Діндарлардың сенімін аяқ-асты еткен бес шулы оқиға
Өкінішке қарай, әлемде дін мен өнер, дін мен қоғам, дін мен символдар арасында қарама-қайшылық ауық-ауық туындап, оның арты үлкен дау-дамайға ұласып жатады. Жуырда «Евромаг» ресейлік ақпараттық журналы діндарлардың сенімін аяқ-асты еткен бес шулы оқиғаны тізбеледі деп хабарлайды «Алаш айнасы».
1. «Реал» мен «Барселона» испан футбол клубтары ислами мақсатта эмблемасын өзгертті
Таяу Шығыстағы мұсылман футбол жанкүйерлерінің жанын баурап алу және ислам инвестициясы үшін испандық клубтар өз таңбасын өзгертуге мәжбүр болған. Бірінші қадам жасаған - «Барселона» клубы.
Олар 2010 жылы 150 миллион евроның демеушілік келісімшартына қол қойысты. Өз кезегінде Qatar Foundation компаниясы олардан клуб таңбасындағы айқыш белгінің біреуін алып тастауды сұрайды.
Сол секілді өткенде Мадридтің «Реал» футбол клубы шейх Сауд ибн Сакр әл Касимидің қолдауына ие болып, Рас-әл-Хайма жағалауы билігінен шипажай демалыс аумағынан құны 1 млрд доллардың құрылыс салуға рұқсат алу үшін эмблемаларынан крешті алып тастауға мүдделі болады. Ол аралдан қымбат апартаменттері бар футбол стадионы салынбақшы екен.
Бұл шешім «Реалды» көп жылдар бойына қолдап келген, христиандық діни ұстанымдағы жанкүйерлердің ашу-ызасын бұрқ еткізеді. Бірақ мұндай наразылық түрі аталған өзгерісті қайтадан қалпына келтіре алмады.
2. Саяси дау-дамайға ұласқан театр қойылымы
Өткен жылы ресейлік режиссер Тимофей Кулябин мен Новосібір мемлекеттік опера және балет театрының директоры Борис Мездрич Рихард Вагнердің «Тангейзер» опералық қойылымын қойғаны үшін сотқа тартылды. Оларға «діни белгілерді ашықтан-ашық қоғам алдында қасақана аяқ асты етті» деген айып тағылған.
«Тангейзер» - ХІХ ғасырдағы неміс композиторы Вагнердің классикалық операсы, бірақ Кулябин ондағы оқиғаларды осы заманға қарай бұрмалаған. Сөйтіп сарбаз Тангейзер Венера патшайымның гареміне тап болған жас Иисус Христостың беймәлім кезеңі туралы фильм түсіріп жатқан кинорежиссер Генрих Тангейзерге айналып шыға келеді. Сахнада Иисус жалаңаш әйелдерге елітеді.
Бұл қойылым бір ай бойында театрда қойылады. Оған наразылық білдіріп 800-ге жуық адам көшеге шығады. Жергілікті шіркеу митрополитінен бастап РФ Мемлекеттік Думасының қоғамдық бірлестіктер және діни ұйымдар істері жөніндегі комитеттің басшысына дейін Кулябинді жазаға тартуды талап етеді. Ақыры бұл іске биліктегі адамдар араласуға тура келген. Тіпті, осы даулы оқиғаға байланысты енді Ресей жерінде қойылатын қойылымды биліктің ресми органымен алдын ала келісіп алу туралы үкімет үкімі шыққан да көрінеді.
Қалай дегенмен де осы істі жүргізген сот биыл аяқталып, бұл ретте өнер мен дін қақтығысы шығармашылық адамдар еншісіне шешіліпті.
3. Мектепті әуреге салған әнұран
Екі жыл бұрын Ұлыбританияда діни шиеленістегі дау бұрқ ете түскен. Оған білім ордасында оқушылар орындаған дәстүрлі әнұран ілік болған. Мұндағы дәстүрге сай әнұрандар христиандық мотивке құрылған. Ал бұл ағылшынның Слау қаласындағы мұсылмандардың наразылығын туғызған, өйткені бұл қалада орта мектепте білім алушы оқушылардың 75 пайызы мұсылмандар боп табылады.
Мектеп директоры әнұрандарды орындау бұл қандай да бір діннің маңызын айырықша көрсету емес, жәй дәстүрлі шара екенін айтып, түсініктеме берген. Алайда оны тыңдаған ешкім болмайды, сөйтіп ресми органдар мектептің бұл саясатын өзгертуді талап еткен арыз-шағымды бұрқырата береді.
Нәтижесінде мектеп директоры олармен өзара ымыраға келіп, бұл дәстүрлі шараны тыйып тастайды.
Сондай-ақ осыған дейін тамақтану мәселесінде де бұл мектеп арнайы шектеулер енгізіп, халал емес етті қабылдаудан түбегейлі бас тартып, мұсылман ата-аналардың талабы бойынша ұлдар мен қыздарға бөлек-бөлек намаз оқитын бөлмелер ашып берген.
Егер дін өкілдері мен оның құқықтарына қатысты жекелей мәселе болса, ол реттегі талаптар, әрине орынды. Бірақ демократиялық мемлекеттерде әр адам өзінің ұстанымы мен көзқарасын басқа біреуге міндеттеп, танытуға қақысы жоқ. Сондықтан мұндай іс-қимыл шектен шыққандық боп табылады. Соның бірі Лондонда орын алған.
2013 жылы қаңтарда өздерін «мұсылман патрульдері» деп атаған адамдар Лондон көшелеріндегі тәртіпті қадағалауға шыққан. Бірақ олар өз мойынына алған жауапкершілікті «асыра орындай» бастайды. Олар бірнеше апта бойындағы түнгі «жұмысының» бейнежазбасын ғаламторға жариялап, елдің жағасын ұстатады. Мысалы, бір топ адам қолында сырасы бар ер адамға тақап, өздерін мұсылман патрулі деп таныстырып, «арақ-шарап – шайтан» екенін айтады да оны лақтырып жіберуді талап етіп тұрып алады.
Сол секілді бір патруль көшеде кездестірген ақ нәсілді әйелдерді «ешқандай сый-құрметке лайық емес жалаңаш мал» деп атап, дөрекі сөйлесіп, оларға келте юбка кимеуге, ашық жерін жабуға кеңес береді. Ал бұл Таяу Шығыс емес, Ұлыбритания деп түсіндірігісі келгендерге олар: «Біз Құдайға бағынбайтындарды сыйламаймыз» деп жауап қатып, өзара шиеленістің ушығуына жол берген.
4. Жаңа жыл шыршасы
2014 жылдың қарашасында мұсылман қауымның наразылық акциясы Брюссель халқын әуре-сарсаңға түсіреді. Бельгия астанасының билігі ақыры көпшілік талабын ескере отырып, Рождество шыршасын құрмауға бел шешеді. Бірақ оның орнына ешқандай діни белгіні білдірмейтін электронды шыршалар көшеден орын алады.
5. Швейцарияның діни наразылық туғызушы символдары
Бұл елдегі ең даулы әрі ақылға сыйымсыз деп танылған дау-дамай SWISS Air Lines әуе компаниясына қатысты туындаған. Екі жарым жыл бұрын исламды ұстанушылардың наразылығына Швейцарияның туындағы креш негіз болады.
Нақтырақ айтқанда, жалаудың өзі емес, SWISS Air Lines-тің өз жарнамасына крестті пайдалануы наразылыққа ұшырайды. Өз жарнамасы үшін жаңа бейнеролик түсірген компания «Креш – бұл көзір» деген ұран сөзді алып шығады.
Бұл сөздің ұшақ суретінде пайдаланылуын мұсылман қауымдастығы өкілдері жөнсіз әрі арға тию деп санайды.
Ал әуе компаниясындағылар бұл сөздің екі түрлі мағына беретінін түсіндіріп берген: біріншіден, ол Швейцария жалауының баламасы секілді (қызыл жалауда ақпен креш таңбасы қойылған), екіншіден, швейцариялықтарға олар сүйіп ойнайтын карта ойынын еске салады (көзірлер – креш).
Бірақ мұндай түсініктеме мұсылман қауымдастығын қанағаттандырмаған. «Христиан ұраны исламды қаралау және оған шабуылдау ретінде бағалануы тиіс» деп мәлімдеген швейцариялық БАҚ-қа сұхбат берген жергілікті мұсылман қауымдастығының басшысы.
Міне, осындай жағдайдан сабақ алған, қоғамындағы бейбітшілік пен берекеге мүдделі мемлекеттер соңғы кездері діни таңбалар мен белгілерді жалпы алдында қолданудан аулақ болу керектігін жекеге де, мемлекеттік құрылымдарға да барынша түсіндіріп бағуда.
Дерек көзі: www.euromag.ru
Аударма- «Алаш айнасы»