Біз көтерген саммит сынды да көтереді

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Кеше Алматыда Қазақстан Президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Философия және саясаттану институты «Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті: гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Отырыста негізінен ЕҚЫҰ-ның «үшін­ші себеті» шеңберіндегі міндеттер, яғни гуманитарлық ынтымақтастық мә­се­ле­лерін шешу жолдары сөз болып, қазақ­стандық жетекші сарапшылар еура­зиялық кеңіс­тіктегі конфессияаралық қа­рым-қа­тынас, саяси модернизация, гендерлік даму се­кілді бірқатар тақырыптың басын шолды. Егер еуропалық қауіпсіздікті көз­дейтін ұйым осы уақытқа дейін еуро­атлантикалық вектордың төңірегінде жұ­мыс істесе, Қазақстан Президентінің ұсы­ны­сымен дипломатиялық құжаттарда «еу­ро­атлантикалық» және «еуразиялық» де­ген тір­кестер пайда болды.
Жиында арнайы баяндама жасаған ҚСЗИ басшысы Болат Сұлтанов қазір саммиттің күн тәртібін әзірлеу жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, оған ЕҚЫҰ-ның «үш себеті» – қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, экономикалық даму мен адам өлшемі мәселелері қосылғанын атап өтті. Ол ұйым мүшелері тарапынан «үшінші себет» мәселелеріне бірқатар мін тағылуы мүмкін деген ойын білдірді. ЕҚЫҰ-ға мүшелікке енген кез келген мемлекет өз территориясында аталған ұйым қоятын талаптардың қатарында «үшінші себетті», яғни азаматтардың нәсілі мен діни көзқарасына, тұрмыстық жағдайына қарамастан, барлығының құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге уәде еткен. ЕҚЫҰ төрағалығына Қазақстан келгенге дейін Еуропа елдері негізінен осы «үшінші себетті» басты ұстаным ретінде қарастырып келді. ҚСЗИ директоры Болат Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан кейін «үшінші себет» ұйымның ең негізгі ұстанымы бола алмайды. Соған қарамастан, ол ЕҚЫҰ-ның маңызды талаптарының бірі болып қала береді. Мысалы, ЕҚЫҰ-ның жанында үш мекеменің (Адам құқығы мен демократиялық институттар жөніндегі бюро, Азшылық ұлттар жөніндегі Жоғар­ғы комиссар және Бостандық жөніндегі өкіл) үшеуі де осы «үшінші себеттің» ұста­нымдарымен айналысады. Болат Сұлта­­нов ЕҚЫҰ-ның ұстанымдары қазақстандық көзқарасқа салмақ болғанын, Елбасы ұсынған «төрт Т» ішінен «дәстүр» деген ұғым­ның да аса маңызды бағыт екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Қазақстандағы жағдайда өзге ұлт өкілдерінің тілі мен дәстүріне нұқсан келтірместен, қазақ этносының дәстүр танымын негізге алу қажет. «Себебі Қазақстан мемлекеті тарихи тұрғыдағы қазақ жерінде құрылып жатыр. Оның үстіне еліміздегі соңғы халық санағы анықтап көрсеткендей, Қа­зақ­стандағы ұлт өкілдерінің үлес салмағы уақыт өткен сайын қазақтардың ы­ғына қарай жығылуда. Мұны тіпті этно­лин­гвис­тикалық құбылыстардан-ақ оңай бай­қауға болады». Философия жә­не саясаттану институтының директоры Әбдімәлік Нысанбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы тек біздің ел үшін емес, Орталық Азия және ТМД елдерінің по­зиция нығайтуына себеп болғанына сенімді. «Бұған Украина, Әзірбайжан, Қыр­ғызстан елдеріндегі сайлаулар мысал бола алады. Себебі бұл саяси шараларды бақылау процесіне ТМД елдері де атсалысты».
ЕҚЫҰ-ның «үшінші себеті» баршаны теңестіре ме?
Бір қызығы, кешегі жиында ЕҚЫҰ-ның «үшінші себеті» негізгі тақырыпқа ай­налғанымен, баяндамашылардың көп­ші­лігі оның абстрактілі талап екенін жет­кізуге талпынды. Болат Сұлтанов өзге аймақтарға адам құқықтары жөніндегі өз ұстанымдарын таңып отырған Еуропа елдерінде де келеңсіз саяси шешімдер қабылданып жатқанын айтады: «Басқаны былай қойғанда, Еуроодақтың толыққанды мүшесі болып табылатын Румыния мен Болгарияның азаматтарын Франция әкімшілігі ұлтына қарай бөліп жатыр ғой, жуырда ғана ондаған мың сығанды елден күштеп шығарып тастады. Бұл жағдай нәсілге бөлу емей немене?! Сонда еуропалықтар төбесіне көтеретін «адам құқығы» атты ұстаным қайда қалды?! Немесе Швейцарияда мұсылман мешіттерін тұрғызуға тыйым салынды. Сонда Швейцарияға ақша салуға, сол арқылы игілік әкелуге рұқсат, ал идея апаруға рұқсат жоқ па? Қысқасы, әлемдегі кез келген елден осындай үлкен кемшіліктер табуға болады. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның мақсаты базбір елдің кемшілігін тауып алып, оған төбесінен идеология таңу болмауы керек. Меніңше, біз келіспейтін нүктелерге емес, керісінше көзқарастарымыз ортақ болатын мәселелерге назар аударуымыз керек. Ал кемшіліктер айтылмай қалмайды». ЕҚЫҰ-дағы гендерлік мәселені тақырып еткен профессор Зарина Шаукенова да «үшінші себеттің» барлық елдерге бірдей негізгі ұстаным бола алмайтынына келісті. Мысалы, гендер мәселесі жаппай негізге алынып жатқанда, кейбір елдерде әйелдер емес, ерлер мәселесі көбірек ушығып тұр. «Мысалы, Қазақстанда ерлердің өмір жасы салыстырмалы түрде өте қысқа болып тұр. Немесе ер мен әйел ажырасқанда біздегі ер адамдар көп жағдайда өз балаларына қол жеткізе алмайды. Осы секілді ерлердің проблемасы да жеткілікті» дегенді айтып, әлемдегі, әр аймақтағы жағдай әртүрлі екенін және оның шешімі де әртүрлі болатынын тілге тиек етті.
Саммитке қатысты сындардың салмағы бар ма?
Отырыс ортасында Болат Сұлтанов өзінің қазақстандық БАҚ-қа деген базынасын жеткізді. «Қазақстандық жур­на­листердің көпшілігі Астанадағы сам­митті біресе «пиар үшін жасалып жатқан шара, оған көп ақша құйылды» деп, біресе «бұл шара астаналықтарға ыңғайсыздық орнатып жатыр» деп сынға алады. «Меніңше, бұл — тырнақ астынан кір іздеу. Әрине, келісемін, бұл – бір жағынан, елімізге пиар үшін жасалып жатқан шара. Оның несі дұрыс емес?! Адам кез келген іске қаржы салғанда оның қайтарымы қалай боларын ойлайды. Бүгін еліміз осы іске азды-көпті қаржы салып жатқан болса, ертең сол шарадан кейін-ақ елімізге салынатын инвестицияның көлемі күрт арта бастайды. Сол кезде салынған қаржы қайтарымын табады ғой. Мысалы, экономикалық, саяси алып Қытай мемлекеті өткен жылы өзінде олимпиадалық ойындарды өткізді, әрине, өзіне пиар жасау үшін. Ендеше, Қытайдың өзі пиарға аса мұқтаж болып отырса, Қазақстанға ол керек емес пе?! Қысқасы, Қазақстан басшылығы Астана саммитіне қатысты сындардан қорықпауы керек», — деген. ҚСЗИ басшысы «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуы — үлкен жетістік, осы арқылы Қазақстан әлемге танылды» деп есептейді. «Қазақстанға қатысты көзқарас революциялық түрде өзгерді: біз өзімізді еуразиялық мемлекет ретінде сезінеміз», – деді Б.Сұлтанов.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста