Ерлан Арын, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Ерлан мырза, сіз оқу орнын басқарып қана қоймай, қоғамдық істермен де етене араласып жүрсіз. Бірнеше жұмысты қатар алып жүру қиындық етпей ме?
– Қиын емес. Ректордың міндеті бір кабинет төңірегіне шектеп, қамалып отыру деген – қате түсінік. Керісінше, қоғамдық қызу жұмыстардың ұйытқысы болып, Елбасымыздың алдымызға қойған міндеттерін, тапсырмаларын орындау арқылы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, рухани-мәдени сұранысын қамту зор рух беріп, келешек істеріме жетелейді. Жас кезімде көз көрген «ректор» деген азаматтардың тұлғалық қасиеттері жоғары болатын. Мәселен, Мәлік Ғабдуллин, Өмірбек Жолдасбеков, Евней Бөкетов, Мұхтар Арынов, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Көпжасар Нәрібаев, Жүнісбек Жұмабековтер сол кездегі әлеуметтің сүйеніші бола білді. Олар университет ісімен ғана шектелмей, елдің жүгін мойынсымай арқалап, ұлттың мүддесі үшін зор жауапкершілікпен қалтқысыз үлкен қуат-күшімен қызмет атқарды. Отанымызда жақсы өзгерістер болып жатқанда тып-тыныш кабинетте қалай отырасың? Тіл, тарих, мәдениет мәселелеріне атсалысу азаматтық парызым, борышым деп білемін. Сондықтан да қашанда әлеуметтің рухани сұранысына қажетті мәдени шаралардың ортасында табылуға тырысамын.
– Қазір сондай-ақ Павлодар облыстық мәслихатының депутатысыз. Жалпы, болашақта үлкен саясатқа араласу ойыңызда бар ма?
– Жоқ. Облыстық мәслихаттағы жұмысым жаныма жақын. Министрліктегі тәжірибемді білім, денсаулық, мәдениет саласын өркендету, дамыту жолында іске асыру үшін барынша аянбай еңбек ете беруге дайынмын. Ұлтжанды азамат ретінде халықтың рухани һәм мәдени өсуіне атсалысып, пайдамды тигізе аламын деп білемін. Үлкен саясатқа араласу жоспарымда жоқ. Жоғары оқу орнының басшысы болу мен үшін әлдеқайда маңыздырақ.
– Қолыңыздан іс келеді. Неге үлкен саясатта бағыңызды сынап көрмеске?
– Бұл жердегі мәселе саясатқа қай қырынан баға бергенде деп ойлаймын.
Маған саясатты жүргізгеннен гөрі саясатты орындау жақын. Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы кезінде тың тапсырмалары мен жүктеген міндеттерін, мақсат тұтқан жоспарларының жоғары деңгейде орындалуына атсалысып, үлес қосқанның өзі – үлкен мәртебе. Халық сенімінен шығу – барлық атақтан қымбат. Шындығында, маған саясаткер дегеннен гөрі мемлекетшіл, ұлтжанды деген ұғымдар жаныма жақынырақ десем болады.
– Қандай да бір партияға мүшесіз бе?
– «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының мүшесімін.
– Билік партиясының перспективті мүшелерінің бірісіз. Егер сізге билік тарапынан үлкен қызметтер ұсынылып жатса, барасыз ба?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, мен жоғары білім ордасының басшысы болып табыламын. Осыдан асқан міндет жоқ деп білемін. Ректор қызметі – қызығы мен қиыншылығы мол үлкен жұмыс. Екіншіден, әке жолында қызмет атқарудамын. Ол маған өте ыстық. Үшіншіден, ректор қызметінің ұтымды ұйымдастыру барысында ертеңгі болашақ ұрпаққа терең, мағыналы білім беріп, ғылымды меңгеруіне жағдай жасайтын жұмыс нәтижесі. Сондықтан жауапкершілікпен ректор қызметін атқара беру жолында жалықпаймын.
– Әкеңіз Мұхтар Арынды танымайтын ел кемде-кем. Ол кісі педагог бола жүріп ұлтқа қызмет етті. Байқап қарасақ, сіз де әкеңіздің сара жолымен келе жатырсыз. Бұл кездейсоқтық па, әлде әке жолын қуу басты мақсатыңыз болды ма?
– Кездейсоқтық емес. Бұл әке қанымен қалыптасқан қасиет болса керек. Мұхаңның жолымен рухани мәселелер тұрғысынан Керекуде жақсы істер атқару – парызым. Әрдайым рухани-мәдени игі шаралардың басы-қасында болып, игі істердің ұйытқысы болғанға не жетсін?!
– Сіз мешітке жиі барып тұрады екенсіз. Мұсылмандықтың парыздарын өтеп жүрсіз бе?
– Бала кезімізден, Кеңес билігі тұсында да отбасымызбен Аллаға сенеміз, аруақты сыйлаймыз. Кезінде әкем «Бес анық» жинағына тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекен мәселелерін өзек еткен болатын. Осы құнды ойларды қылышынан қан тамған кеңес заманында жадымызға сіңіріп, ұлттық бес құндылыққа берік болуымызды талап ететін. Міне, осы тәрбиеден ата дінімізді берік ұстанып т.б. құндылықтарды бойымызға сіңірдік. Иманы бар әр адамның көкірек көзі ашылып, рухани дүниесі өзгереді, өмірі мағыналы болады. Иман – тәрбиенің көзі десек те болады. Менің ойымша, ғылым қателесуі мүмкін, ал ислам діні қателеспейді.
– Сіз – егіздің сыңарысыз. Сізді Нұрлан ағамен шатастырып алатын оқиғалар болып тұра ма? Қызықты оқиғаларды айтып берсеңіз...
– Бұрын болып тұратын. Бала кезімізде, студенттік кездерде қызықты сәттер болатын. Сыңарым Нұрлан екеумізді бала күнімізде ешкім ажырата алмаушы еді. Бір күні география сабағына дайындалмай бардым. Нұрлан дайындалды. Пән мұғалімі – соғыс ардагері. Қалың шынылы көзілдірік тағады. «Бүгін мына егіз Ерлан мен Нұрланды тыңдайықшы, – деді, – бірінші Ерланды тыңдайық». Менде үн жоқ. Нұрлан сол кезде ерлік жасап, менің сабаққа дайындалмағанымды біліп, тақтаға шығып, жақсылап тұрып сабақ айтты. Мұғалім риза болып, «Енді мынау егізін өкпелетіп алмайын, екіншісін де тыңдайық. Нұрлан, кел», – деді. Мен түк білмеймін, солай Нұрлан мен үшін екі алған. Екеуміз бірінші рет өмірімізде егіздігімізді пайдаланамыз деп аузымыз күйді, содан кейін бірде-бір рет мұндай іске бет бұрған жоқпыз. Қазір өмірдің түрлі сатыларынан өтіп, жас ұлғайғандықтан, бет-әлпетіміз өзгерді. Десек те, кейде бауырым Нұрланның дауысына келтіріп, анама телефон соққанда, мені шын Нұрлан екен деп сеніп қалады.
– Жұмыстан қолыңыз қалт еткенде айналысатын хоббиіңіз не?
– Әдеби кітаптар оқу. Мәселен, Мұқаңның «Абай жолы» роман-эпопеясын, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин және т.б. классиктердің туындыларын оқығанды ұнатамын. Үйдегі кітапханамды бірнеше рет қолға алып оқитын қызықты, құнды кітаптармен толықтырып отырамын. Студенттеріме де соны үнемі насихаттаймын. Үйде көбінесе балалармен ойнағанды, бірге кітап оқығанды сүйікті ісіме айналдырдым. Уақытым болса, аңға шығып, дала сахарасында серуендеймін. Бәрінен бұрын ескінің көзін көрген ғибратты, тағылымы мол қарттармен дидарласып әңгімелесуден, сұхбаттасудан уақыт аямаймын, ұйып тыңдаудан әсте жалықпаймын. Бір өкініштісі, мұндай адамдардың уақыт өткен сайын азайып бара жатқандығы.
– Өнерге жақындығыңыз бар ма?
– Домбыра тартамын. Бас редакторы ретінде өнер туралы «Қазақ энциклопедиясын» жарыққа шығардық. Университет қабырғасында Студенттік филармония аштық. Қаламыздағы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының тұрақты көрерменімін. Сондай-ақ студент жастардың қазақ театрына жиі баруларын жолға қойдық. Біз бұл үшін театр билетін алып, студенттермен бірге барып, рухани азық аламыз.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Жолдасым – ғылым адамы. Ризат Сансызбайқызы – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, саяси ғылымдар докторы, профессор. Бірнеше құнды кітаптардың авторы. Рабиға, Қырмызы атты қыздарым бар. Кереку жерінде он жылдан астам уақыт тұрып жатырмыз. Алматыда Нұрекеңнің қолында анам тұрады. Әулетімізде Нұрекең екеуміз 50-ге толмай үлкені болып отырмыз. Біздің әулетте төрт ұрпақ аталарын көрмеген. Бұл бақытты біздің балаларымыз көрсе дейміз, шіркін!
– Әңгімеңізге рақмет.