Латын әліпбиіне көшу мәселесі алғаш 1990 жылы көтерілген болатын. Содан бері тіл мамандары, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, түрлі БАҚ өкілдері бұл тақырыпты жиі көтеріп жүр. Мемлекет басшысының өзі де қолдау білдірген бұл бастаманың неден тежеліс көріп отырғаны белгісіз. Болжамдары биліктен үш ай алда жүретін және онысы дәл келетін Ермұхамет Ертісбаевтың латын әліпбиінің ерте ме, кеш пе енетінін айтқаны бар еді. 70 жыл кириллицамен жазып келген қауымды бір сәтте латынға көшіріп жіберуге болмайды деп жүріп те, талай жылды өткізіп жібердік. 900 жыл бойы араб әрпін қолданып келген қазақты кириллицаға ауыстыру да мұндай қиындық тудырмап еді. Бәлкім, кирилл әрпінен бас тартуға оңайлықпен көне қоймайтын орыстілді қауымның көңіліне қарап отырған шығармыз. Себебі латынға көшкен жағдайда тек қазақ тілі ғана емес, Қазақстандағы орыс тілінің де болмысы латынша таңбаланатын болады.
Кеше Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында әріптің мәселесі тағы сөз болды. Депутат Айгүл Соловьеваның осыған қатысты сауалына министр Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Жеке басым латынға көшуді қолдаймын, бірақ мен соңғы инстанция емеспін», – дегенді айтып, бұл мәселенің шешімі өз қолында емес екенін жеткізді. Министрдің айтуынша, латын әліппесі қазақ тіліне ең үнемді құрал болар еді: «Қазір қазақша алфавитте 42 әріп бар, орыстарда – 33, арабшада 28 әріп болса, латынды игерсек, бар болғаны 25-26 әріп болар еді».
Ресми органдар кирилл жазуына деген қимастықтан арыла алмай отырғанда ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары, әсіресе жас буын өкілдері латын әліпбиіне әлдеқашан өтіп кеткен. SMS-пен хат алмасушы халық көбіне осы латын әліпбиін қолданады. Сонымен қатар ресми мекемелерден бұрын қимылдап, латын әліпбиінің құтты қадамын жылдамдатуға елден бұрын еңбек сіңіріп жатқан баспасөз құралдары да пайда бола бастады. Шетелдегі қазақтар латын әріптерімен қазақша ақпарат тарататын «Жас қазақ үні» газеті мен «Қазақпарат», Masa.kz сайттары арқылы ел тынысымен танысып жатыр. Аталған сайттардың оқырмандары арқылы латын әліпбиіне деген сұраныстың бар екенін байқауға болады.
Жүзден жүйрігі қайсысы?
Өкінішті жері, бұқаралық қолданыстағы латынша әріптер жүйесіз көріністе дамып жатыр. Қазақша латын әріптерінің мемлекеттік ортақ стандарты белгіленбегендіктен, ғаламтор мен ұялы байланыстағы хабар алмасуларда әркім өз ойынша, өз «диалектісімен», өз «жаңалықтарымен» жазады. Тіл мамандары латын әліппесінің ортақ үлгісін оңайлықпен қалыптастыра алмайтын сияқты. А.Байтұрсынов атындағы тілдер институтының маманы Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, қазір қазақ тіліне арналған латын әліпбиінің 100-ге жуық нұсқасы пайда болды. Онсыз да бұл мәселені созғыштап жүрген құзырлы органдар үшін 100 нұсқадан біреуін ғана таңдап алу оңай бола қоймас.
Білім министрлігінің мамандары латын әрпіне көшудің «ғылыми негізделген» жолын ұсынады. Сол бойынша, алғашқы кезең, 2007-2012 жылдар – шетелдік тәжірибені зерттеуге, 2012-2014 жылдар – алфавитті қалыптастырып, компьютермен жарақтандыруға, 2015-2017 жылдар – оқулық жазып, оны енгізуге және оның ар жағындағы уақыт әдебиеттерді аударуға жұмсалуы тиіс екен.
Әліпби ауыстырсақ, сингармонизм заңдылығы сақтала ма?
Жалпы, латын әліпбиінің енуімен қатар қазақ тіліне бірқатар реформа жасалу қажет екенін тіл мамандары көптен айтып жүр. Бізге дәріс оқыған фонетик ғалым, марқұм Сапархан Мырзабек бір кездегі Алаш азаматтары, Абай заманының адамдары тіріліп келсе, бізбен түсінісу оңай болмасын айтушы еді. Себебі табиғаты бөлек кирилл алфавиті қазақтың дыбысын, сөзін, керек десеңіз, акустикасы мен сөйлеу аппараттарын, тіл мен жақ, сол арқылы бет пішініне дейін өзгертіп жібергені ғылыми тұрғыдан дәлелденіп жатыр. Фонетик ғалым қазақ тілінің табиғаты үнемділікті сүйетінін, алайда қазіргі кезде сол сингармонизм заңдылығының бұзылғанын жиі айтатын. Қарап отырсақ, кирилл алфавиті бойынша 42 әріп болса да сөздердің қазақы дыбысталуы толық жүзеге аса алмайды. Бір ғана мысал, қазақтың сөздерінде алғашқы буында кездескен еріндік дауыстылар сөздің соңына дейін, керек десеңіз, келесі сөздерге де ықпалын көрсетіп, жалғасып отырған. Мысалы «жүрек», «дүкен», «өмір», «көңілім», «көлемді» деген сөздер таза қазақы дыбысталса: «жүрөк», «өмүр», «дүкөн», «көңүлүм», «көлөмдү» болуы керек. Бұл – бір ғана еріндік дауыстыларға қатысты дыбыстық ықпалдың түрі. Мұндай үнемділік заңдылығы қатаң сақталған тілде сөйлеуші адам оңайлықпен шаршамайды. Себебі сөйлеуші аппараттар, тіл мен жақ әлдеқайда аз қимылға ұшырайды. Қысқасы, бәрі де есептеулі. Осы жерден тағы бір сұрақ туындайды: алдағы болашақта шенеуніктер уәде еткендей, латын әліппесіне көшетін болсақ, қазақ тілінің осы табиғи ерекшеліктері ескеріле ме? Ескерілмейтін болса, кирилл әріптерінің 70-80 жылдық зардабы ары қарай да жалғаса бермек. Яғни тіл мен жақ, үн мен сөз – ары қарайда өзгерістер мен ауытқуларға ұшырай береді деген сөз. Бұлай болмасын десек, сөздер қалай дыбысталуы қажет болса, солай таңбалануы тиіс. Мұндай тілдік тәртіпті енгізудің ұрымтал тұсы – осы латын әліпбиінің жаңа үлгісін енгізу сәті.
Айналып келгенде, толғауы тоқсан қызыл тілдің мәселесі де саясатқа тіреледі. Әйтпесе, Ресейдің қол астындағы татарлар Кремльдің қытығына тиіп латынға көшеміз деп даурықпас еді. Молдовандар «румын бауырларымызға оралудың бірден-бір жолы – латынға көшу» деп шешім шығармас еді. Латын әліпбиі түркі әлемінің ортақтығына апаратын ізгі бастамалардың бірі екені онсыз да айтылып жүр. 200 миллионды құрайтын түркітілді аудитория аз көрсеткіш емес. Қысқасы, кеңестік ностальгиядан арыла алмай, жалғыз қалып бара жатқан сияқтымыз. Өзбек пен түрікмен, әзірбайжандар латыншаға он жыл бұрын өтіп кетті. Татар анау: Мәскеудің қол астында жатып та бұлқынып жатыр. Ал іргедегі қырғыз бауырларымыз латынға көшу-көшпеу мәселесінде тек қазақтарға қарап отыр десек те болады. Қазақ тәуекел етсе, қырғыз да артынан еретіні сөзсіз.
Латын әліпбиі қазақ тілінің қаймағын сақтай ма?
Последние статьи автора