Ашаршылық куәгері: Адамжегішке ұсталмай аман қалдым

Ашаршылық ақиқатын айқындайтын тарихи суреттерден адам жеу фактісі барын байқап қаламыз. Бірақ бұған қатысты дерек бізде жоқтың қасы. «Алаш айнасы» оқырмандарына жан түршігерлік сол заматтың адамдарды қалай өзгерткенін сипаттайтын ашаршылық куәгерінің мына бір әңгімесін ұсынады.

Менің әкем – Қамза Әлімұлы, 1923 жылы қазіргі Қарасай ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. «Біз бір әке, бір шешеден 13 бала туған едік, солардан үлкен әпкем екеуміз ғана тірі қалдық» деп күңірене әңгімесін шертуші еді қайран әкем.
«1932 жылдың суық күзінде бас сауғалап, жаяулатып Шамалған стансасына жеттік. Бір орыс машинистке алтын-күміс беріп, жүк пойызына отырдық. Бағытымыз – Қырғызстан, ол жерді ашаршылық жайламапты дегенді естігенбіз, мақсатымыз сонда жету. Қанша жүргеніміз есімде жоқ, пойыз бізді Тоқмақ қаласына әкеліп тастады. Стансаға түссек, ана жер, мына жерде сіресіп өліп жатқан қазақтар. Қала халқының дені өзбектер екен, олар ашаршылыққа ұшырамаған тәрізді: әр жерде шайханада сораптап шай ішіп отырғанын көрдік. Ал шайхана табалдырығында қатып қалған қазақтардың өлі денелерін киген киімдерінен танисың. Бұл жерде де қазақ үшін жан сақтаудың оңай еместігіне көзіміз жеткендей болдық. Әрі оңтүстікке қарай қашуға қауқарымыз қалмаған. Не де болса осында тұрақтауды жөн көрдік.
Қаланың шетіндегі бір сайда аузы-мұрны жоқ біреулер тастап кеткен там бар екен, есік-терезесінің орнына текемет пен алаша жауып, соны паналадық. Екі үлкен ағаларым 17 жасар Мұғали мен 15 жасар Аббас (үйде Қабас дейтінбіз) сайдан қамыс орып, базарға отын ғып сатады. Содан тапқан азын-аулақ тиын-тебенге нан алып жейміз. Шешем елден алып шыққан алтын мен күмісті нанға айырбастайды. Кейін ол да таусылды. Бәріміз де ашпыз. Әкемнің інісі Кәртеңбай кезінде қайтыс болып, оның төрт әйелі де бізбен бірге болатын (кіші әкемнің баласы жоқтұғын, сондықтан да әйелді ала берген екен), алдымен сол төрт жеңгем қайтыс болды.
Әкем кезінде Бұқара мен Самарқан жақта медресе бітіріп, ауылда молда болып, балалардың сауатын ашып, оқытқан кісі еді. Ауылдағы елді отырықшылдыққа үйрететін: үй салып, тауық-қаз ұстататын, бақ салдыратын. Еңбекшінің күнбатыс жағында «Әлімнің бағы» деген жер әлі күнге шейін бар. Әкем сол кезде 58 жаста еді. Әбден қажыған, әлсіреген, қозғалуға да қауқары жоқ, күні бойы есікте отыратын, ауыл жаққа көз тігіп. Менің жасым тоғызда, күн ұзақ жеті жасар Күлсім қарындасыммен ойнаймын, ойнағанда да көбінесе отырып немесе көрпе астынан басымызды қылтитып қана, асыр салып, жүгіріп ойнау деген жоқ. Көктем шыға бізге де хабар келді «Қазақстанға жаңа бастық жіберіліпті, аты Мырзажан дейді, қазақ оңала бастапты» деп. Осыдан кейін екі ағам да қозғалыңқырай бастады «Елге қайтайық» деп. Әкемнің «Мен елге жете алмаймын, осында әл шақырып алайық» дегеніне қарамай, ақпан айының орта шенінде «қайдасың Қазақстан, қайдасың туған жер!» деп жаяулатып жолға шықтық.
Шу өзенінің бойында әкем қайтыс болды. Оны өзеннің бойына көмдік. Кейінірек Аббас ағам да көз жұмды. Оны көмуге мұрша жоқ, денесін ескі бір дуалдың іргесіне қойып, дуалды шайқап-шайқап мәйітіне құлаттық – ит-құсқа жем болмасын дегеніміз ғой. Арып-ашып қырғыздың Қарабұлағы деген жерге де келдік-ау! Алатаудың ар жағы Қастек – қазақ жері, одан ауыл да алыс емес. Тек биік асудан өту керек. Анадай жерде қырғыздың киіз үйі тігіліпті, алдында он шақты қой жайылып жүр. Шешем Мұғали ағама «Менің әрі қарай жүре алмайтын түрім бар. Күлсім екеуміз осында қалайық, сен Қамза екеуің асудан өтіп, елге жетіңдер. Содан соң туған-туысты жиып, көлік алып, мені алып кетерсіңдер. Мен бір-екі күн мына қырғыздарға барып паналайын, мұсылман болса, қуып жібермейтін шығар» деді. Шешемнің сөзін жөн көрдік те ағам екеуміз жүріп кеттік.
Қарлатып, борандатып асудан да өттік екі иінімізден әрең дем алып. Төмен түссек, елдің бәрі де қолдарына шелек ұстап, жотада жүр. Күні бойғы кәсіптері - сарышұнақтың ініне су құйып, тышқан аулау. «Қазақ оңала бастапты» деген әңгіме бекер болып шықты. Содан жаяулатып, ауылға келдік. Ауылдың жартысы қырылып қалыпты, аштықтан естері кеткен ел бізді елеп-ескермеді, тіпті жақтырмады да. Қысқасы не керек, ары ұмтылып, бері қарманып, Алматы жаққа тарттық та, ағам Мұғали біраз уақыттан соң Боралдайда салынып жатқан радиостанса құрылысына жұмысқа жалданды. Алайда бірер күннен соң ағама сүзек жабысып, ол да қайтыс болды. Жалғыз қалдым. Қарғалыдағы әпкеме тарттым. Жаяулатып, екі күн дегенде әпкеме де жеттім. Бірақ аш өзегіне түсіп кеткен жездемнің үй-іші мені құшақ жая қарсы алған жоқ.
Бұл жердегі де күйім мәз болмаған соң, екі-үш күннен кейін қайтадан Алматыға жол түзедім. Түнде бір түп бұтаның арасына барып қондым. Түсіме әкем мен ағаларым кірді: бір ордың ар жағында тұр, ордың бер жағы сым темірмен қоршалған екен, маған күле сөйлеп: «Кел, келе ғой!» деп қолдарын бұлғап шақырады. Ұлдың ең кішісі болғандықтан ба, әкем марқұм мені қатты еркелететін, қасынан тастамайтын, соған орай өзім де шолжаң болып өстім: әкем мені бір жерге алмай кетсе, ызаланып, долданатынмын, тіпті пісіп тұрған қазанның ішіне сиіп те жіберетінмін. Білемін, әкем бәрібір менің бар қылығымды кешіретінін...
Сол еркелігіме салдым да, әкемнің шақыруына бармай, жалт бұрылып, қаша жөнелдім. Оянып кетсем, түсім екен. Қайтадан жолға шықтым. Ақсайға жете бере жолдың жиегінде асылып тұрған, астына от жағылған қазанның қасында бүкшеңдеп жүрген еркек пен әйелді көріп, «Бұлар маған тамақ берер ме екен» деп дәметіп, соларға қарай жүрдім. Әйел мені көріп, сасып қалды да, сонан соң «Келе ғой бермен, келе ғой, балам!» деп маған қарсы жүрді. Ер кісі де басын көтерді, бет-әлпеті қап-қара екен, көздері де жынданған адамның жанарындай қорқынышты. Ішім бір нәрсені сезгендей, зу етті. Қаша жөнелдім. Жаңа ғана жылы шыраймен жұмсақ сөйлеп тұрған әйел еркегіне өктем дауыспен «Ұста ананы!» деп бұйырды. Екеуі де артымнан тұра жүгірді.
Қашып келемін, олар ентелеп келеді. Екі өкпем өшіп, «енді ұсталдым-ау!» дегенде бір дөңнің басына шығып үлгердім. Қарасам, дөңнің асты жол екен, сол жолда қасында кемпірі мен бала-шағасы бар, сақалы белуарына жеткен бір орыстың шалы ат жеккен арбамен шоқаңдатып келе жатыр екен. Соларға қарай жүгірдім. Әлгі екеуі орыстарды көре сала, жерге отыра қалып, шөпшек теріп жүргендей кейіп көрсетті. Мен тоқтамай, сайдан бірақ жүгіріп өттім. Орыстар да мүдірместен өз жолымен кетті, жаңағы екі адамжегіш те көрінбей кетті... Бір ажалдан құтылдым, білем, сол жолы... Айтып-айтпай не керек, Алматыда қайыр сұрап, бірнеше тәулік күнелткен соң, мені милиция ұстап алып, Сергиополдегі (қазіргі Аягөз) балалар үйіне өткізіп жіберді. Екі жылдан кейін ғана барлық балалары аштан өліп, өзі ғана тірі қалған Қарғалыдағы Секер әпкем әр жерге хат жазып жүріп, мені тауып алып, қолына алды.
Сөйтіп, ашаршылықта әкемнен, екінші әпкем Ынтық пен оның барлық балаларынан, үлкен ағаларым Мұғали мен Аббастан (ең үлкем ағам Мәди ауыл кеңесінің төрағасы еді, 1931 жылы ашаршылық ә деп басталғанда, оны «бидай ұрлады» деп айыптап, ату жазасына кескен болатын) айрылдым. Шешем мен қарындасым Күлсімнің не өлі, не тірі екенін де білмедім...
Осыдан бастап Секер әпкемнің қолында болдым, орта мектептің жеті сыныбын бітірдім. 1942 жылдың күзінде соғысқа шақырылып, кеңес-түрік шекарасында бір жыл қызмет жасаған соң, 1943 жылдың қарашасында Қылмыстық кодекстің 58-бабының 12-тармағына сәйкес «антисоветтік үгіт-насихат жасады» деген жалған айыппен 10 жыл бостандық айрылуға кесілдім.
Сол кезде таралған анекдот бар емес пе еді:
- Не үшін отырсың түрмеде?
- Еш жазығым жоқ, кінәсізбін!
- Өтірік! Кінәсіз болсаң, саған он жыл берер ме еді! Ал сенде он бес жыл!

Воркута мен Хальмер-Ю қалаларының маңындағы лагерлерде шахтыда белшемнен суық суға батып көмір қаздым, қарағай құлаттым. Елге 1951 жылдың қысында ғана қайтып келдім».
Марқұм әкемнің хикаясы осындай. Кейінірек, ес жинап, үйлі-баранды болып, алты бала сүйгеннен кейін, 1968 жылы әкем Қырғызстанға барып қайтқан еді. Ондағы мақсаты қарындасын табу еді: «Шешем баяғыда қайтыс болып кетті ғой, алайда Күлсім қарындасым тірі шығар, соны тауып алайын». Қасына бір жеңгесін алып алды, өйткені «Қарындасым әкеме ұқсаған аққұба еді, менің жадымда әкемнің бейнесі көмескіленіп қалды ғой, қарындасымды таныса, әкемді келін болып түскеннен көрген осы жеңгем танитын шығар» деп. Қырғызстанда әкем бір айдай жүрді, бірақ қарындасын таба алмады: ешкім де естімеген, білмеген болып шықты. Бірақ әкем іздеуін тоқтатпады: хаттар да жазды, ылғи да біреулер арқылы сұрастырып та жүрді. Тіпті «Үмітсіз – шайтан» деді ме, қайдам, дінге берік әкем, бал ашудың күнә екендігін біле тұра, ауылдағы таныс балгерге қарындасы тұрғысында бал аштырып та еді.
Балгер: «Қарындасың тірі: тұрмыс құрған, алты баласы бар екен» деп әкемді үміттендіріп қойған да. Әкем біреулердің «Қырғыз деген қазақ сияқты аңғал емес, олар араларында болғанды ешкімге де тіс жарып айтпайды. Ал бала асырап алғанда, қара қойды сойып, барлық туған-туыс жиылып, қойдың ішек-қарнына қолдарын салып, «Бұл жәйтті енді бір адамға да айтпаймыз!» деп серттеседі екен. Сондықтан да қарындасыңызды бекер іздейсіз: бәрібір таппайсыз!» деген сөздерін де елемеді. Іздеу сала берді... Тек өзінің қайтыс болғанынан бір жыл бұрын (әкем 1995 жылы ақпан айында қайтыс болып еді) басқа бір балгер «қарындасың қайтыс болыпты» деп сәуегейленгеннен кейін ғана, бейсенбі-жұма күндері әруақтарға бағыштап Құран оқығанда, әкем Күлсім қарындасын дұғаларына қоса бастады...
Ал тап осындай болмаса да, осы сынды тағдырлар мен оқиғалар әр қазақ жанұясында болып, сол кездегі әр қазақтың басынан өтті деп айтуға тұрарлық емес пе?! Бұл менің әкемнің тағдыры ғана емес – бүкіл халықтың тағдыры...
Мен студенттеріме «Дәл осылайша ашаршылықты бастан кешкендердің куәларын жазып алыңыздар. Біз бұл деректерді кітап қылып шығарамыз, сол арқылы қазақ тарихының ақтаңлақтарын жабуға өз үлесімізді қосамыз, бұған қоса, бүкіл халықтың бейсанасында жатқан дерттен арылуға аз да болса медеу боламыз. Сөйтіп үлкен азаматтық борышымызды өтейміз» деп үндеу тастап отырмын соңғы үш жыл ішінде.
Талай студенттер бұл іске жауапкершілікпен қарады. Оларға мың да бір рахмет. Біз, міне, осындай ойдан шығарылмаған, бүкпесіз шындықты ғана келтірген, халық аузынан шыққан шынайы хикаяларды жазып, жарыққа шығарып, осы кезге дейін айтылмай, ұмыт болып тұрған тарихымызды жандандыруымыз, дүние жүзіне жария етуіміз керек. Осылайша қазақ тағдыры бүкіл адамзатты адамгершілік сипаттан ада, адами мақсаттан жұрдай, жан түршігерлік нәтижелерге алып келетін әлеуметтік-саяси тәжірибелерден сақтандырады, қазақтың қасіреті барлық адамдарға үлгі-өнеге болады деп ойлаймын.
Менің жүрегімде ашаршылық құрбандарының күлі, қаны, көз жасы, қасіреті дүрс-дүрс соғып тұр... Мазалай береді... Тыншытпайды...
Күштеп отырықшылдандыру саясаты салдарынан қолдан туындаған «ұлы жұт» қазақтың тең жартысына жуығын, 40 пайызын, ал малының 90 пайызын жалмағанын баса айта кетелік. Ал биліктің өрескел қате саясатын сынап, онымен күреспек болған азаматтар саяси қуғын-сүргінге ұшырап, көбісі атылып кеткен, ал көбісінің сүйегі қазір қай жерде көмулі немесе шашулы жатқанын да білмейміз.
Асхат ӘЛІМОВ,
филология ғылымының кандидаты

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста