Астанада «Елбасына тілек» атты көрме ұйымдастырылды
Астана қаласы ішкі саясат басқармасы мен білім басқармасы және №1 өнер мектебі бірігіп, жасөспірімдер мен балғындар арасында «Елбасына тілек» атты үлкен көрме-конкурс ұйымдастырған еді.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, негізгі қатысушылар – балабақша тәрбиеленушілерінен бастап колледж шәкірттерінің аралығындағы балалар. Жалпы жобаға 400-ден аса жұмыс келіп түскен. Соның ішінен таңдалып алынған 70 жұмыс марапатқа лайық деп табылды.
Балалардың жас ерекшелігіне қарамастан әрбір қатысушы өзінің шынайы шеберлігін танытуға тырысқан. Әдетте «кәсіби» атанып жүрген суретшілердің қолынан шығатын абстракциялы шимай-шатпақтан гөрі бұл көрмеде қойылған полотнолардан тазалық пен мөлдірлікті, сәбиге тән пәктікті, балғындықты байқадық. Саясаттан бейхабар, кіршіксіз, риясыз көңілдерінен шыққан туындыларын Нұрсұлтан аталарына арнаған балалардың бәрі мәз. Шат-шадыман күлкі, мәз-мейрам болған бөбектер адамның жанын рақатқа бөлейді екен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл конкурстың ақтық кезеңіне қатысқан 20 оқушы Президентпен бірге суретке түсу құрметіне ие болмақ.
Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА, 48-мектеп-лицейінің технология пәнінің мұғалімі:
– «Елбасына тілек» шығармашылық байқауы өз деңгейінде өткеніне көзім жетті. Шедевр болмаса да, жоғары деңгейдегі жұмыстар көрмеге қойылған. Балалардың ойының ұшқырлығы көрмеге келген көрерменді ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі ұстаздарды да таңғалдырғаны сөзсіз. Өзіміз күнделікті сабақ үйрететін оқушыларымыздан да өнер саласында үйренеріміз көп екенін түсіндім. Әсіресе қолөнер мен сурет номинациясында тым ерекше жұмыстар жақсы бағаланғанына қуандым. Қазылардың шешімі еңбек пәні мұғалімдерінің көзқарасымен бір жерге түйіскені тіпті ойламаған жағдай. Әрбір оқушының жұмысынан патриоттық тәрбие, ұлттық нақыш, Отанға деген шексіз махаббат лебі есіп тұр. Тәуелсіздігіміздің тұғырының биік боларына балалардың бүгінгі шынайы сезімдері куә. Бұл балалардың ойлары еркін, саналары азат. Бәлкім, сондықтан болар, барлығының бойынан, сөйлеген сөзінен, тіпті жасаған жұмыстарынан да тәуелсіз рухтың көрініс беруі.