Елдегі нотариат қызметі жетіле түседі. Саланың жұмысына жан бітіру үшін басы артық саналатын әкімшілік кедергілер жойылып қана қоймайды, жұртқа қолайлы болуы үшін бірыңғай тұрақты тарифтер бекіту де көзделіп отыр. Кеше Сенат осы мәселені қамтитын заң жобасын талқылап, жаңадан 30-дан астам түзету енгізу арқылы құжатты Мәжіліске қарай қайтадан шығарып салды.
Алдымен заң жобасының жай-жапсарымен таныстырып шыққан әділет министрі Рашид Түсіпбеков құжаттың негізгі ұстанымы туралы төрт басты бағытты нұсқады. «Біріншіден, ендігәрі нотариустар санына шектеу қойылмайды. Өйткені қазіргі квота жүйесі лицензиясы бар 2000 адамды жұмыссыз қалдырып отыр екен. Екіншіден, кіру жарнасын төлеуге жол берілмейді. Қазір нотариатқа кандидатқа ондай жарнаны төлеу міндетті. Ал оның мөлшері 1 млн теңге мен 3 млн теңге аралығын құрайды. Үшіншіден, халыққа жайлы болуы үшін бірыңғай тұрақты тариф бекітілмек. Бұған қоса, нотариусқа кандидатты аттестациядан өткізу функциясы жергілікті әділет органдарына беріледі. Төртіншіден, квота жойылғанымен, мемлекеттік бақылау әлсіремеуі шарт. Сол үшін нотариус орналасатын үй-жайға, кеңсеге қойылатын талаптар айқындалып отыр», – дейді Рашид Төлеутайұлы. Құжаттың негізгі қамтығаны нотариусты «о-о, жақсы болды» дегізетін жайы да баршылық. Жұртқа да жағымдысы – бірыңғай тұрақты тариф. Әйтпесе, шындығында, ауылдағы қалтасы жұқа азаматтың апшысын қуырғанның бірі – осы нотариус екендігі бесенеден белгілі. Ендеше тұрақты тариф болғаны жөн, жөн. Сөйтіп, нотариусқа да, оның қызметіне жүгінетіндерге де біршама жеңілдіктер қамтылған. Әйтсе де, мемлекеттік қадағалау сәл босағаны болмаса, мүлдем жойылмақ емес. Нотариустың шата басқан қимылдары да бақылауда болатын тәрізді. Мәселен, Рашид Төлеутайұлы: «Жеке практикамен айналысатын нотариустың жеке үй-жайы (кеңсесі) болуы тиіс. Соған орай, лицензияны тоқтату немесе оның күшін жою үшін қосымша негіздер анықталады. Егер нотариус есептік тіркеуді кеңседен тыс жерде жасаса, ондай нотариустың қызметі шектелуі әбден мүмкін», – дегенді алға тартады.
Бір қарағанда бәрі дұрыс, қажетті нормалар секілді еді. Алайда сенаторлар нотариустар мен олардың палаталары қызметіне бақылау жасауды көздейтін жаңа ережелерге біршама кейістік танытып қалды. Расында, Елбасы осы саладағы қылтиған кедергінің біразын жою туралы тапсырма берсе, депутаттар басы артық тексерістердің ішінара қалып қалғанына наразы секілді. «Заң жобасында республикалық нотариустар палатасының қызметін бақылау алып тасталғанымен, жергілікті палатаның қызметі бақылауда тұр. Бұл – заңға қайшы. Өйткені жергілікті нотариустық палаталар қоғамдық ұйым болып табылады», – дейді сенатор Светлана Жалмағамбетова. Бұл мәселені сенатор Болат Жылқышиев те жақтап шықты. «Өркениетті елде нотариусқа сенім мол. Қазақстанның қоғамы да тазаланып келеді, білімді, сауатты азаматтар көбейіп жатыр ғой. Жұмысымыз да жөнге келді. Ендеше, оларға сенім білдіріп, жұмысына жағдай жасау керек. Бақылау, тексерулерді қысқартқанымыз қайсы?», – дейді Болат Әбжаппарұлы. Әйтсе де, әккі министрдің жауабы да әзір екен. «Нотариалдық қызметтер азаматтардың құқы мен мүддесіне тікелей араласатынын естеріңізге сала кеткім кеп тұр. Өкінішке қарай, нотариустар тарапынан заңбұзушылықтар болып тұрады. Мәселен, соңғы үш жылда осы салаға қатысты 63 қылмыстық іс қозғалды. Заңбұзушылықтары үшін лицензиялары қайтып алынған немесе тоқтатылғандардың саны 190-ға жетеді. Сондықтан да, белгілі бір деңгейде бақылау болмаса болмайды», – дейді министр Р.Түсіпбеков. Әйтсе де, мұндай жауап сенаторларды соншалықты қанағаттандырмаған секілді еді. Ақыр соңында нотариустарға қатысты тексерістің мәнісіне сенатор Серік Ақылбай тігісін жатқыза түсінік берді. Оның айтуынша, республикалық нотариустық палаталарға ешқандай тексерістер болмайды. «Ал өңірдегі нотариалдық палаталарды министрлік тек үш негізде ғана тексере алады. Бірінші – сақтандыру мәселелері бойынша, екінші – үміткерлерді сынақтан өткізу бойынша, үшінші – мұрағат жұмысымен. Бұл үш мәселе тікелей азаматтардың құқығына қатысты болып отыр. Басқа жағдайда ешқандай тексерістер болмайды», – деп анығын айтты Ақылбай мырза.
Светлана Жалмағамбетова, сенатор:
– Кейде тым асығыс жасаймыз. Мәселен, бізге алдымен нотариалдық қызметті жетілдіретін салалық бағдарлама әзірлеп, соның негізінде заң жобасын даярлау керек еді. Екіншіден, жекеменшік нотариустардың қызметін бақылауға болар, ал қоғамдық ұйымға бақылау жасаймыз дегеніміз артықтау. Өйткені жергілікті нотариустер палатасы бұл – қоғамдық ұйым. Ендеше оларға үшеу тұрмақ, бірде-бір бағытта бақылау жасағанымыз дұрыс емес.
Нотариус бірыңғай тұрақты тарифпен жұмыс істейтін болады
Последние статьи автора