«Е-е, Шұға десе, Шұға еді-ау...» деген күрсініспен басталатын Бейімбет Майлиннің «Шұға» әңгімесін оқымаған жұрт жоқ шығар. Сол секілді есімін күрсініспен еске алатын қазақтың қыршын ғұмыр бір қызы бар – Шахзада Шонанова. Мен бұл есімді алғаш рет Алаш арысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар әжейдің аузынан естіген едім.
Гүлнар МІРЖАҚЫПҚЫЗЫ:
– 1936 жылы мен студент едім, демалыс үйіне барғанымда бірде Телжан Шонанұлының жұбайы Шахзада апайды көргенім бар. Бір көрмекке керемет сұлу, өзі оқыған, білімді, Халық комиссариатында қызмет істейтін апай да сол жерде демалып жатса керек. Мені көргеннен жанына жақын тұтқан сол кісі бір күні: «Жүр, екеуміз саяхат жасайық», – деді. Сол серуенде екеуміз тау басына шықтық. Әлден уақытта үлкен бір жартастың жанына жете бергенімізде, Шахзада апай жартасқа сүйеніп тұрды да, бір керемет өлеңдерді бірінен соң бірін оқуға көшті. Таңдана қарап қалған маған кенет: «Бұл сенің әкең жазған «Бақытсыз Жамалда» жазылған өлеңдер емес пе?» – деді. Сөйтіп, мен «Бақытсыз Жамалды» бірінші рет Шахзада Шонанованың аузынан естідім...
Осыған дейін естімеген соң, әлгі есім жадымда қалып қойған еді. Солайша бұл есім әрі қарай ізденуге жетеледі. Бұл қыз кім? Алаш арыстары еңбегімен қалай таныс? Қазақ қызының ол тұста Халық комиссариатында қызмет етуі – сирек құбылыс. Соңында білгенім, мені елең еткізгені Шахзаданың Алаш арыстарымен бірдей айыпталып, қуғыннан көз ашпай, соңында дәл сол арыстардай атылып кеткендігі болды. Әрине, ерлердің қасында жүріп, солардың жары болғаны үшін «халық жауы» деген жала жабылып, Ақмоладағы АЛЖИР лагерінде жазасын тартқан Күләнда Қожанова, Дәмеш Жүргенова, Гүлбаһрам Сейфуллина, Гүлжамал Майлина, Әзиза Рысқұлова сынды көптеген апамыз болды, бірақ бір жұбанарлығы – олар лагерьде белгілі бір уақыт жазасын өтеп, тірі қалды ғой. Ал Шахзада неге атылды?
Өмірдің қызығы былай тұрсын, аңдусыз өткен бір күнге зар болатындай осы бір аяулы ару кімге не жазып еді? Ол неліктен қуғындалды? Шахзада 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданында дүниеге келген. Әкесі Арон Қаратаев сол жылдары елге танымал болған азамат Бақытжан Қаратаевтың інісі болатын. Сонда Шахзаданың бүкіл өмірін астан-кестен етіп, басқан ізінің аңдуда болуына, қуғыннан көз ашпауына себеп осы ғана екен.
Айгүл ІСМАҚОВА, алаштанушы:
– 1937 жылы қаңтар айында Шахзада Шонанова Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университеті биология факультетінің 2-курс студенті атанады. Сонда «осы 34 жасына дейін ол қайда болды, немен айналысты?» деген сұрақ туындайды ғой. Оған дейін алты жыл мектепке дейінгі тәрбие әдіскері, ғылыми хатшы, мектеп инспекторы қызметтерін атқарған екен. 1937 жылғы анкетасында тоғыз жыл кеңес мекемелерінде қызмет атқарғаны айтылған. Бүкіл арманы жоғары білім алу еді, өкініштісі, өмір бойына қаншама оқу орнының табалдырығынан аттап, бірақ әлгіндей тегіне бола оқудан шығарыла-шығарыла, ақыры сол арманына жете алмаған күйі кетті. Алдымен ол Орта Азия университетінің медицина факультетіне оқуға түскен, екінші курсында шығарып жіберді. Кейін Алматы медициналық оқу орнына түсіп, ол жерден де шығарылған. Басқан ізі аңдуда болған ол арасында ғана оқуын жалғастыруға рұқсат алып отырыпты. 1932 жылы 12 наурыздан 11 сәуірге дейін Қарағанды қаласы маңындағы Прибалхаш стройдың Спасск бөлімшесіне (АЛЖИР-дің бір бөлімшесі) Шахзаданы медицина қызметкері ретінде жұмысқа жібереді. Ал ол бүкіл Қарағанды, Балқаш маңындағы ел сүзек ауруынан қырылып жатқан тұс болатын. Сонда ол жерден тірі қайтуы екіталай деп, әдейі өлімге айдалып отыр ғой. Дегенмен Жаратқанның көзі түзу ғой, жас қыз сол өлім жайлаған өлкеден дін аман болғаны былай тұрсын, абыройлы анықтамамен оралады. 1936 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне қайтадан түскен Шахзаданың тегі бұл жолы да алдын тұйықтайды. Бұл жолғы кінә жұбайына байланысты еді. Ал жұбайы алаштықтардың қатарындағы белгілі тарихшы, аудармашы ғалым Телжан Шонанов еді. Қаратаева деген тегіне шүйліге берген соң, тұрмыс құрып, күйеуінің тегін алғанда да, Шахзада бәрібір қуғынның құрығынан құтылмайды. Ал Телжан Шонанұлы тілтанушы- түркітанушы ғалым, Алашорданың оқу комиссиясының мүшесі еді. Зерттеу жұмыстарындағы А.Байтұрсыновқа, жалпы, Алаш істеріне қатысты тұстарына байланысты «халық жауы» деген айып тағылған Телжан Шонанұлы 1937 жылы шілденің 20-сында Алматы қаласында тұтқынға алынды. Сөйтіп, 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілсе, араға бір айда емес, небәрі 10 күн салып, 9 наурыз күні әйгілі Қаратаевтардың тегі, қазақтың маңдайалды мақтанышы дерлік бір қызы Шахзада Шонанова атылып кете барады.
Мәриям ӘБСАТТАР
«Алаш айнасы» мұрағатынан