Белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, кезінде депутат болған Амангелді Айталы мырза жақында жетпіс беске толды. Қазір ол Ақтөбе мемлекеттік университетінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Айтулы күні кешегі саясаткердің бүгінгі саясатқа деген көзқарасын білмекке арнайы хабарластық.
– Кезінде Парламент мінберінен ашық сын айтудан тайсалмаған депутаттардың бірі едіңіз. Уақыт өткен соң жоғары заң шығарушы органның қазіргі қауқары жайлы не айтасыз?
– Мен депутат болған кезімде Мәжіліс депутаттары белсенді болатын, батыл сын Үкіметке, тіпті Президент атына да айтылатын еді, ал бүгінгілер ондай емес деп айтқым келмейді. Мәселеге басқа қырынан қараған жөн болар. Бұрын да, бүгін де аз да болса тәуелсіз, өз ойын айтатындар, сондай-ақ кейде өткір пікір айтып, кейде бұғатындар, сонымен бірге, қойын баққан қойшыдай бизнесін күйттеп, үндемейтіндер болған, бола да береді. Оларды пендешілік тұрғыдан түсінуге болады, бірақ азаматтық тұрғыдан халық қалаулылары деуге болмайды. Депутаттардың көбі әкімшілік саладан келгендер, оларды билік бұрын ноқталап тастаған, ертең депутаттықтан кетсе, сол ноқтасын кигісі келеді. Сондықтан кнопка басып, жеке шаруасын реттеп, тойған қозыдай жүре береді. Ал арасында «қызып» кетіп, өткір пікір танытып жатса, бірден облыс әкіміне «Сенің «депутатың» тәртіптің көпшілігін бұзды» деп хабарлайды, себебі ол депутат тізімге әкімнің қолдауымен еніп, депутат болған. Ал бизнестен келген депутат «мінез» көрсетсе, оның соңынан салық инспекциясын салып қояды, ондай жағдайлар да болған. Біздегі пропорционалдық жүйе саяси бәсекелестікті әлсіретті. Көппартиялық Парламент деп атану үшін Мәжіліске заманы өткен 7 коммунист, 8 кәсіпкерді әкелді. Мәжіліс те, Сенат та бұрынғы әкімдердің, мемлекеттік қызметкерлердің, министрлердің соңғы паналайтын ұясына айналды. Сондықтан мен депутаттар емес, біздің саяси жүйенің ішкі эволюциясы, заң шығарушы биліктің қауқары азайды деп ойлаймын. Баяғы кеңес заманындағы психология «үндемесең, үйдей пәледен құтыласың», «тек жүрсең, тоқ жүресің» дегенге келдік. Кеңестік психология бізге әрі үйреншікті, бейімделе қаламыз ғой. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейтін қазақ бүгін көрінбейді.
Бізде конституциялық биліктің үш тармағының тепе-теңдігі мен тежемелік жүйесі әзір қалыптаспай отыр. Төрелігін айтатын, қазылық парызын орындайтын сот билігі барлығын ұмытқанымыз қашан!
Саяси бәсекелестік болмаған жерде Парламент те, халық та селқос, сылбыр, самарқау келеді.
– Оның көріністері қандай?
– Көріністері көп. Әркім өз күн көрісінің қамымен жүр. Мысалы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін ауылдағы, қаладағы адамдар саясатқа бейжай қарайды. Парламент бір партиялық па, көп партиялық па, екі палаталық па, бір палаталық па – көптеген адамдар оған мән бермейді. Географиялық фактор да бар: қаладағы, ауылдағы, депрессивтік ауылдардағы адамдардың тұрмысы әртүрлі. Бай адамдар ел, ұлт мәселелеріне көңіл бөлмейді: қаржылары, балалары, отбасылары шет елдерде. «Халық қайыршы, тұрмыс ауыр, халық көтеріліске дайын» деген де дұрыс емес. Тәуелсіздік заманында біраз жекеменшік иелері пайда болды. Халық, әсіресе, жастар қарнының ашқанынан емес, қадірінің қашқанынан, мүмкін, ашынар. Белгілі саясаттанушы Самюэль Хантингтонның «Төңкеріске икемді ел ауру емес, төңкеріске қабілетсіз ел ауру» дегенін жиі айтып жатады. Ауру ел емеспіз, бірақ экономиканы саясаттан жоғары қойғандықтан саяси сауатымыз, демократиялық мәдениетіміз әлі төмен. Біздің елдің ауқымы, халықтың қоныстануы, тығыздығы, саны, елді мекендердің бір-бірінен қашықтығы да саяси негізде ұйымдасуға, демократия институттарының тиімділігіне жағымсыз ықпалын тигізеді.
Біз бүгін келісім мен тұрақтылыққа көп мән береміз. Ол өте орынды. Келісім мен тұрақтылыққа балама жоқ, тек бейбіт жағдайда ғана еліміз ілгері дами алады. Бірақ өмір тек келісімнен тұрмайды, «бірлігіміз жарасқан ел» деген идея – ол мұрат, арман, оған қол жеткізу оңай емес. Өмір, социология ғылымы тұжырымы бойынша, келісім мен дау, үйлесім мен қарсылықтан тұрады. Кедейлер мен байлар, саудагерлер мен сатып алушылар, банктер мен кредит алушылар, этностар мен этностар, діни топтар ара-қатынастары, ұрпақтар арасындағы қайшылықтар, ауыл мен қала тұрғындарының өмірге көзқарастары да үйлеспей жатады. Сондықтан осы өмірлік шындыққа тура қарау, олардың үйлестіретін жолдарын іздеп табу керек.
Тағы да бір назар аударатын мәселе – біз көріністердің себебін ішімізден емес, сырттан іздейміз, баяғы кеңес заманында барлық пәлені империализмнен көрген сияқты, бүгін біз де халықаралық терроризмнен, тағы басқадан іздейміз. Ауруын жасырған Кеңес Одағынан неге сабақ алмаймыз?
– Сонымен саяси жүйе, саяси ахуал туралы мәселені түйіндесек, қандай пікірге тоқтар едіңіз?
– Ең өткір мәселенің бірі, меніңше, елдегі саяси бәсекелестіктің жоқтығы. Бізде партиялар көп, бірақ көппартиялық саяси жүйе жоқ. Сайлауға дейін қай партияның қандай дауыс алатыны белгілі. Саяси монополия билік үшін сан жағынан ұтыс болғанымен, сапа, моральдық жағынан ұтылыс. Заң тұрғысынан алғанда барлық партиялар бірдей, заңға өкпелеуге болмайды. Ал сайлау кезінде де, күнделікті өмірде де насихатталатын бір партия ғана. Бәсекелестік болмаған соң, ол партия ішінен дағдарысқа ұшырай бастайды, ұры-қарылар, жемқорлық көріністері «жалғыз шапқан ат жүйріктің» күйін кешеді. Әкім нақты бір партияның жетекшісі болған соң, сайлау сол партия пайдасына шешілетіні белгілі. Облыстардағы мәслихат депутаты болу да көп жағдайда тек әкімнің рұқсатымен ғана болады. Сондықтан тартымсыз Мәжіліс, осалдау Сенат елді жалықтыруы мүмкін. Парламент тек заң шығарушы орган ғана емес, өткір оймен, шешен тілмен жастарға үлгі болатын, елді ойландыратын орган. Ал Парламентте партиялардың арасындағы бәсекелестік, шындығын айтсақ, жоғарыдағыларға жағымпазданудың бәсекелестігі төңірегінде. Бүгінгі партиялардың өз сайлаушылары жоқ, оны іздемейді де. Мақсат жоғары жақтың ойынан шығып, Парламенттен шамалы да болса орын алу болып отыр. Сондықтан бізде Парламент бар, сайлаулар өтеді, сессиялар жүріп жатыр, заңдар қабылданады, бірақ парламентаризм қалыптаспады. Саяси бәсекелестік жоқ, Парламенттің атқарушы биліктен тәуелсіз, заң шығарушы органның басым болуы – парламентаризмнің басты белгісі. Бірақ оны да тежеуге, оған да халықпен есептесуге тура келеді. Биліктің үш тармағының тепе-теңдігі мен тежемелік дегені осы болар.
Әкімдер арасында бәсекелестік те жоқ емес. Өзінің жұмысын Президентке берген дауыстың пайызымен өлшейтін әкімдер бар. Бірақ БАҚ-тың, әкімдердің шамадан тыс ынта, жүгіруінсіз де Н.Ә.Назарбаев президент болып сайланатыны, халықтың оны қолдайтыны белгілі. Айналып келгенде саяси бәсекелестіктің, ықпалды балама саяси партиялардың жоқтығы сайлауларды да тартымсыз етеді. Көптеген елдерде президенттік сайлауда саяси элита, губернаторлар, министрлер, мәдениет қайраткерлері, елге белгілі сенаторлар түсіп жатады. Ол, сөз жоқ, бәсекелестікті күшейтеді. Бәсекелестік елдің дамуы, болашағы туралы балама бағдарламалар тудырады, елді ойландырады. Бізде де ел сыйлайтын, мойындайтын азаматтар да сайлауға түссе шыңдалар еді. Сонымен бірге жағдайды терең түсінетін, саралай алатын сайлаушылар әлі аз. Сондықтан бізде билік институты – Президент, оның әкімшілігі. Мемлекет билігі бүгін Н.Ә. Назарбаев сияқты көреген тұлғаның қолында болғаны тиімді болып тұр. Елбасының экономикаға, ұлтқа, дінге, сыртқы саясатқа көзқарасы елдегі ахуалды реттеп, қоғамдық пікірдің негізгі бағытын анықтап отыр.
Саяси партиялар осыдан 150-160 жыл бұрын Еуропада өмірге келген. Саяси элиталық топтардың бәсекелестігі мемлекеттің бағыт-бағдарын анықтап отырады. Ал оппозицияны тежеу ашық пікір алмасудың жолын кеседі.
Бүгін бізге де шынайы көппартиялық жүйеге бетбұрыс жасап, Президенттің де ұлт көшбасшысы ретінде барлық партиялардан саяси дистанция сақтауға ауысуы тиімді болар еді. Ықпалды саяси оппозициясыз ешқандай үкімет өз күшін, мүмкіндігін білмейді. Оппозиция ащы сынмен үкіметті алдамшы қиялдан, қателіктен сақтандырады.
Ертеңгі күн әр ел азаматтарын ойландырады. Түрліше себептерге байланысты бүгін Ресейде В.Путиннің рейтингісі жоғары. Бірақ ертеңгі Ресей тағдыры не болады деп ойланушылар көп. Енді билік кімге бұйырады? Билікқұмар И.Сталин келе ме, әпербақан Н.Хрущевке бұйыра ма, марапат пен рахатқа тоймайтын Л.Брежнев таққа отыра ма, солқылдақ М.Горбачев басқара ма, әлде орыс кемесін популист Б.Ельцин жүргізе ме дегендей сауалдар көп. Бізді де сондай ойлар мазалайды.
– Таяуда ғана Парламент Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім-шартты ратификациялады. Бұл оқиғаны әлдебіреулер Қазақстанның өз егемендігінен біртіндеп айрылуы деп санайды. Шындығында, бұл Одақтан тәуелсіздігімізге төнген қауіп бар ма?
– Медицинада «фантом дерті» деген құбылыс бар. Адам денесінен ауруға, жарақатқа байланысты қолын, болмаса аяғын кесіп алып тастағанда, оның жарасы жазылғанымен, организм бәрібір бөлінген мүшені іздеп, оның орны ауырады да тұрады екен. «Фантом дерті» сияқты дерт отарлаушы елдерге де тән. Отарланған ел тәуелсіздік алғанмен, отарлаушы ел, оның халқы отарлаған заманды аңсап, мүмкіндігінше сол елдерге қалайда өз билігін жүргізгісі келеді де тұрады. Ол Ұлыбритания, Франция, басқа да елдерге тән. Еуропа мемлекеттері ешуақытта бірін-бірі отарламай, жерінің ірі-уақтығына қарамай, көрші ретінде сыйласып отырған. Олар басқа континенттегі елдерді отарлады, ал Ресей көрші елдерді отарлады. Балтық жағалауындағы елдерден бастап, Украина, Белоруссия, Молдавия, Кавказ, Орталық Азия жерлерін бағындырды. Кейін Моңғолия, Қытай, Кореяны да өз ықпалында ұстағысы келді. Ресей империясы осылай өзімен шекаралас елдерді өзіне қорған етті, орыс еліне құрлықтан келген жау бірден Ресейге баса-көктеп кіре алмайтындай етті. Кеңес Одағы құлағаннан кейін Ресей «жалаңаш» қалды, бұрынғы советтік республикалардың көбі іргесін Ресейден аулақ салды, тіпті қарсы саясат ұстанды. Олар Ресеймен одақтас болуға үзілді-кесілді қарсы. Себебі Ресейдің «фантом дерті» бүгін дербес елдер – көршілеріне қауіп туғызып отыр. Молдавиядан Приднестровьені, Грузиядан Оңтүстік Осетия мен Абхазияны, енді Украинадан әуелі Қырымды, бүгін Донбас пен Луганск аймақтарын бөліп алуға жанталасып жатыр. Сондықтан тәуелсіздігімізге қауіп үнемі көршіден төніп тұратынын білуіміз керек. Германияның саясаттанушы ғалымдарының бірқатары неміс ұлтының ішкі жан дүниесінде нацизм әлі де отыр, қолайлы жағдай туғанда, ол бас көтереді дегенді айтады. Сондықтан Германия фашизм дертінен тазарды деу асығыс пікір. «Фантом дерті» – орыс астамшылығы сырттағы да, іштегі де орыстардың санасын терең жайлағанын ескеруіміз керек.
Сонымен бірге, Марк Твен айтқандай, тәуелсіздікке қол жеткізген ұлт саяси лотереяда пілді ұтқанмен бірдей, ол пілді асырау керек. Тәуелсіздіктің пілдей ауыр жүгін көтеру, дербес экономиканы қалыптастыру да оңай емес. Тәуелсіз елдер енді экономикалық өзара тәуелсіздік, алыс-беріс жағдайында өмір сүреді, тиімді экономикалық одақтастарын іздейді. Оны ең алдымен жақын көршілерінен іздейді. Сөз жоқ, Ресей сол іргелес көршіміз. Осы тұста ХХ ғасырдың басындағы Мексика президенті Порфирио Диастың зары есіме түсе береді: «О, Мексика, сен Құдайдан қанша қашықсың – Америкаға сонша жақынсың!». Біз – Ресеймен ортақ 7500 шақырымдық шекарасы бар елміз. Ресей біздің табиғи, құдайы көршіміз, Ресеймен жақын қарым-қатынаста болу – ондағылардың жақсы, жаман ниеттеріне қарамай – бізге Құдайдың бұйрығындай. Кейбір Орталық Азия елдеріндей кейде біз тату, кейде қату бола алмаймыз. Еуразиялық Экономикалық Одақ біз үшін ең алдымен саяси жағынан да тиімді: ішіміздегі орыс, славяндар Ресеймен одақтамыз деп тыныш жүреді, оны ескермеуге болмайды. Бұл жерде осындай саяси есеп те жоқ емес.
Бірақ бүгін рублі құлдырап, экономикасы әртүрлі жазалауға ұшырап отырған Ресеймен одақ тиімді бола ма деген сауалды қазақстандықтар көп қояды. Тіпті, ресейлік ірі қаржы мамандары бүгін Ресейдің экономикалық саясатын сынап жатыр. «Сбербанктың» төрағасы Герман Греф жуырда Ресей экономикасын орынды сынға алып, оны «мобилизационная экономика», немесе экономиканың заңдылықтарымен емес, күшпен жоғарыдан таңылған жолмен жүретін экономика, «жұмылдырылған экономика» деді. Ол мынандай мысалдар келтіреді. «ТУ-144 ұшағы мен «Конкорд» ұшақтары бір-бірімен өте ұқсас, «Боран» ғарыш кемесі мен «Шаттл» бір-біріне жақын. Неге олай? Олар физика заңына негізделген. Ал экономикада неге біздер оның заңдылықтарын негізге алмаймыз? Физика заңдарын сыйлаймыз, ал экономика заңдарына келгенде оларды неге мойындамаймыз?», – деді.
«Жұмылдыратын экономика» деген не? Барлық экономикалық, қаржылық, басқа да ресурстарды мемлекет өз қолына шоғырландырады, бюджет арқылы мемлекеттік компанияларға бөліп беріп отырады. Бұл тиімсіз басқару. Осындай саясат, надандық Кеңес үкіметінің түбіне жеткен. Ол заманның басшылары экономикада заңдылықтар барлығын білмеді. Олар сонысымен бақытты еді. Біз осыдан сабақ ала алмай отырмыз, өткен қателіктерді қайталау өкінішті. Санкциялар бізге пайдалы, жаман айтпай жақсы жоқ деп көңілді көтеру, тыраштану пайда бермейді», – деп ойландырды ол.
Екінші бір мықты экономика маманы, бұрынғы қаржы министрі А.Кудрин премьер-министр Д.Медведевті қатты сынға алды. Ол өз еркімен Д.Медведевтің командасында жұмыс істемеймін деп отставкаға кеткен. «Санкциялар 1 триллион рубль зиян келтіреді», – деді. «В.Путиннің рейтингісі халықтың табысының өсіп, жағдайының жақсарғанынан емес, саяси жағдайға байланысты. Оның Кеңес Одағын аңсайтын саясатында», – деді А.Кудрин сұхбатында.
Тек экономика ғана емес, инновация саласында да Ресей әлі көшбасшы елдердің ең соңында. Тек Ресей ғана емес, Кеңес Одағында болған елдердің басым көпшілігі сондай жағдайда. Дамыған елдерде жасалған техника мен технологияны меңгерудің өзі біздерге үлкен қиындық туғызатынын өзіміз де көріп отырмыз.
Әлемдегі әйгілі 50 университеттің 30-ы – америкалық, 11-і – еуропалық, 4-еуі – азиялық, ал 3-еуі – Канададан. Әлемдегі 50 ең белгілі жоғары инженерлік және техникалық оқу орындарының 22-сі – америкалық, 11-і – еуропалық, 13-і – азиялық. Олардың ішінде қазақстандық түгіл, ресейлік оқу орындары бірен-саран.
Қытайда таза ғылыми зерттеулермен 1 миллион 400 мың адам айналысады, АҚШ-та да зерттеушілердің саны соған тең, Ресейде ғалымдардың саны 3 есе кем. Ғылыми жарияланымдар саны Қытайда (жылына 1,1 млн.) Ресейден 4 есе, ғылыми патенттер саны 7 есе артық. Еуразиялық Одаққа кірген елдердің ғылыми әлеуеті өте төмен екендігі көрініп тұр. Экономикалық дағдарысқа байланысты ЕуроОдақ елдері ғылыми зерттеулерге 2013 жылы 10 миллиард доллардан астам қаржы бөлсе, 2014-2020 жылдарға жылына 15 миллиард доллар бөлінетін болды. Ал біздің көршіміз Ресей Қытай сияқты инновацияның моторы ретінде саналмайды.
Өкініштісі, біздің де, Ресейдің де экономикасы ғылыми инновацияға, жаңаруға мүдделі емес, біздің экономикамыз да имитациялық экономика немесе қайталайтын, еліктейтін экономика. Бұл, әсіресе, автомобиль жасауда көрініп тұр. Ресей инновация саласында 132 елдің ішінде 64-орында, біз 72-орындамыз. Біздің бизнес шынайы бәсекелестік болмағандықтан жаңа технологияға мұқтаж емес. Кеңес заманының бұғауы сананы әлі де ноқталауда. Қазір Ресейдің тым қарапайым танкілері, «Протон» сияқты ракеталары, ұшақтары, ғарыштық аппараттары басқаларды қызықтырмайды. Біз де әскери техникаларды басқа елдерден сатып ала бастадық. Украинаның ЕуроОдақпен интеграцияға ұмтылысы, Ресейден белгілі бір қашықтықта болуының астарында патриоттық ұстаным жатқаны сөзсіз.
Ал енді «Экономика жағынан әлсіреп бара жатқан, ғылыми технология жағынан мешеу Ресеймен Одаққа бару бізге тиімді ме?» деген сауал жиі айтылады. «Неге Парламент 10 желтоқсанда талқылаймыз деген Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты заңды уақытынан бұрын, 1 қазанда қабылдап жіберді?» деген сауалдар да қойылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың Ресейге де тиімді емес екендігін Ресей ғалымдары да айтуда. Олар Ресейдің Қытайға, басқа шығыс елдеріне, Латын Америкасына, Еуразиялық Одаққа зор мән беріп, Батыс елдерімен қарым-қатынасты шиеленістіруі түптің түбінде пайда әпермейді, керісінше, шығынға ұшыратады деген ойды алға тартады. Ресей – ұлы теңіз державасы, оның болашағы зор, ал құрлық мемлекеттері әрқашан да кедей елдер. Оған Латын Америкасында, Африкада мысалдар көп. Ресейлік экономика саласының көрнекті ғалымы В.Иноземцев мысалға Қазақстанды келтіреді. «Скажем Казахстан до сих пор отправляет 84 процентов своей нефти в Европу и на мировой рынок через Россию, и только 16 процентов по недавно построенному трубопроводу в Китай». («Литературная газета», 17-23 қыркүйек, 2014 ж.) Еуразиялық одаққа кірушілер теңізге шыға алмайтын, мұнай мен газға зәру елдер. Белоруссия, сондай-ақ Армения мен Қырғызстан да оған сұранып отыр, кешікпей Тәжікстан да ол Одақтың есігін қағар дейді автор.
В.Иноземцев Еуразия идеясы Ресей үшін кесірлі, ал басқалар үшін пайдалы дейді. Сондықтан 37 мың 800 шақырым жағалауы теңізбен шекаралас Ресейге ол география тұрғысынан өзінің сыртқы және ішкі саясатына балама ұсыныстарын айтады. Ресей ғалымдарының пайымдауынша, Еуразиялық Одаққа Ресейден гөрі Қазақстан мүдделі. Шындығында, екі жақта мүдделі, Ресейге де өз тауарын жақын Қазақстанға, Қазақстан арқылы Қытай, басқа елдерге шығару пайдалы.
Ұлытау төріндегі ұлт туралы толғанысқа толы сөздерінде Н.Ә.Назарбаев: «Картаға қарайық. Қазақстан құрлықтың қақ ортасында орналасқан. Теңізге шығатын жолымыз жоқ», – деді. Ойын жалғастыра келіп: «Сонда біздің теңізіміз не болды? Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің теңізіміз – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз». Ойын түйіндей келе Елбасы: «Мүмкіндігіміз осындай, басқа амалымыз жоқ. Сондықтан экономикалық одақ», – деп басып айтты.
Дегенмен неге біздің халық Еуразиялық одаққа байланысты алаңдаушылық білдіреді деп отырсыз ғой. Ол рас, алаңдаушылық бар. Оның себептері экономикалық емес, психологиялық салада жатыр.
Біріншіден, психологиялық сақтану үрдісі заңды көрініс алып отыр. Біздің санамызға «Одақ» десе Кеңес Одағы, сол замандағы кіріптарлық оралады, бірақ Ресеймен экономикалық қарым-қатынастан ешкім де қашпайды.
Екіншіден, Одақ десе ресейліктердің де көңіліне Кеңес Одағы оралады, олар сол замандағы билеп-төстегенін, «Широка, страна моя родная» деп, әр республикада кердеңдеп жүргендеріне қайта оралғысы келеді. Осылай «Фантом дерті» қозады. Еуразиялық Одақ мақұлданбастан бұрын Ресей саясаткерлері ортақ валюта, Ортақ парламент, Ортақ саяси кеңістік туралы мәселе көтерді. Өз кезегінде бұл әңгімелер бізді де, әрине, ойландырады. «Саяси емес, экономикалық Одақ», – деп Н.Ә. Назарбаев қадап айтты.
Экономика және инновация саласында Еуразиялық Одақпен шектелмей, Еуроодақпен, басқа да дамыған елдермен жан-жақты қоян-қолтық қарым-қатынасты тереңдету саласындағы Елбасының қадамдары көңілге зор сенім ұялатады.
– Дінтану пәнін мектептерге факультатив түрінде енгіздік. Бірақ бұл пән жас ұрпақтың имандылыққа ұйып өсуіне жағдай туғыза ма?
– Мектептерде бұл пәнді оқыту ертерек басталды. Жоғары оқу орындарында ең алғашқы болып сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышевтың бастамасымен 2010 жылы енгізілген, ол барлық факультеттерде міндетті пән болды. Басқа жоғары оқу орындары бұл пәнді 2012 жылы оқыта бастады. Онда да міндетті пән емес, таңдау пәні болды. Бұл пәнді оқытудың тәжірибесі бізде де, жалпы посткеңестік елдерінде де болған жоқ. Бізде «діни педагогика», «діни тәрбие» деген ұғымдар кейін пайда болды. Бірақ бұл пән кейбір деректер бойынша, 140 мемлекетте оқытылады. 73 мемлекетте тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушылар үшін міндетті пән. Ал 54 елде діни пәндерге берілетін уақыт 388,4 сағат немесе жалпы оқу сағаттарының 8,1 пайызы. Сауд Арабия елінде ол 31 пайызын құраса, Йеменде 28 пайызын құрайды. Қазақ халқының 1917 жылғы революцияға дейінгі имандылық тәрбие тәжірибесінен біз қол үзіп қалдық. Ал қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен ауыз әдебиетінде рухани тәрбиенің мол үлгілері жинақталған.
«Дінтану» пәнін оқытудың азды-көпті жиналған тәжірибесімен бөлісіп, бұл пәннің ғылыми-педагогикалық қағидаларын айқындау мақсатында тұңғыш рет Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 2014 жылдың 17 қазанында ғылыми практикалық конференция өтті. Конференцияда Еуразия ұлттық университетінің профессоры, теология және философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Бақытжан Сатершинов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Р.Бекназаров, мектеп мұғалімі Б.Тұрмашева, тағы басқалар пленарлық отырыста тартымды баяндамалар жасады. Конференцияда барлығы 40-қа жуық баяндамалар мен хабарламалар талқыланды. Мұғалімдер де, студенттер де көп мәселелер төңірегінде ойланып жүрген сауалдарына тұшымды жауаптар алды.
Конференция бірқатар маңызды ұсыныстар қабылдады. Мысалы «Дінтану» пәнінің қазіргі «таңдау пәні», факультатив мәртебесін қайта қарап, мектептер мен жоғары оқу орындарында оған «міндетті пән» статусын беру қажеттігі туралы айтылды.
Дегенмен осы ұсыныстарымызды кімге жолдарымызды білмедік. Конференцияны дайындау барысында Білім мен ғылым министрлігіне, оның орта білім, жоғары білім, жастар саясаты департаменттеріне хабарласып едік, елең еткен ешкім болмады.
Ал бүгінгі күні мектептер мен жоғары оқу орындарында дін төңірегінде жаңа рухани ахуал қалыптасып келеді. Оқушылардың, студенттердің, мұғалімдердің де дін мәселесінде өз ұстанымдары мен таңдаулары бар. Дінге қызығушылық өте зор. Ал елімізде мектеп, жоғары оқу орындарындағы жалпы тәрбие мәселесін реттейтін, әсіресе, тарих, саяси-әлеуметтік пәндердің мемлекет мүддесі тұрғысынан бет алысын айқындайтын, кадрларды іріктейтін, оқулықтарды сараптайтын бір орталықтың жоқтығы көрініп тұр.
Мәселе идеологиялық монополияны, өткен замандағыдай бұлтартпай барлығын бақылайтын басқаруды қайтадан жаңғыртуда емес. Елбасы айтқандай, тарих арқылы ұлттық рухты тәрбиелеу қандай қажет болса, басқа да әлеуметтік пәндердің тәрбиелік потенциалын көтерудің де қажеттігі барлығы белгілі. Гуманитарлық пәндердің әлеуметтік топтардың, этностардың, әртүрлі діндегілердің ортақ құндылықтар негізінде мүдделерін үйлестіруге тәрбиелейтін мүмкіншілігі зор. Өкініштісі, біздің «Білім туралы» заңымызды Сенат 2007 жылы шілде айының басында Мәжіліс тармағынан кейін 3 күнде қабылдаған. Онда тәрбиеге арналған бір де бір бап жоқ. Ал «Білім» деген ұғымның мазмұнында тәрбие де жатыр. Сондықтан бұл заң білім туралы емес, оқыту (обучение) туралы заң. Министрліктің жастардың тәрбие мәселесімен айналыспайтыны осыдан болар. «Бағуы кеткен мал әлек, бағымы кеткен ел әлек» дегендей, жастар тәрбиесін жөндеп қолға алатын уақыт жетті.
– Ұлтшылдық өзге ұлтты кемсітпей, өз ұлтының мүддесі үшін еңбек ету болғанда, ұлтсыздық деген не? Бізде ұлтшылдық басым ба, ұлтсыздық басым ба?
– Кеңес заманынан бізде ұлтшылдық (национализм) жағымсыз, тіпті зиянды ой-пікір, саясат деп келді, әлі де солай ойлайтындар, әсіресе, орыстілді ортада көп. Ал кезінде В.И. Ленин ұлтшылдықты саны көп халықтың ұлтшылдығы мен (ол негізінен орыстарды айтқан) саны аз халықтардың (қазақтар, грузиндер, т.б.) ұлтшылдығын, отарлаушы ұлт пен отарланған ұлттардың ұлттық идеяларын салыстырып, грузин, қазақ сияқты саны да аз, отарланған ұлттардың ұлтшылдығы – демократиялық үрдістегі, теңдік үшін, тәуелсіздік үшін жағымды деп баға берген. В.Ленин негізінен орыс патриоты, Ресей болашағы үшін орыстарға ептілік, дипломатия қажет деп орыстарды сынаған. Тек жұмсақ саясат арқылы ғана Кеңес Одағын сақтап қаламыз деп ескерткен. 1922 жылы В.Ленин тісі ауырып, Кремль ауруханасында емделіп жатқан тұста орыстардың грузиндерге, еврейлерге, украиндықтарға, басқаларға жасаған озбырлығы туралы телефонограммалар оның атына ағылып келеді. Сонда ол: «Как только удалю больной зуб, со всеми оставшимися зубами буду грызть великорусский национализм» деп, саяси бюроға ауруханадан қысқа хат жолдапты. Біздің ұлыдержавалық астамшылығымыз түбімізге жетеді деп орыстарды сақтандырды. Кейін И.Сталин ол өсиеттерді ұмытты. Ал В.Лениннің «великорусский национализм» туралы сөзін кеңес заманында мақалаларымда талай рет еске салып отырдым, бірақ цензура өткізбеді.
Батыс саяси ілімінде ұлтшылдық бейтарап ұғым, жағымды, жағымсыз деп нақты бағаны тек нақты жағдайға байланысты айтуға болады. Кеңес заманында ұлтшылдық (национализм) жеке адамдарға, интеллигенция өкілдеріне, кейін тіпті тұтас қазақ ұлтына тағылды. Шынайы ұлтшылдық – ол ұлттық патриотизм, ұлттық намысын қорғау, бөтендерді кемсітпеу. Өзіңді басқамен тең көріп, кем көрмеу. Қазақ ұлтшылдығы деген осы болар деймін. Ал ұлтшылдық асқынып, басқаны шеттете бастаса, өз ұлтыңды сынау да жағымды ұлтшылдық. Бүгін қазақты дарақылықтан, орынсыз тыраштанып, еліктеуден сақтандыру бұл да – ұлтшылдық. Ал ұлтсыздықтың табиғаты әртүрлі. Қазақ ұлтсыздығының тарихи себептері де бар. ХХ ғасырдың 60-жылдары қазақ өз елінде азшылыққа айналды, елдің 70 пайызы орыс, славян, православ, лютеран, басқа дін, тіл өкілдері болды. Қазақ сол ортаға бейімделді, ұлтсыздыққа ұшырады. Сол дерттен әлі айыға алмай жүрміз. Қазақтың соры да, бағы да орыс тілін ана тілінен артық білетіндігі. Ана тілім – қазақ тілі деп айтқанмен, сол тілде таза сөйлеуге ұмтылыс аздау. Қазақ тілінде шығарма жазатын ақын, жазушыларымыз да орыс сөздерін араластырмай сөйлемейді. Сөйте тұра тілім деп зарлайды. Тілдің тағдыры бүгін қазақтың өз қолында, заң қосымша тетік, оған мән беретін билік көрінбейді. Дегенмен ұлттық париотизм ұлтсыздықты шым-шымдап ығыстырып келеді, оны қазақ тілінде оқитын қазақ жастарының санынан көруге болады. Ал сан бірте-бірте сапаға ауысады. Үмітсіз болмайық, намысты қамшылайық!
Берілген сауадарыңызға байланысты әртүрлі мәселе төңірегінде әңгіме болды. Оқырманға, имам Әбу Ханифа айтқандай, ақиқат ой болса – Алладан, қателік ой-пікір – менен дегім келеді. Рахмет!
– Сүбелі ойларыңызды ірікпей жайып салғаныңыз үшін сізге де рахмет!