Американың CNN телекомпаниясы Қазақстанға арналған бағдарламаларын көрсетуді бастады. Шілденің 16-20 аралығында күн сайын эфирден берілетін топтамалардың тақырыптары да әртүрлі. Бағдарламаларды даярлау барысында шетелдік журналистер еліміздің бірқатар аймақтарын аралап қайтқан.
Шілденің 16-сынан бастап Астана уақытымен сағат 21.00-де телеарнадан «Қазақстанға көзқарас» атты бағдарлама тізбегі көрсетіліп жатыр. Телеарнаның қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Джонатан Хоукинстің айтуынша, хабарларда кеніштерді игеру, шикізат өндіру, туризм, инфрақұрылым мен әскери техника аясындағы тақырыптар қамтылады. Бағдарламалар тізбегі шілденің 20-сына дейін күн сайын көрсетілетін болады. Бағдарлама авторлары – CNN-нің журналистері Джим Кленси мен Фред Плейтген. Авторлардың сөзіне сенсек, олар аталған тақырыптардан бөлек, Қазақстанның Тәуелсіздігі мен тарихы, халқымыз жайлы қызықты әңгімелерді де өрбітпек. Сондай-ақ аталмыш телеарнаның қызметкерлері еліміздің энергоресурстарына да ерекше ден қоятындығын айтып отыр. Тіпті бағдарлама серияларының бірін түсіру барысында журналист Ф.Плейтген Қызылорда қаласындағы жаңа мұнай-газ зауытында болды. «Қазақстан туристік саланы дамыту бағытында белсенділік танытып отыр. Сондықтан да бірнеше бағдарламаның тақырыбы туризм саласына арналған», – дейді Хоукинс. Бағдарлама авторлары Қазақстан Үкіметінің аймақтағы ең ірі тау шаңғысы курортын салу жөніндегі стратегиялық жоспарына да аса қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар шетелдік журналистер Астана қаласы маңындағы фермалардың бірінде болып, қара ангус сиырларын өсіретін өндіріс ошағын тағы бір бағдарламаның желісіне арқау еткен.