Қазақстандағы урбанизация туралы айтылып та, жазылып та келеді. Десе де, халықтың жаппай қалаға ағылу үрдісі әлі реттелген жоқ. Урбанизацияның жүруі – заңдылық. Өркениетке қадам басқан құрлықтағы дамыған барлық мемлекет урбанизацияны бастан кешірді. 1900 жылы бүкіл әлемде қала халқының үлес саны – 13 пайыз, 1950 жылы – 29, 1950 жылы – 29, 1970 жылы 36 пайыз болса, ғасырдың соңында 50 пайыздан асты. Болжам бойынша, 2025 жылдары 61 пайыз болатын көрінеді. Сондықтан урбанизацияны реттеу дегенді қалаға көшуге тыйым салу деп түсінбеуіміз керек. Урбанизация кезінде әртүрлі келеңсіз оқиғалар болуы мүмкін. Жерге, баспанаға мұқтаждық әртүрлі жағдайларға әкеледі. Сондықтан заң шығарушы және атқарушы органдар осы мәселенің шешілуін қадағалау керек.
Қарқынды урбанизация енді басталады
«Урбанизация бүгін ғана басталған жоқ, байбалам салатын дәнеңе жоқ» деп ойлайтындар да табылар. Бірақ Қазақстандағы шынайы әрі қарқынды урбанизация – алдағы уақыттың еншісінде. Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламаның аясында салынатын өндіріс ошақтары халықтың жаппай қалаға көшуіне үлкен қозғаушы күш болуы мүмкін. Соңғы 15 жылда Қазақстанда урбанизация жүріп жатыр. Соңғы санақ нәтижесі көрсеткендей, қала халқының саны жыл санап артып келеді. Өркениет көшінен қалмас үшін, қала халқының өскені жақсы. Әйтсе де, бұл құбылыстың жағымсыз тұстары да бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Қазақстанда «жалған урбанизация» мәселесінің бар екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ең негізгісі, шаһардан нәпақа іздеп жөңкілетін ауылдықтар жұмыссыздар санын көбейтеді. Дағдарысқа дейін құрылыс қарқынды жүргізілген кезде көшіп келгендер жұмыссыздық деңгейіне айтарлықтай әсер етпеген болатын. Ал қаржы дағдарысынан кейін құрылыстың бәсеңдеуі жұмыссыздық мәселесін шығарды.
«Жалған урбанизацияға» жол бермеу керек
Тұрақты жұмысы мен тұрғылықты жері шешілмей жатып қалаға көшіп келу «жалған урбанизация» жасап қана қоймай, әртүрлі әлеуметтік қақтығыстарға да алып келуі мүмкін. «Жалған урбанизация» ең алғаш рет Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде жүрген. «Жалған урбанизацияның» салдарынан бұл елдерді жаппай жұмыссыздық жайлап, әлеуметтік ахуал қиындай түскен. Бізде Алматы, Астана сияқты маңызды қалаларға көшіп келіп, қоныстанып жатқандарда қисап жоқ. Тұрақты жұмыстың жоқтығы да урбанизацияға кедергі болмай отыр.
Урбанизация мен субурбанизация қатар жүрген қауіпті ме?
Әдетте, урбанизациядан кейінгі саты субурбанизация болады. Яғни урбанизация кезінде халық ауылдан қалаға жөңкілсе, субурбанизацияда керісінше, ауқаттылар, тұрмысы орташа азаматтар қаланың сыртына қарай жаппай қоныстанады. Дәл қазір Алматыда урбанизациямен қатар субурбанизация үрдісі де жүріп жатыр. Ал Алматының сыртқы жағында, барлығы жақсы білетіндей, ауылдан қалаға ағылған адамдар тұрақтай бастаған. Жоғарыда келтірген Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі әлеуметтік қайшылықтардың біздің елде де шет-жағасы бар.
Урбанизацияның жеткілікті реттелмеуі. «Шаңырақ», «Бақай» елді мекендеріндегі жағдай, жуырда «Думан» ықшам ауданындағы түсініспеушіліктерге ұласты. Бір сөзбен айтқанда, біздің елде урбанизация мен субурбанизацияның салдары қарама-қайшы келіп жатыр. Сонымен қатар субурбанизацияның нақты бір белгісі – халықтың жаппай автобильденуі. Көліктің күрт көбеюінің де өзіндік қиындықтары бар екенін мегаполис тұрғындары күнделікті көріп жүр.
Бір пікір
Сайын Борбасов, саясаттанушы:
– Урбанизация әлемдік процесс қой. Біздің елде тек Астана қаласында ғана урбанизация – мемлекеттің назарында. Яғни, қаланың инфрақұрылымы есептеліп жасалып отыр. Қала тұрғындарының саны қанша өссе де, Астанада қандай да бір қайшылықтың орын алуы екіталай. Ал енді Алматы, Шымкент сияқты шаһарларға халық стихиялы түрде қоныстанып жатыр. Оларды мемлекет тарапынан бақылау жағы жетіспейді. Мемлекеттік жоспар болмағаннан кейін, ол «жалған урбанизацияға» апарып соғады. Содан кейін шығар, әртүрлі әлеуметтік қайшылықтар қайталанып отырады. Қазақстан урбанизацияны реттеуге, жоспарлы түрде жұмыс жасауға қауқарлы. Менің ойымша, бұл істі көп кешіктірмей қолға алу керек. Бір жағынан, «Дипломмен – ауылға!», «сыбаға» сияқты елді мекендерді дамытуға арналған түрлі бағдарламалармен жұмысты қарқынды түрде жүргізу қажет. Бұл өз кезегінде халықтың қалаға беталды көшуін тежейді.
Керек дерек
Жапонияда қала халқының үлес саны – 79 %, Ливанда – 78%, Сауд Арабиясында 70 % болса, Латын Америкасында 75 %-дан асады. Сонымен қатар әлемде ірі қалалар саны күрт артуда. 1900 жылы халқы 1 миллионнан астам қалалар саны оншақты ғана болса, 1980 жылдары – 209, қазір 300-ден асқан көрінеді.