Латын графикасына көшу мәселесін осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы ортаға тастап, іле-шала барша қоғам болып талқыға салып, қызу айтыс өткізіп, ақыр соңы зиялы топтың көпшілігінің қолдауымен аяқталған сияқты еді. Баз бір ақкөңіл азаматтар тіпті тегіннен-тегін далақтап, өз күшімен бағдарламалар да дайындап келгені есімізде. Құдай-ау, сондай бағдарламалардың түр-түрі, қырық шақтысы бірдей ұсынылып еді.
Жуырда депутат Амангелді Момышев та сол мәселені тағы бір сөз еткен болатын. «Латын қарпі – түрік халықтарын біріктіретін фактор. Мұндағы саясат – қазақты, өзге де бауырлас елдерді түркі дүниетанымынан тамыр үзгізіп, орыстандыру болды. Мұны анық сезген өзбектер, әзірбайжандар, түрікмендер қайтадан латын қарпіне әлдеқашан көшіп алды. Ал біз әлі жүрміз» дегенді айтты. Депутаттың пікірінше, латын әліпбиіне көшудегі айтылатын «проблемасымақтың» бәрі — сылтау ғана. Себебі қазіргі техника бір кітапты латын қарпіне бір-екі-ақ сағатта аударып шығуға мүмкіндік береді. Қысқасы, латынға көшудің техникалық қиындықтары — шешуге болатын іс. Оны көрші бауырлас елдердің тәжірибесінен де байқауға болады.
Өзбекстанның латыншаға көшуінің өзіндік жолы
1993 жылы Өзбекстанда латын әліпбиіне көшу жайында реформа енгізілді. Ал жаппай латындандыру процесі төрт жылдық дайындықтан кейін, 1997 жылдан бастап жүзеге асты. Өзбекстан әріпті техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып аударуға көп ұмтылған жоқ. Осыдан барып бірқатар қиындықтар туындағаны рас. Мысалы, аға буын өкілдері жастардың оқулықтарын емін-еркін қарай алмайды. Дегенмен бұл реформа оқушыларға латын әрпін пайдаланатын шет тілдерді жастайынан бастап-ақ үйрене бастауына кең мүмкіндік берді. 2001 жылдан бастап латын графикасы ұлттық валютаның бетіне енгізілді. 2004 жылдан бастап Өзбекстанның ресми сайттары мен автокөлік жолдарындағы таңбалар, қала мен көше атаулары латын әрпіне көшті.
Түркиядағы түбегейлі реформа
Осман империясы құлағаннан кейін Түркия елінің мемлекет ретінде жаңа дәуірі басталды. Ел басына келген Мұстафа Ататүрік 1928 жылы парламент арқылы елді жаңа жазба жүйесіне ауыстыру туралы шешімді талқыға салып, арнайы заң қабылданды. Бұл жердегі мақсат Осман империясынан кейін жаңашылдық енгізу болса, сонымен қатар КСРО-ның құрамындағы түгелдей латын қарпіне көше бастаған түркітілдес халықтармен байланысты жоғалтпау да көзделген еді. Алайда КСРО латыннан тайқып, кирилл жазуын енгізген соң, латын қарпінде қала берді (Кеңес өкіметінің бастапқы жылдарында тек қана түркі халықтарын ғана емес, сонымен бірге орыс тілін де латын әліпбиіне көшіру мәселесі де көтерілген болатын). 1929 жылы Түркия тегістей латын қарпіне көшірілді.
Түркі халықтарының әу баста латын қарпін бірауыздан таңдаудағы мақсаты – идеологиялық бірлік пен заманынан қалыспауды көздеуінен туындаған. 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында тұңғыш рет Бүкілкеңестік Түркологияның съезі өтті. Бұл жиынға шешім шығару мақсатында қазақтар, қырғыздар, татарлар мен өзбектер, чуваштар, Солтүстік Кавказ және Саха елінің азаматтарынан 131 делегат негізгі үш мәселенің бірі ретінде латын қарпін қабылдау жайын қараған болатын.
Латынға өтудің машақаты
Әрине, әріп ауыстырудың оңай іс емес екені анық. Себебі адам өзінің үйреншікті жолымен жүре бергенді қалайды. Психолог ғалымдардың пайымдауынша, сан мың түрлі мүмкіндік, сан мың түрлі жол ашылып тұрса, адам психологиясы (әсіресе еріншек адамның) қалыпты, өзіне үйреншікті бірнеше жолды таңдап алады екен. Латын әліппесінің алғашқы кездегі басты қиындықтары ата-аналар үйде отырып, өз балаларының білім деңгейін тексеріп, оларға қосымша көмек көрсете алмайды. Кейбір өзбек ғалымдары латынға көшу процесі біздің білім беру жүйемізді бірнеше жылға артқа лақтырды деп есептейді.
Дегенмен мұның бәрі уақытша ғана қиындықтар екенін тіл мамандары жиі айтып жүр. Дүниежүзі халықтарының 60 пайызы қолданатын латын қарпінің уақыт жоғалтпастан қазақ қоғамына енгізілуі тек жетістіктерге жол бастауы мүмкін.
Маман пікірі
Ғарифолла ӘНЕС, «Арыс» қорының төрағасы:
– Меніңше, орта білім беру саласына реформа керек. «Қазақ мектебі», «орыс мектебі» деген қос стандарттың қажеті жоқ, барлығы бір ортақ жүйеге көшу керек. Министр мырза «ерте ме, кеш пе латын әліпбиіне көшеміз» деп отыр ғой. Ендеше, кешігудің қажеті қанша? Латын графикасы енгізілу үшін қазірден бастап мамандар даярлана бастауы керек, себебі реформаны жүзеге асыратын алғашқы кадрлардың легін даярлауға да уақыт керек. Меніңше, латын әліппесіне қарсы болып жүргендердің көбі жазушылар. Олар бір кездері отарландыру саясатымен күресіп келді, оны мойындау керек. Бірақ енді сол ескіліктен арылғысы келмейді. Мүмкін, өздерінің еңбектері оқылмай қалады деп қорқатын шығар. Қысқасы, қазақ тілін меңгеру мәселесін де, латын әліппесін де дәл бүгін шұғыл қарқынмен мектепке енгізетін болсақ, түбінде жеміс беретіні анық.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, профессор:
— Бір кездері Кеңес өкіметі қазақты отарландыру үшін әріп ауыстыру саясатын қолданды. Енді біз отарсыздандыру үшін де осы әдіске жүгінуіміз қажет. Бұл орысқа жартылай сіңіп қалған қазақтың санасын идеологиялық тұрғыдан ажыратуға себеп болады. Қысқасы, бұл — Ресей ықпалынан арылудың бірден бір жолы. Бірде мен Мемлекет басшысымен жеке жолыққанымда, «латын қарпін алайық, бірақ өзге түркі халықтарымен бірдей етіп алайық, сонда рухани тұтастық пайда болады» дегенді айтып едім. Қысқасы, латын әліпбиіне жедел көшу керек екенін айтқым келеді. Егер маған салса, мен орхон-енисейлік ойма жазуға кетер едім, бірақ бұған билік тарапынан саяси ерік болмаған соң, латын қарпін де барынша қолдаймын. Латыншаға көшудің оңай екенін өз тәжірибемнен білемін. Себебі мен Кеңес өкіметінің талабы бойынша латын қарпімен білім алдым. Қысқасы, орыстың таңбасынан құтылмайынша, біз орыстың ықпалынан ажырай алмаймыз. Кирилл жазуы таза орысқа арналған. Қазақтардың орыс тілін ешбір акцентсіз дыбыстайтыны да содан. Орыс әрпін пайдаланғандықтан, қазақтың артикуляциялық аппараты, сөздерді дыбыстауы да түгелдей түрленіп бара жатыр. Байқасаңыз, жастардың сөздерді дыбыстауы басқашалау шығады. Бұл кирилл қарпінің қазақшаға қабілетсіздігінен туындап отыр.