«Көбелек келіп көлп етті, Көбігін ішіп ол кетті. Жапалақ келіп жалп етті, Жартысын ішіп ол кетті. Сауысқан келіп сарқ етті, Сарқып ішіп ол кетті. Қарға келіп қарқ етті, Қалғанын ішіп ол кетті» деп бала кезімізде тақылдап тақпақ айтушы едік. Қазір ойласақ, сол өлеңнің астарында бейшара шаруаның маңдай терімен тапқан еңбегін жеп кете беретін делдалдар жатыр екен ғой. Кеше Үкімет сол делдалдардың, арадағы алыпсатарлардың жолын кесудің амалын қарастырды.
Экономикалық даму және сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге алыпсатарларды жою мақсатында бөлшек сауданы мемлекеттік қолдау механизмін әзірлепті. Министрдің айтуынша, бүгінде сауданы күнкөріс көзіне айналдырған елімізде 1,2 миллион адам бар екен. Бұл экономикалық белсенді халықтың шамамен 15 пайызы болады. Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) сауданың да алар үлесі біршама. Былтырғы жылдың қаңтар және желтоқсан айларындағы мәліметке сүйенсек, ішкі сауданың ЖІӨ-дегі үлесі 14,5 пайыз (13,9 трлн теңге) болып отыр. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы дерек бойынша жеке сауда айналымы былтырғы кезеңмен салыстырғанда – 12 пайызға, ал көтерме сауда 15,6 пайызға өскен. «Жалпы алғанда, сауда айналымының көрсеткіші өскенімен, сауданың даму сапасы – әлі де төменгі деңгейде», – дейді экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев. Себебі біздегі сауда айналымының жартысына жуығы (49 пайыз) – базардағы сауда. Ал министр сауданың заманауи форматын дамыту қажет деп есептейді. Біздегі заманауи форматтағы сауданың үлесі 4 пайыздан да аспайды екен. «Заманауи форматтағы сауда дамыған елдерде 70 пайызға дейін жетеді», – дейді ол. Жаңа заманғы форматтағы сауданың дамымауы, дұрыс жолға қойылмауы – алыпсатарлардың тасын өрге домалатады деген сөз. Яғни негізгі табыс делдалдардың қалтасына түседі. Бүгінде азық-түлік өнімдерінің көбісі базарларға жекелеген аулалардан делдалдар арқылы жеткізіледі. Мәселен, сүттің 88 пайызы, еттің 80 пайызы жеке қоралардан нарыққа ағылса, картоптың 72 пайызы жекелеген үйлердің ауласынан тасылады. Осы жерде араға алыпсатар, делдалдар түсіп кетіп, тауар өндірушілердің еңбегін жеп кетеді. Былайша айтқанда, еңбек қарапайым шаруанікі болғанымен, қызығын делдал көреді. Бұл – бір. Екіншіден, осының кесірінен соңғы тұтынушы үшін азық-түлік бағасы қымбаттап шыға келеді. Бұл проблемаларды шешу үшін министрлік мынаны ұсынады: біріншіден, тұтынушылық кооперацияларды дамыту арқылы ауылшаруашылық құрылымдарды ірілету. Екіншіден, тиімді көтерме бөлімдерді құру. Үшіншіден, сауданың жаңа форматтарын дамыту. Төртіншіден, ішкі сауда саласындағы салық салу жүйесін жетілдіру. Бесіншіден, ішкі сауда саласында заңнаманы жетілдіру.
Бұл жерде ертеңгі күні саудагерлер тарапынан неше түрлі наразылық тууы мүмкін. Яғни базардан жабық заманауи сауда орталықтарына көшіру барысында қарсылық білдіретіндер де шығатыны заңды. Бұл мәселені де министрлік ың-шыңсыз шешуге күш салмақ. Министрдің айтуынша, қазіргі күні шетелдің тәжірибелері қарастырылып жатыр. Мәселен, Қытай елі бұл жағдайда базардан сауда орталықтарына өз еркімен көшушілерге пайызсыз несие беру секілді ынталандырулар жасайды екен. Осы секілді ынталандыру шаралары бізде де болуы әбден мүмкін.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бұл механизмді қос қолдап қолдайтынын айтты. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Бақытжан Сағынтаевқа аймақтармен кеңесе отырып, жылдың аяғына дейін пісіріп жетілдіруді тапсырды.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР экономикалық даму және сауда министрі:
– Бізге стихиялық базарлардан шығып, күрделі заманауи форматтағы сауда орталықтарына көшкен тиімді. Бұл жағдайда салық төлеушілер салығын төлейді. Санитарлық нормалар сақталып, ешқандай қауіп болмайды. Сондай-ақ бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін де тиімді болмақ. Себебі біз қазір сауда орталығы мен тауар өндірушінің тікелей байланысын орнату жолдарын қарастырып жатырмыз.
Тағы бір мәселе – селекторлық кеңесте рұқсат беру жүйесінің одан әрі реформалау тұжырымдамасы қабылданды. Министрдің айтуынша, әлемдік тәжірибеде рұқсат құжаттары мына жағдайларда: егер қызмет түрі елдің, қоғамның, жекелеген адамдардың әл-ауқатына және қауіпсіздігіне, денсаулығына, өміріне қатер төндіретін болса, қызметті жүзеге асыруда табиғаттың немесе инфрақұрылымның шектеулі ресурстары пайдаланылса немесе квоталауды көздейтін басқа қызмет түріне қатысты болса, қоғам тарапынан қолдау таппаған, бірақ заңмен тыйым салынбаған қызмет (ойын бизнесі, алкоголь және темекі өнімдері) түріне қолданылады екен. Үкіметтің қолдауын тапқан тұжырымдама осы тәжірибелерді ескере отырып әзірленген. «Тұжырымдаманың негізгі қағидасы – рұқсат беру құжаттарының жіктемесін, сондай-ақ оларды қауіп деңгейі бойынша санаттауды ескеретін жүйеленген рұқсат беру жүйесін енгізу болып табылады», – дейді министр.
Еңбек қарапайым шаруанікі, – қызығын делдал көреді...
Последние статьи автора