы керек. Осылайша батыс елдері шеті-шегі жоқ алып мемлекеттің ықпалын шектеу үшін Қазақстанды алаң ретінде пайдаланғысы келеді. Меніңше, мұнда әскери мәселе де негізге алынып отыр. Яғни менің айтарым, батыс елдері біздің аймақтың тұрақты болуын қаламайды. Аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті тек өзіміз ғана қамтамасыз ете аламыз. Ол үшін посткеңестік кеңістік соны түсінуі керек. Егер біздің аймақта қандай да бір ортақ құрылым, одақ пайда болған жағдайда, ол баяғы КСРО сияқты болады деп айтуға әсте келмейді. Бірақ ол Еуроодақ сияқты болуы да мүмкін емес. Әртүрлі модельдердің атрибуттарын жинаған жаңа бір көрініс пайда болуы мүмкін. Бірақ ондай жағдайда ол құрылымды бұрынғыдай ресейліктер емес, оған мүше болып табылатын барлық елдердің өкілдері басқаруы керек.
Қанат БЕРЕНТАЕВ, қазақстандық сарапшы:
– Аймақтағы интеграцияның болуы – үлкен қажеттелік. Мысалы, қырғыз сарапшылары «егер біз де Кедендік одақтың құрамында болсақ, Алматы мен Алматы облысын кемінде 30 пайызға арзан көкөніспен қамтамасыз етер едік» дегенді айтты. Бұл – бір ғана мысал. Жалпы, мен «экономикалық жаһандану» деген терминмен еш келісе алмаймын. Жалпы, аймақтағы ортақ проблемаларды шешуде мемлекеттердің мүддесі емес, алдымен сол проблемаларға қатысты мекендегі халқының мүддесі ескерілу керек. Мәселеге осы тұрғыдан қарау аймақтағы кез келген проблеманың шешілуін жеңілдетер еді. Аймақтағы интеграцияны дамыту үшін мемлекеттердің мүддесі тоғыспай жатуы кедергі келтіріп жатыр деген көзқарас қате. Меніңше, мемлекеттердің мүддесі емес, билік басындағы элиталық топтардың жеке мүддесі тоғыспай жатыр. Олар өздерінің жеке мүддесін мемлекеттік мүдде етіп көрсеткісі келеді.
Орталықазиялық интеграцияға кедергі қайдан?
Последние статьи автора