Бүгінде Астанада венгрлік кәсіпорын жоқ, өзара тауар алмасу аз. Дегенмен екі муниципалитеттің басшылары Венгрия мен Қазақстанның бизнесмендері үшін «ынтымақтастық есігін ашуға» дайын. Бұл туралы Кеше Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Будапешт мэрі Иштван Тарлош айтты.
Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Будапешт мэрі өзінің қазақстандық әріптесіне қос муниципалитетті астаналар арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасын тапсыра отырып, онда ең бірінші кезекте гумантиралық сала – мәдениет, спорт және білім бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралғандығын атап көрсетті. «Мәдениет пен спорт саласындағы байланысымыз ерекше екпін алса деймін. Біздің музыка әлеміне, ансамбльдер мен ұжымдар арасында тәжірибе алмасып, бірлесе музыкалық фестивальдер ұйымдастыруда ынтымақтастық алаңымыз ашық. Жоғары оқу орындары мен университеттер арасындағы өзара әріптестіктің арта түскені де өте маңызды деп санаймын. Будапешт – жоғары білім ордаларының қаласы. Жуырда ғана Ғылым академиямыз ең айтулы беделді университеттермен серіктестік туралы келісімін аяқтады. Сіздермен де осы білім саласында бірлесе жұмыс жасап, қарым-қатынасты одан әрі кеңейте түссек дейміз», – деді И.Тарлош.
Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов венгрлік әріптесінің бастамасын толық қолдайтындығын мәлімдеді. «Біз үшін сіздермен экономика саласында қоян-қолтық қарым-қатынаста болу өте маңызды. Астана мен Будапешт арасындағы сауда айналымы ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, бұл мәселеде бастапқы кезеңінде тұрмыз. Менің ойымша, өткен жылы Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында құрылған Кедендік одақ өзара мүддемізге мүмкіндік беретін болады. Тұрмыстық нарық бұл тек 16 миллион халық қана емес, енді оған Ресей мен Белоруссияның халқы да кіреді», – деді Астана әкімі. «Бәрінен бұрын біздер үшін инновациялық жобалар қызықты. Кезінде Венгрия өндірісі өзінің сапалылығымен ерекшеленгенін білеміз. Будапешт бизнесмендерінің Астанаға келуін ұйымдастыруда біз оларды қабылдауға, барлығын көрсетуге, айтуға және бірлесе кәсіпорын құруға тырысуға дайынбыз», – деп нақтылады сөзін Иманғали Тасмағамбетов.
Елорда әкімі венгрлік делегацияға Астана қаласы ономастикалық комиссиясының елордадағы бір көшені «Будапешт» деп атауға шешім қабылдағанын жеткізді. Кездесу барысында венгр астанасының мэрі «Будапештте де біз Астананың құрметіне көше немесе алаң атауын береміз», – деп мәлім етті.
Будапешттің өз Астанасы бар
Последние статьи автора