Өткен жолы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевты қабылдап, онда Қазақстан Президенті ел азаматтарының Сирия аумағындағы әскери қимылдарға қатысу оқиғаларына айрықша назар аударды. Халықаралық лаңкестік пен экстремизм қатерлеріне қарсы тұруға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдау қажеттігін де қаперге салды Елбасы. Бұл жайдан жай туып отырған мәселе емес. Өйткені, өздерін «Ислам мемлекеті» атап жүргендер қатарындағы қазақстандықтардың саны үш жүзден асады. Соның ішінде шиеттей бала, отағаларының қасында жүрген ана да бар. Осының өзі елдегі діни жағдайдың қандай екенінен хабар берсе керек. Дегенмен, Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов елдегі діни ахуалды тұрақты санайды. Ал бұған депутаттар келісе ме?
Расында, бүгінгі таңда дін тақырыбы – өте өткір, өткір бола тұра, өте нәзік, нәзік бола тұра өте шапшаң тұтанатын мәселе. Әсіресе зайырлы Қазақстан үшін дін төңірегіндегі түйткілдер де түйіні толық тарқалмаған, мемлекеттік саясаты әлі де жетілдіруді талап ететін тақырып. Вице-министр Марат Әзілхановтың айтуынша, еліміздегі діни ахуал тұрақты сипатта. Мемлекеттік-конфессионалдық және конфессияаралық қатынастар сындарлы даму үстінде. Қазақстанда түрлі дін және конфессиялар өкілдері арасында тиімді өзара байланыс орнаған. Бір-біріне алауыздық жоқ, тату тәтті. Сонымен қатар, әлеуметтік сауалнамалар бойынша сұралған азаматтардың 85 пайызы еліміздегі діни ахуалды жағымды деп бағалапты, азаматтардың 75 пайызы дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайды екен. Алайда, вице-министр Әзілханов қоғамдағы діннің рөлі артқан сайын кейбір адамдар тобының діни өмірінде теріс қырлары да байқалатынын алға тартады. «Соның ішінде азаматтардың ішінара радикалданған көзқарастары қалыптасқан, қазақстандық қоғамның рухани негізіне жік салатын діни экстремизм фактілері белгілі болды. Өкінішке қарай, халықаралық террористердің радикалды үндеулеріне ерген жекелеген қазақстандықтар түрлі жол тауып Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарына аттанды», - деді вице-министр мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен көшпелі отырыста.
Айтқандай, дәл сол күні Қазақстан дінтанушыларының ІV форумында Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов Таяу Шығыста орын алып жатқан ахуалға мемлекеттік алаңдаушылық бар екенін айта келе, бұның кері әсері елімізге де қауіп тудыруы мүмкін екенін жеткізген еді. Оның сөзіне қарағанда, әлемнің бірқатар жеріндегі экстремизм мен лаңкестік белгілері бізге ақпараттық және идеологиялық ықпал етіп жатыр. Бұның салдарынан кейбір азаматтар қандай да бір экстремистік акцияларға қатысуға талпынып, ондағы соғысып жүргендердің қатарына қосылу үшін ел аумағынан шығуға тырысуда. «Өкінішке қарай, шын мәнінде бұл - нағыз лаңкестер. Сирия мен Ирактағы жағдай Қазақстан азаматтарына ақпараттық-идеологиялық тұрғыда өте қатты әсер етіп отыр. Бұндай жағдайда біз жай ғана бақылап тұра алмайтынымыз анық. Дінді жамылып экстермизм мен лаңкестік әрекеттері - бұл барша әлемдегі нөмір бірінші тақырыпқа айналып отыр. Біздің ортақ мақсатымыз - қоғамдық сана-сезімде экстремизмге қарсы мазмұндағы әлдебір иммундық тетіктерді бұдан ары қарай қалыптастыру. Бұл тұрғыда біздің барлық деңгейдегі білім беру мен тәрбиелік үдерістерге қатысуымызды жалғастыру керек», - деп түйіндейді ол.
Ал мәжілісмендермен өткен көшпелі отырыста көтерілген мәселенің бірі осы білім беру мен тәрбиелік үдерістерге қатысты болды. Айталық, депутаттар мектептегі хиджаб киюдің әлі күнге толық, біржақты шешім таппағанына алаңдайды. «Хиджаб – өте нәзік сұрақ. Мұндағы түйінді мәселе – мектепте діни орамал тағуға бола ма, болмай ма дегенге келіп тіреледі. Ал, қалған жерлерде хиджаб кию әр адамның өз еркіндегі шаруа. Дегенмен, мектептерге келсек, біз Білім және ғылым министрлігімен бірге атқарып отырған жұмысымыздың барлығы жарғы арқылы жүзеге асады. «Білім туралы» заң мен арнайы қабылданған жарғыға сәйкес, мектепте діни атрибуттар қолданылмайды. Қазір мектептерде осы жарғыны енгізіп жатырмыз, мектептердің 80 пайызына осы ереже енгізілді. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді Марат Әзілханов.
Әлбетте, мектептегі хиджаб мәселесінің тура осы жолмен шешім табуын депутаттар да қолдайтын тәрізді. Алайда, халық қалаулылары мектептерден бастап жоғары оқу орындарында діннің оқытылуын қатаң қадағалауғ теледидар арқылы насихат жүргізетін ақпарат құралдарын іріктеу керектігін назарға алады. Депутат Оразкүл Асанғазы тіпті асыл дініміз туралы теріс оқытылып жатқанын жайып салып, жағаны ұстатты. «Мына Астанадағы Еуразия ұлттық университеті ислам дінінен дәріс беру үшін мұғалімді Англиядан шақыртыпты. Назарбаев Университеті де тағы бір шет елден шақыртқан. Құдай-ау, Түркия бар, мұсылман мемлекеттері бар, өзіміз бар, неге біз басқа шетелдерден дәрісші шақырамыз? Сонда бізде Құранды білетін адам жоқ па? Мен Назарбаев Университетіндегі дәріске екі рет қатыстым. Сонда олар студенттерге исламды емес, ислам діні туралы теріс пікірлерді үйретеді екен. Осыған Дін істері комитеті қалай жол беріп отыр?», - дейді депутат Оразкүл Асанғазы.
Діндегі былық жоғары оқу орындарында ғана емес. Бір қызығы депутат Оразкүл Асанғазы ондағы былық-шылықтан бастап, олқылықтардың бәрін жіпке тізіп, тәптіштеп жинақтап жатқан секілді. Тіпті, Мәжіліс депутаты Қазақстанда 17 қызбен неке қидырған молданы танитын болып шықты.
Оразкүл Асанғазы, Мәжіліс депутаты:
– Мен дін төңірегіндегі жан түршігерлік мақалаларды жинап отырмын. Олардың саны он екіге жетті. Міне, «бір жылда төрт рет талақ болған қыздың тағдыры осы, мына заңның мына бабына сәйкес, қарастырыңыздар» деп сол мақаланы Дін істері комитеті облыстық әкімдіктерге жібергенде, қысқарту болмайтын еді. Сондықтан, менің өтінішім, біз облыстардағы дін басқармаларын қысқартпау керекпіз. Молдасы қызға зорлық көрсеткен облыстағы, жастары теріс ағымға түсіп кетіп жатқан облыстардағы дін басқармаларын қысқарту - күлкілі, мазақ. Президент Н. Назарбаев қасиетті Құрбан айт мерекесінде айтқандай, біз салт-дәстүрімізді, асыл дініміздегі әдет-ғұрыптарды бір ізге салуымыз керек. Біреулер келінге сәлем салдырмай жатыр, жетім-жесір үй таба алмай жүргенде, тағы біреулер қабат-қабат үй салуға болатын кірпіштен мола салып жатыр. Сондықтан, Мемлекет басшысы айтқандай, бір ізге салу керек. Сосын, тағы бір айтарым, қай өңірден шықса да, қай ауыл шығарса да, мына «талақ» дегенді тоқтауымыз керек. Молдалардың неке қидыруын тоқтауымыз керек. 17 қызбен неке қидырған адамды біз қалай «молда» дейміз? Ардақты Пайғамбарымыздың хадисінде көп әйел алу туралы айтылды, ол рас. Бірақ, өзінің немересіндей қызды он жетінші әйелі етіп алған молдаға не айтамыз? Оның кім екенін білемін, қазір атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Бұл барып тұрған қасиетсіздік.
Қайырбек Сүлейменов, Мәжіліс депутаты:
– Қазақстанда діннің осылай терең талқыланып жатқаны – біреу ислам дінін, біреу христиан дінін терең зерттегенінен емес, елімізге осы діндердің терісін жамылып келіп жатқан діни экстремизмге байланысты. Осының салдарынан халықтың бір жігі адасты. Сондықтан, діни экстремизмге төтеп беретін мықты платформа қалыптастыру мәселесінің шеті көрінді. Қоғамның пікірінше, бұл жұмыстарды екі бағытта жүргізуге болады екен. Біріншісі, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Екінші бағыт ретінде – Қазақстанға «ислам дінінің дұрыс бағытта дамуы» деген түсінік енгізу керек дейді. Бұл ретте «дұрыс бағыттағы ислам» деген түсініктің не екенін түсіндіретін тұжырымдама бар ма екен? Ол түсінік қандай да бір құжатта көрініс табады ма? Екіншіден, менің байқауымша, ислам дініне жақын деп жүрген қазақтардың, басқа да ұлттардың арасында христиан дінін, кришна діндерін қабылдағандар көп екен. Осы бағытта бір зерттеулер жүргізіледі ме? Олардың теріс бағытқа бет бұруына не себеп? Бәлкім, олар өз діндерін, исламды жетік түсінбегендіктен шығар? Христиан дінін қабылдаған қазақтардың саны 15% құрайды деге ақпарат бар. Бұл мәселе зерттеуді талап ететіні анық қой.