Парламент депутаттары жазғы демалысқа кетті. Халық қалаулылары кезекті сессияны қорытындылай отырып, өздерінің аз еңбек сіңірмегендерін, бас-аяғы екі жүзге жуық заң жобасын талқылап үлгергендерін сөз етті. Расында, Парламент мақұлдаған заңдар еліміздің тыныс-тіршілігіне қатысты түрлі саланы қамтиды екен. Алайда сол заңдардың арасынан көптен айтылып жүрген «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды тағы көре алмадық. Мұндай заңды қабылдау өткен сессияны былай қойғанда, Парламенттің IV шақырылым депутаттарының маңдайына жазбаған сияқты.
«Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасы Парламент қарауына ұсынылмаған да болып шықты. Заң жобасын ұсынуға құзыреті жететін үш-ақ мекеме бар. Депутат мырзалар «бізге осындай заң жобасын дайындайтын жұмыс тобын қамтамасыз етуге қаржы бөлінбесе, өздігімізден жасап шыға алмаймыз» деген жауап айтады. Осылайша Мәдениет министрлігі ұсынған «Мемлекеттік тілді дамыту» бағдарламасымен көңіл жұбатуға тура келетін сияқты.
Өздігінен бастама көтеріп, өз күш-жігерімен мемлекеттік тіл туралы заңның нұсқасын дайындап шыққан азаматтар бар. Алайда жеке адамды былай қойғанда, қоғамдық ұйымдардың да заң жобасын ұсынуға құқы жоқ. Сондықтан еріктілердің құрап шыққан жобаларын ешкім «мынауың құжат екен» деп қарап жатқан жоқ. «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің айтуынша, жекелеген азаматтар тарапынан Парламентке екі бірдей заң жобасы ұсынылған болатын. Оның бірі – «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан өзі ұсынған нұсқа болса, екіншісі – «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың нұсқасы. Өкінішке қарай, бұл заңнамалардың кемшіліктері қай жерінде екеніне, неліктен қарастырылмайтынына ешкім жауап бермейді. Қысқасы, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның көлеңкесі де алыстап бара жатқан сияқты.
Соңғы кездегі министрліктегі бірқатар шараларға қарап, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның мүлде қарастырылмауы мүмкін бе деген сауал туындайды. Жуырда ғана Мәдениет министрлігі жанындағы Тіл комитетінде «Тіл туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Яғни бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көрсететін жаңа заң қабылдамай-ақ, қолданыстағы заңға аз-маз толықтырулар енгізумен шектеліп қалуы мүмкін деген сөз.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:
– Естуімше, «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын бірқатар депутаттар да жасап, ұсынған екен. Сондай осыдан үш-төрт жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысы, кейіннен «Әділет» партиясы да осындай заң жобасын ұсынған болатын. Бірақ олардың ешбірі Парламенттің қарауына жете алған жоқ. Еліміз үшін аса қажетті осы тақырыпты шешуде депутаттар неліктен самарқаулық көрсетіп жүргеніне таңым бар. Меніңше, ұлтжанды депутаттар бір емес, бірнеше рет көтерсе, күн тәртібіне еніп те кетер еді.
Шерубай Құрманбайұлы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
– «Тіл туралы» Заңға өзгерістер енгізу бойынша комиссия құрылғаны жөнінде естідім. Бірақ оның құрамына кімдер кіретіні жөнінде хабарым жоқ. Ал «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның кешеуілдеп жатқаны өкінішті-ақ. Депутаттар демалысқа кетпей жатып қабылданады деген уәде айтылғаны рас. Енді бұл іс келесі маусымға, мүмкін, тіпті келесі шақырылымның депутаттарына қалды.
Розақұл Халмұрадов, Мәжіліс депутаты:
– «Мемлекеттік тіл туралы» Заң Парламентке, Мәжіліске келіп түскен емес. Ал депутаттар өздігінен бастама көтеріп шығуға қаржы керек. Конституция бойынша Үкімет ол заңға оң қорытынды бермесе, ол Парламентте қаралмайды. Қазір Қазақстандағы тіл саясаты жөніндегі кейбір мәселелер бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жұмыс тобы құрылып, Мәдениет министрлігіндегі Тіл комитетінде қаралып жатыр. Жалпы, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдануы үшін алдымен Конституцияға өзгерістер енгізуіміз қажет. Онсыз «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдануы мүмкін емес. Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен тең, қатар жүреді» деген тіркес бар.
«Мемлекеттік тіл туралы» Заң қашан қабылданады?
Последние статьи автора