Біз ғана емес, бүкіл әлем үлгі тұтатын Америка Құрама Штаттарының көпшілік үңіле бермейтін, өзіне ғана тән ерекшеліктері көп. Өмірінің соңына дейін жаңа заман футурологтарының алдыңғы қатарында жүрген Самюэль Хантингтон жан-жақты зерттеулерге негізделген өзінің «Біз кімбіз?» атты еңбегінде Американың ұлттық идентификациясының мәселесін, америкалықтардың ұлт болып ұйысуын, ішкі проблемаларын зерделеген. Жер бетіндегі барлық нәсілдің, әрбір ұлттың, түрлі діннің өкілдері мекендейтін мемлекет ғасырлар бойы өзінің елдігін сақтап қана қоймай, қарыштап дамып келеді. Әлемдік саясаттағы басты ойыншыға айналған мемлекеттің бірлігі неде? АҚШ идеологиясы дегенде қауашағымызға «америкалық арман», «индивидуализм», «прагматизм» түсініктері елестейтіні сөзсіз. Алайда бұлардың өзі жеткіліксіз. Біздіңше, құрама штаттар халқын ең басты үш нәрсе біріктіреді. Олар: тіл, білім, еңбек.
Қырық құрам ұлттың тірегі – тіл
Біріншіден, бүкіл америкалықтарды ұйыстырып отырған ең негізгі фактор – тіл. Ағылшын тілін о баста ортақ қатынас тіліне айналдырған америкалықтар ұтпаса, ұтылған жоқ. Әдебиетте, ғылымда, экономика мен мәдениетте жетістіктерге жеткен ағылшын тілі еркіндікті қалап барған жаңа ұлтты біріктіріп қана қоймай, жаңа жетістіктерге жақындата түсті. Бұл елдегі 300 млн халықты ұлтына, дініне қарамастан, мидай араластырып жіберген де – осы ағылшын тілі. Біз бұған дейін ел астанасы Вашингтонда, Орегонның ең үлкен шаһары Портлендте болдық. Сонда байқағанымыз, әр штаттың бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері анық байқалды. Ертеректе қоныс аударған осы елдің екі азаматы бізге тілмаштық қызмет көрсетіп жүр. Олардың айтуынша, әрбір штаттың менталитеті әртүрлі. Қазір оңтүстік штаттардың бірі Аризонаның Тусон қаласындамыз. Бұл жер Мексикаға жақын орналасқандықтан, кез келген жерден испан тілінде сөйлесіп жүрген адамды кездестіресіз. Ацтектермен арадағы шекара 60 миль ғана болғандықтан, алыс-беріс жоғары деңгейде.
Халқының көпшілігі екі тіл біледі. «АҚШ-та испантілділердің ықпалы күшейіп келеді» деп Самюэль Хантингтонның айтып кеткені сол шығар. Көшедегі халық өзі білетін тілде қауқылдаса береді. Бірақ барлық штатта құжаттар, халыққа қызмет көрсету орталықтары ағылшын тілінде ғана жүргізіледі. Тынық мұхитының жағалауындағы Портлендте қара нәсілділерден гөрі, азиаттар көп. Жапония, Оңтүстік Корея жақын болғандықтан ба, күншығыс елінің өкілдері, корейлер басымырақ. Солардың барлығы да, сайып келгенде, ағылшын тіліне бағынады. Яғни ағылшын тіліне қажеттілік жасалған. Тілдің қаншалықты құдіретті екенін адамзат баласының басы қосылып, қуатты ұлтқа айналғанын америкалықтар осылай дәлелдеп отыр.
Білім мен ғылым да – біріктіруші күш
Екінші фактор – білім. Бұл жерде «білім» ұғымының философиясын тар мағынасында емес, кеңірек түсінген жөн сияқты. Америкалықтар өздерінің біліміне сүйене отырып, саналы түрде қабылдаған заңдарына аса құрметпен қарайды. Кез келген федералды һәм штат деңгейіндегі заң олардың өміріне тікелей қатысты. Себебі олар қажетті құжатты әлдебір мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, қай елде қандай заң жемісті болғанын зерттеп жүріп қабылдамайды. Оларда заң қабылдау өте қарапайым процестер арқылы жүзеге асырылады. Алдымен қоғам мүшелері белгілі бір проблемалармен бетпе-бет келеді. Оны шешуге мүдделі азаматтардың қатары көбейеді. Өздері тікелей сайлаған Конгреске шығады. Халықтың қалауына ие болған өкілдер заң қабылдайды. Яғни құжатты күнделікті кездесіп жүрген проблемаларын шешу үшін ғана қабылдайды. Сондықтан да азаматтарының құқықтық сауаты жоғары. Халық арасында қоғамдық қатынастарға бей-жай қарайтын, елдің саяси-экономикалық жағдайына зейін қоймайтын азаматтар кемде-кем. Әркім – өз саласының маманы. Бір ғана мысал келтіре кетсек, биылғы жылдың басында Аризона штатының Тусон қаласында Конгресс өкілі Габриэль Гиффордсқа қастандық жасалды. Басынан қатты жарақат алған депутаттың өмірі қыл үстінде тұрғанда жергілікті медицина университетінің дәрігерлері ота жасап, сол жақ миының бір бөлігін алып тастады. Қаңтар айында ғана бүкіл әлем өлдіге санаған Конгресс мүшесі маусым айында аяғынан тұрыпты. Міне, бұл – бір штаттың түкпіріндегі қаланың ғана (штат астанасы да емес) мамандарының жұмыс нәтижесі. Бұдан кейін халықтың ғылымға, білімге деген сенімі артыпты. Бұл елдегі ғылым мен білімнің қоғамды біріктірудегі рөлі орасан.
Еңбек бәрін де жеңбек
Еңбектің қадірін қазақтан артық білетін халық жоқ шығар. Бірақ айтып қана қоймай, ісімен дәлелдейтін америкалықтарды қазіргі деңгейге жеткізген еңбек десек, қателеспеспіз. Мұнда қарапайым такси жүргізушілері мен еден жуушылардың өзі жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Көзбояушылық жоқ, әркім өз ісін ынты-шынтысымен істейді. Көше сыпырса да, өз елінің игілігі үшін қолғабыс тигізіп жүрмін деген нық сенім бар. Еңбектің қадірін түсінген халық көше сыпырушының жұмысын бағалап, қалдықтар тастамайды. Әркім өз саласының маманы болуға асығады. Мемлекет те тиісінше, еңбектеріне сай жалақы төлейді. Мысалы, бір ғана Аризона штатының полицейлерінің айлық жалақылары 5 мың доллардан асады екен. Еңбекке деген құрмет жемқорлықтың да алдын алатынын АҚШ-тан көруге болады. Біреудің адал еңбегін жеу, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүру де – жат қылық. Еңбек қатынастары да, осылайша, АҚШ азаматтарын тұтас бір ұлтқа айналдырып отыр.