Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (Азия кеңесі) Қазақстанның бастамасымен құрылған мүшелер саны мол, аса беделді халықаралық ұйым. АӨСШК-ні құру туралы идеяны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1992 жылғы 5-ші қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынған болатын. Содан бері Азия кеңесі деп аталған форумның аты алысқа кетті, ауқымы кеңейді. Осы орайда Азия кеңесінің түйткілдері мен көкжиек келешегіне тоқталсақ.
Алпауыттардың ықпалынан тыс алып форум
Қазіргі уақытта Азия аймағына әлемдік өндірістің 60 пайызы, ал дүниежүзілік сауданың 40 пайызы тиесілі. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2015 жылға қарай әлемдегі ЖІӨ көлемі ең үлкен 12 елдің бесеуі Азия құрлығынан шығатын болады. Сарапшылар Азияның ұжымдық қауіпсіздігін қамтамсыз етудің тиімді механизмі ретінде АӨСШК-ні көбірек атап жүр. Еуразия кеңістігіндегі ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді ұйымдарда геосаяси күштердің ықпалы басым болса, АӨСШК-те тең дәрежеде және консенсусты негізде келісімдерге қол жеткізіледі. Айта кетейік, АӨСШК өзге ұйымдар секілді географиялық ендікке бағына бермейтін, Азиядағы қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша пікірлесу, келіссөздер жүргізу және келісімге келу негізінде шешім қабылдау мен шаралар қолдану жөніндегі мемлекетаралық кең ауқымды форум, диалог алаңы. Оның қызметінің негізгі мақсаты мен бағыты: Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты көп жақты көзқарасты пысықтау жолымен ынтымақтастықты нығайту болып саналады.
Әлемдегі алып ұйым – АӨСШК-ке мүше елдердің жиынтық территориясының көлемі – 400 миллион шаршы шақырымды құрайды. Бұл шамамен Азия құрлығының – 90 пайызы, Еуразия құрлығының – 72 пайызы. Ұйымға мүше елдерде 2,8 миллиард халық тұрады, бұл Жер шары халқының 45 пайызы. Әлемдік сахнадағы Азия кеңесінің өзге халықаралық ұйымдардан ерекшелігі аймақтық блок түрінде емес, ашық форум сипатымен кең танылды. Әлемдік саяси картадағы дау-жанжал аймақтарының, қордаланған мәселелердің дені Азия құрлығында екені анық. Алып құрлықтың саяси-тарихи, мәдени-өркениеттік, экономикалық-әлеуметтік тым әр алуандығы Еуропадағы Еуроодақ, НАТО, ЕҚЫҰ секілді ортақ стандартқа негізделген, тастай тәртіпке шарт жүгінген ұйым құруға қиындық туғызады. Негізінен, Әзірбайжан, Израиль, Түркия, Оңтүстік Корея ұйымның жарғылық жарнасын төлеп келеді. 2002 жылы 4 маусымда Алматыда Азия кеңесінің алғашқы саммитіне Үндістан және Пәкстан, Палестина мен Израиль сияқты өзара жанжалдасып жатқан елдер басшыларының қатысып, Алматы Актісіне, Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы сұхбатқа (диалогіне) қолдау көрсету туралы декларацияға қол қоюы үлкен жетістік болды. «Қырғи-қабақ» көршілер: Израиль-Палестина, Үндістан-Пәкстан, Әзірбайжан-Армения, Оңтүстік Корея – КХДР арасындағы дау-дамай әлі күнге шешімін таппай отырғаны мәлім. Ал 2006 жылғы 17 маусымда Алматы қаласында өткен саммитте Азия кеңесі Хатшылығы туралы келісімге қол қойылды. 2007 жылғы желтоқсан айынан бастап Азия кеңесі БҰҰ Бас Ассамблеясы жанында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Азия кеңесінің мүше елдері экономикалық, экологиялық және жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру аясында тиісті бағыттарда тұжырымдамаларды дайындаған: Корей Республикасы – энергетикалық қауіпсіздік, Тәжікстан – туризм, Иран – наркотиктер мен прекурсорларды заңсыз өндіру және айналымға шығаруға қарсы күрес, Ресей – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласында, Түркия – жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру аясындағы сенім шараларын іске асыруға арналған іс-шаралардың жобасын әзірледі. Айтпақшы, Қазақстанның АӨСШК-ке төрағалық мандаты 2010 жылы аяқталатыны мәлім. Қазақстанның ұсынысымен Азия кеңесіне келесі жылы төрағалық етуге Түркияның кандидатурасы таңдалды, Түркия өз кезегінде төрағалық мандатты атқаруға дайын екенін білдірді. Осыған орай Азия кеңесінің 3-ші саммиті Түркияда өтпек.
Азия кеңесінің межесі – Азиялық ОБСЕ
1975 жылы Хельсинки актісіне жүгінген Еуропа құрлығы секілді қазіргі кездері Азия құрлығының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығы күн санап арта түсуде. Оның бірнеше себептері бар: Біріншіден, «қосполюсті әлем» дәуірі аяқталды. Лагерьлерге жіктеліп, өзара қарсы тұрушылықты тату-тәтті ынтымақтастықпен еңсеретін кез келді. Екіншіден, жер-жаһанды жаулап бара жатқан ғаламдану үрдісі аймақтар тарапынан тиісті шешімдер қабылдауға мәжбүр етті. Аймақтағы қордаланған мәселелерді бірлесіп шешудің өткір қажеттілігі туындады. Үшіншіден, тарихи-мәдени әртекті Азия елдерінің қауіпсіздігін сақтаудың әмбебап жүйесін құруға алғышарт жасалды. Азия кеңесінің болашағы Азиялық өзіндік «ОБСЕ» құрумен байланысты. Осыған орай, ұйымның Қағидаттар Декларациясы ЕҚЫҰ-ның құжаты болып есептелетін Хельсинки қорытынды актісі бойынша төмендегідей қағидаларды басшылыққа алды. Мәселен, егеменді теңдік, егемендік құқын құрметтеу, күш қолданбау, мүше-мемлекеттердің территориялық тұтастығы, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу, ішкі істерге араласпау, қарусыздану және қарулы күштерді бақылау, экономикалық, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастық және адам құқықтары мен бостандығын сақтау.
Азиялық ОБСЕ құрудың қадамдары
Бірінші қадам: АӨСШК-ің мүшелерінің қатарын арттыру;
Екінші қадам: АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесі (АҚЫК) шеңбері мен режиміне көшіру, ЕҚЫҰ үлгісі бойынша жалпыазиялық құрылымдарды құру.
Үшінші қадам: 2015-2020 жылдарға қарай Азия қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің Жарғысын дайындау және оған қол қоюға әзірлік жүргізу.
Ой-түйін
Тоқетері, тұрақсыздық белдеулерімен ерекшеленетін Азия құрлығында өзіндік ОБСЕ құрудың қажеттілігі зор. Өйткені либералды Еуропаның ортақ стандарттары басыбүтін дәстүршіл Азияның ерекшеліктеріне сәйкес келе бермейді. Олай дейтініміз, атақты жазушы Редьярд Киплингтің сөзімен айтқанда, «Батыстың аты – Батыс, Шығыстың аты – Шығыс» болып қала бермек.