Астана – талай зерттеушілердің ықыласын туғызған сан қырлы феномен. Қат-қабат астары мол Астана феноменінің өзегі тарихы терең қазақ мемлекеттігінің нышаны, қазақтың төл болмысы, қазақ ұлтының жасампаздық келбеті болуы тиіс және солай болып та жатыр. Сол ғажап феноменнің бір парасы ретінде «Астана идеясы қазаққа не берді?» деген заңды сауалға шама-шарқымызға жауап іздеп көрсек.
Еуразияның кіндігінде жаһандық топтасудың һәм ауқымды интеграцияның инициаторы ретінде бейбітшілік пен келісім, татулық пен бірлікті темірқазық еткен Астана 12 жылдық тарихында Вашингтон – Брюссель – Мәскеу – Бейжің геосаяси орталықтар белдеуінде өзіндік қолтаңбасымен айшықталды. Салт атты өркениетімен салтанат құрған көшпенді империялық дәуіріміздің архетипі сынды Ақорда әлемдік саяси ой-пікірлерге, саяси шешімдерге өзіндік даусымен, жаңаша серпінмен ықпал аясын барған сайын кеңейтіп келеді. Әлемде астана болғалы өте қысқа мерзімде дәл осы Астана секілді мәшһүр болып үлгерген орталықтар жоқ та шығар. Астананың әлемге беделді саяси орталыққа айналуының тарихи негізі бар. Мәселен, Ресейдің Василий Барщевский деген сарапшысы еңсе тіктеп келе жатқан Қазақстанды Алтын Орданың қайта жаңғыруымен, ал Астананы – Сарай қаласының қайта гүлденуімен байланыстырады. Ол «Мәскеу – үшінші Рим» деген қағидаға ұқсас «Астана – үшінші Сарай» деген тұжырым жасайды. Посткеңестік елдер тарихында кеңістік пен аймақтағы қайта құрылымдау, ел орталығын ауыстыру бағытында Президент Н.Назарбаевтай батыл қадамға ешкім тәуекел етпепті. КСРО елдерінің ішінде астана ауыстырған да жалғыз Қазақстан. Астананың ауысуы – ең алдымен Тәуелсіз елімізге тарихи «Мен» идеясының, далалық дүниетанымның қайта оралуы деп ұғынған жөн. Алматы кезеңдік жағынан кеңестік, жағрапиялық жағынан Латын Америкасының көп елдерінің астаналары, Тбилиси секілді таулы аймақта қоныс бұйырған астана. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Афины, Амстердам Лима, Гавана, Сингапур сияқты қалалардың теңіздік-мұхиттық сипатқа ие болып, өз елдерінің бет-бейнесін айқындап бергенін ескерсек, кезінде Алматы тау, биіктік символикасын санаға сіңіргені мәлім-дүр. Алайда Қазақстан таулы ел емес қой, ұланғайыр даласы бар мемлекетпіз. Астана – елімізге, қазақы болмысымызға тән далалық символика, яғни кеңпейілдік, дархандық, ақкөңілдік сияқты төл қасиеттерімізге қан жүгіртуі тиіс.
Астана идеясы – жалпыұлттық идеологияның жол бастаушысы.
Бұған дейін астықты өңір мәртебесі бар Астана жобасы соңғы 12 жылдың бедерінде жалпыұлттық идеологияның құрамдас бөлігіне айналды.
Астана идеясының мәні – отарсыздануға жасалған бетбұрыс, қазақтануға бағытталған ұлы көш еді. Осының арқасында мемлекет құраушы ұлтқа кең мүмкіндіктер туып, орысы көп Арқада ұлттық идеология үстемдік алып, сан жылдар сіресіп қалған құлдық сананың көбесі сөгіле бастады. Сондықтан Астана елорда болғалы Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында өрлеу басталды деуге толық негіз бар. Сонымен Астана идеясы қазаққа не берді?
Біріншіден, Астана ауыстыру тоң болып қатқан қоғамдық санаға қозғау салды, бітеу бұлақтың көзін ашты; Екіншіден, ұлттың бойындағы жасампаздық потенциалын жүзеге асыруға мүмкіндік берді; Үшіншіден, елордамыз теріскей мен күнгейдегі Ресей мен Қытайдың қыспағынан қауіпсіз аймаққа ту тігіп, тепе-теңдік сақтауға алғышарт жасады; Төртіншіден, қалың қазақтың көшін орысы басым солтүстікке бұру арқылы елдің тұтастығы бекемделіп, Арқа өңірі қазақтана түсті; Бесіншіден, жаңа Тәуелсіз Қазақстанның элитасы қалыптасып, топтаса бастады; Алтыншыдан, Қазақстанның Тәуелсіз менталитетін, жаңа өмір салтын қалыптастырды. Жетіншіден, Астана – бүкіл елдің экономикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени дамуының ұйытқысы, алға сүйрейтін локомотивіне айналды. Аймақтар Астанаға қарап бой түзейтін болды, ал мәдени-қаржылық орталық Алматымен бәсекелестік орта түзді. Қос шаһардың бәсекелестігі – дамудың алғышарты.
Ой-тұжырым:
Астананың өркендеуімен бірге мемлекеттігіміздің негізі нығайып, әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделі артып келеді. Өйткені екеуі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Сайып келгенде, Астана – атақ-даңқ, мансап қуушылардың ортасына емес, ұлтты һәм мемлекетті құрушылардың киелі ордасына айналуы тиіс. Астананың алыс-жақын көкжиектегі басты миссиясы – айбарлы, салауатты һәм сауатты қазақ ұлтының бар арманын өмір шындығына айналдыру.