Өткен ғасырда етек алған екі бірдей жаһандық соғыс жер бетіндегі миллиондаған адамның өліміне әкеліп соқты. Бұл трагедия адамзат алдына қауіпсіздік мәселесін көлденең қойды. Еуропа Қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының алғаш құрылғандағы мақсаты саяси тартыстар мен мемлекеттер амбициясының салдарынан адам өміріне төнетін қауіп-қатерлерді қолдан келгенше сейілту болатын. Осы игі мақсатта 1975 жылы 1 тамызда 35 мемлекеттің ресми өкілдері Хельсинкиде бас қосып, ұйым шарттарын бекіткенде олардың әрбірі әлемнің қарулы қақтығыстардан ада болуын армандады. Сөйтіп, әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық қауіпсіздік деген үш негізгі принциптен тұратын хаттамаға қол қойған ұйым мүшелерінің саны бүгінде 56-ға жетті. Осынау 34 жылдық тарихында аталған ұйым кемелденді, беделі артты, шартарапқа сөзі жүрді. Дегенмен өзгелерді реформалауға бейіл зор ұйымның өзін реформалайтын тұсы да жетерлік.
Ұйым алдымен қауіпсіздік мәселесімен айналысуы керек
Өкінішке қарай, қауіпсіздік мәселесінде әлемдегі 56 мемлекеттің басын қосқан әлемдегі бірегей ұйымның осы күнгі жұмысында олқылықтар жоқ емес. Мәселен, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзімен айтқанда, мүше мемлекеттердің құқы тең сақталмайды, жеме-жемге келгенде АҚШ-тың аузына қарайлайды. Ұйым бастапқыдағы қауіпсіздік мәселесінен ауытқып, демократия, адам құқы деген жайларға бас ауыртып, өзгелерге мін таққыш болып алды. Сарапшылардың Қазақстанның ұйымға төрағалығынан жаңаша еуразиялық леп күтетіні содан болса керек. Тіпті саясаттың диірменін айналдырып отырған АҚШ та, артынан келгенді теуіп, алдынан келгенді тістелей жөнелетін асау Ресей де Қазақстанның төрағалығынан соны серпін көргісі келеді. Өйткені аталған ұйым Хельсинкиде бекітілген ереже бойынша қауіпсіздік жайын қазық етуі керек-ті. Алайда ұйымның осы күнгі жұмысында әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық қауіпсіздік деген үш негізгі принциптердің арасындағы баланс сақталмай отыр. Мүшелікке енер алдында қол қоятын құжатта ұйым атқаратын шаралардың алғашқысы «Адамдардың өмір сүру құқына қауіп төндіретін факторлармен күресу» деп көрсетілген. Сөйте тұра бұл мәселе «тоқалдан туған баланың» күйін кешуде. Мүшеліктегі белсенділер ұйым жұмысын Демократиялық институттар мен адам құқығы жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) жоспарымен шектеп, негізгі салмақты осы бюроға жүктеуді әдетке айналдырды. Аталған бюро ұйымның бүгінгі келбетіне айналды десек те артық айтпаймыз. ЕҚЫҰ әу бастағы алған бетінен ауытқып, барынша ұсақталып бара жатқаны соншалық, енді ол геосаясатта тәртіп орнатушы емес, жекелеген мемлекеттердің ішкі саясатына қол сұғып, әркімге бір ақыл айтатын «данышпан шалдың» кейпіне енген. Кеңес беруден гөрі Батыстың еуроцентристік көзқарасын мүше мемлекеттердің әрбіріне таңып міндеттейтін, одан қалса, сын таққыш мінез байқалады. Түптеп келгенде, ұйымға еуропалық қана емес, еуразиялық елдер енген соң «баршаға ортақ» принцип басшылыққа алынса, құба-құп болар еді.
Ортақ стандарт өзіндік ерекшеліктерден құралады
Кезекті сайлаулар науқанындағы мүше мемлекеттердің қайсыбіріне аталмыш ұйымның жанындағы ДИАҚБ-дан арнайы бақылаушылар жіберуге қыруар қаржы бөлінеді. Мәселен, 2004 жылы Гүржістандағы президент сайлауына ұзын саны 700-ге жуық, Әзірбайжандағы сайлауына 500-ден астам бақылаушы барған. Бір қызығы, ТМД елдеріндегі сайлауларға баратын бақылаушылардың саны жүздеп, мыңдап саналатын болса, Британияда өткен сайлауға бар болғаны 11, АҚШ-тағы сайлауға 50 шақты ғана бақылаушы жөнелтілді. Бұл жерде жалпыға ортақ принципінен гөрі еуропалық таным-түсінікті өзге аймақтарға таңу пиғылы, өзгелерге «еуропаша өмір сүруді» үйрету ниеті менмұндалап тұр. Жалпыға бірдей ортақ стандарттың өзіндік ерекшеліктерден құралатынын ескерсек, ұйымды реформалау үрдісі іргені кеңейтумен қоса жүру керек. Бұл үшін мүше әр елдің өзіндік ерекшелігінің озығы мен тозығы екшелгені жөн.
Қазақстан төрағалығынан не күтуге болады?
Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – ұйым тарихындағы маңызды оқиға. Ол Азия, ТМД, мұсылман әлемі, түркі жұрты арасынан аты озған Қазақстан үшін зор мәртебе.
Өткен айда елімізде қонақ болған ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Қазақстанның төрағалық алдындағы дайындық жұмыстарына деген таңданысын қос ұртында жасырып қала алмады. «Сіздердің дайындық жұмыстарыңыздың деңгейін көріп таңданып отырмыз, ұйымдастыру шаралары өте сапалы әрі мазмұнды болып отыр», – деді ол.
Жуырда Парламентте өткен ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 2010 жылы төрағалық етуші мемлекет ретінде Астананың негізгі күш салатын бағыттарын атап берді: терроризммен, есірткімен, қара базардағы қару-жарақ пен адам саудасымен күрес және Ауғанстанды қайта қалпына келтіру мәселелері. Байқап отырғанымыздай, негізге алынған тақырыптардың барлығы қауіпсіздікке қатысты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бері көтеріп жүрген «ядролық қарусыз әлем» деген идея ЕҚЫҰ төрінде де айрықша маңызға ие болары анық. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығында 1-2 шілде күндері Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезінде атап өткеніндей, постдағдарыстық кезеңде әділет пен рухани құндылықтарға негізделген әлем құру идеясын жүзеге асыруға талпыныс жасалуы мүмкін. Өйткені әлем елдері болашақта ядролық қарулануға ұмтылуы арқылы бақталастықпен ғана емес, жаһандық жылыну, азық-түлік, су тапшылығы, рухани азғындық секілді ғаламдық деңгейдегі күрделі мәселелермен бетпе-бет келмек. Ал бұл әлем елдері арасында тең әріптестік, терең ынтымақтастық пен өзара сыйластық, ұйымшылдықты талап етеді. Қазақстанның қазіргі беталысына қарағанда ЕҚЫҰ-ны ғаламдық деңгейде белсенді қимылдауға жетелейтіні анық.
Ой-түйін
Осы күнге дейін ЕҚЫҰ-ның қызметі еуроцентристік нақышта өрбіп келсе, Қазақстанның төрағалығымен еуразиялық сарын ғаламдық үрдіске өзіндік үнін қоспақ. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «ұйымға төрағалық ету барысында Қазақстанның көздейтін мақсаты – ЕҚЫҰ-ны мүше мемлекеттердің барлығына ортақ қызмет ететін құралға айналдыру» деп ашып айтқан еді. Бұл тасадағы алпауыттардың ығынан шықпайтын үлкен ұйымды реформалаудың кілті осы болса керек.