Дүйсенбі күні Ауғанстан астанасы Кабулда бір күндік сапармен болған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы,
Келіссөз барысында Ауғанстан басшысы Хамид Карзай Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу және оның күн тәртібіне «ауған тақырыбын» енгізу идеясын қолдайтынын білдірді. Ол сондай-ақ еліне көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмектер үшін қазақстандық жоғары оқу орындарында 1 мың ауған студентін дайындау жөніндегі еліміз қолға алып отырған білім бағдарламасы үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғыс білдірді. Кабулда Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасының сауда-өнеркәсіптік палатасының арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімге сәйкес, Ауғанстанда Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдігі ашылады.
Кеше ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Қанат Саудабаев Душанбеде өткен Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 37-ші сессиясына қатысып, конференцияға мүше елдердің сыртқы істер министрлерімен бірқатар кездесулер өткізді. Тәжікстан астанасындағы сессияда Душанбе қаласын Ислам мәдениетінің елордасы деп жариялау рәсімі өткізіліп отыр.
ЕҚЫҰ төрағасы Қ.Саудабаев «Халықаралық коалицияның «Талибан» қозғалысына қарсы әскери операциясы Орталық Азия елдері үшін тікелей террорлық қауіп-қатерді біршама азайтқанымен, бүгінгі таңда ауған проблемасын әскери жолмен шешудің тығырыққа тірелгені айқын» дей келе, Ислам конференция ұйымының аймақтың баяу дамыған елдеріне қаржылық-экономикалық ұзақ мерзімдік көмек көрсету бағдарламасын қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ ол ИҚҰ өкілдерінің Қазақстан басшысының Қырғызстандағы жақында болған жанжал мен дағдарысты реттеудегі күш-жігерін айрықша бағалап отырғанын атап өтті.