Әзірбайжан Президентінің «Гянджлик» қалалық резиденциясында өткен Каспий жағалауы елдері басшыларының ІІІ саммиті табысты өтті. Саммит шымылдығын ашқан Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан, Ресей мен Әзірбайжан өз арасында Каспий теңізін бөлу мәселесін әлдеқашан шешкенін, енді Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесінде ортақ келісімге келу қажеттілігін және бүгінгі таңда Каспийді достық теңізіне айналдыру үшін бес елдің экономикалық ынтымақтастығын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Саммитте сөйлеген сөзінде Каспий теңізіндегі елдердің ынтымақтастығының көкейкесті мәселелерін жоғары деңгейдегі бестарапты форматта талқылауға мүмкіндік беріліп отырғанына тоқталған Президент Н.Назарбаев «Ынтымақтастығымыз тиімді болуы үшін біз Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселені толықтай шешуіміз қажет. Каспий су айдынының бірегейлігі тек оның көмірсутегі ресурстары қорына иелігінде ғана емес, сонымен қатар Каспий мыңдаған жылдар бойы өзінің жағалауын мекендеген халықтарды біріктірген достық пен тұрақтылықтың теңізі болып қалды», – деп атап өтіп, Каспийдің құқықтық мәртебесіне байланысты арнайы жұмыс тобының отырыстарын кем дегенде жылына бес рет өткізіп тұру туралы ұсыныс жасады. Орынды ұсыныс өзге Президенттер тарапынан қолдауға ие болды. «Каспийдің құқықтық мәртебесімен жұмыс жасайтын аталмыш жұмыс тобының қызметіне тоқтала кеткім келеді. Сөйтіп, үш жыл ішінде Tehpaн саммитінен кейін аталған келіссөздер механизмі аясында алты кездесу өткізілді. Жеке кездесулер арасында үзілістер бір жылдан да асып кетті. Біз мемлекет басшылары жылына бір рет кездеседі деп келіскенбіз», – деген Елбасының сөзінен кейін келесі жылы өтетін саммитті өз міндетіне алған Ресей Президенті Д.Медведев бұдан былай Каспий басқосуы жылына бір мәрте тұрақты түрде өткізілетініне сенім білдірді. Осы орайда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция келесі саммитте қабылданып қалуы мүмкін екендігі айтылды.
Олай болса, 20 жылдан бергі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселесіне нүкте қоюға бір жыл қалды деуге болар. Елбасы Н.Назарбаев: «Келесі жылы Ресейде біз тарихи оқиғаның куәгері болатынымызға сенемін. Біз Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесінде бір-бірімізбен жақындаса түстік», – деп атап өтті. Сондай-ақ саммитте Каспийдің биоресурстарын пайдалану, қорғау және ұдайы өндіру тақырыбына ерекше мән берілді. Осы орайда, Қазақстан Президенті бекіре тұқымдас балықтың саны апатты жағдайда азайып бара жатқанына байланысты күрделі ахуалды ескеріп, оларды аулауға уақытша, яғни бес жылға дейін бестарапты мораторий енгізу туралы бастама көтерді. Бұл мәселе бұдан бұрын 2007 жылғы Теһран кездесуінде де айтылған болатын. Президент Н.Назарбаевтың айтуынша, осындай уақытша мораторий теңіз еркесі – бекіре тұқымдас балық түрлерінің популяциясын қайта қалпына келтіріп, оларды болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Расында, Мексика шығанағының фаунасы мен флорасына төнген апат Каспийдің ен байлығын игеріп отырған елдер үшін де сабақ болуға тиіс. Саммиттің қорытындысы бойынша 15 тармақтан тұратын Бірлескен мәлімдеме қабылданып, Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы 15 баптан түзілген келісімге қол қойылды. Келісімнің бірінші бабында көрсетілгендей, Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағалау елдерінің айрықша құзыреті (прерогатива) болып бекітілді. Жалпы, бес ел Каспий теңізіне қатысты барлық мәселелерді тек бейбіт түрде шешетін болады. Саммиттегі ерекше атап өтерлік оқиға Елбасы ұсыныстарының саммиттің хаттамалық шешімінің негізіне айналуы болды.
Сонымен, хаттама бойынша тараптар Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға бес жыл бойына мораторий енгізу тетіктері туралы ұсыныстарды үш ай мерзім ішінде талқылауды және әзірлеуді тиісті ведомстволарға тапсыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ тараптар жағалаудағы мемлекеттердің меншігі болып есептелетін су кеңістігін қоса алғанда, 24-25 миль қашықтықтағы ұлттық аймақтың аумағын үш ай мерзімде талқылауды және келісуді тиісті ведомстволарға тапсыру туралы шешім қабылдады. Осындай шешімдерді Қазақстанның бұрыннан негіздеп келе жатқан өз позициясының өзгелер тарапынан мойындалғанын аңғартады. Аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен 15 баптық келісімге сәйкес, бес мемлекеттің өкілетті органдары осы салада өзара ынтымақтастық орната алады. Келісім бойынша, тараптар ақпарат пен өзара тәжірибе алмасады, кездесулер мен кеңестер өткізеді, терроризмге, ұйымдасқан қылмыс пен заңсыз қару және есірткі айналымына, контрабанда, адам саудасы, биоресурстарды заңсыз өндіру мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөнінде өзара келісіп, бірлескен іс-шаралар өткізетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар бес елдің нақты ведомстволарына міндеттелді. Каспий жағалауы елдері басшыларының ІІІ саммитінің жалпы отырысы аяқталғаннан кейін Әзірбайжан басшысы И.Әлиев «Каспий бестігінің» президенттерінің құрметіне ресми қабылдау ұйымдастырды. Каспий маңы елдері мемлекет басшыларының саммиті аясында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Ресей Президенті Д.Медведевпен кездесіп, онда екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстан басшысымен кездесуінде Ресей Президенті Д.Медведев: «Мен алдағы уақытта Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті жоғары деңгейде өтетініне сенемін, Сізге саммитті өткізуде табыс тілеймін», – деді. Сондай-ақ Президент Н.Назарбаев Иран Президенті М.Ахмадинежадпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселесі сөз болды. Кеше Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Португалия астанасы Лиссабондағы НАТО саммитіне қатысты.